«Би-Арт» бишілері топ жарды
Шу өлкесі ықылымнан өнер мен мәдениеттің ордасы екені анық. Оны бұрынғылардың жолын жалғап жүрген бүгінгі буынның бұлқынысынан байқаймыз. Біздің басылым жерлестеріміздің әрбір жетістігі мен жеңісін жазудан жалыққан емес. «Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» деген бабалар нақылына сүйеніп, тағы бір ақжолтай ақпар беруді жөн санап отырмыз.
Ауданымызда талантты жұп Мақсат Мақсұт пен Мадина Серперді танымайтын жандар кемде-кем. Мәдениет саласында тер төгіп жүрген жастар бірер жыл бұрын өнерлі шәкірттер тәрбиелеу мақсатында «Би-Арт» мектебін ашқан болатын. Осы уақыт ішінде бірталай белесті бағындырған бұл мектеп жуырда ғана көршілес Қырғыз елінен жүлдемен оралды.
Айыр қалпақты ағайын мекен еткен Ыстықкөл аймағында өткен халықаралық жарыста Қазақстан, Қырғыз және Өзбекстан Республикаларының би топтары бақ сынаған. Аталған байқауда Мадинаның бір топ шәкірттері Гран-при иеленіп қайтты.
-Бұл халықаралық жарыс бізге жаңа дем, тың шабыт бергені сөзсіз. Сонымен қатар тәжірибеміз толысып, шәкірттеріміздің шыңдалуына мүмкіндік туғызып отыр. Қазақ, қырғыз, өзбек елінен іріктелген бишілер қатысқан байқауда жүлде алғанымыз біз үшін зор мәртебе. Сондай-ақ бұдан әрі жұмыс істеуге жігер сыйлады. Осы орайда бізге қолдау көрсеткен жандарға өз алғысымды білдіргім келеді,-дейді би үйірмесінің жетекшісі М.Серпер.
Расымен, соңғы жылдары Шу өңірінде Шара Жиенқұлованың ізін басқан бишілер көптеп шығуда. Бірнеше би студиясы да балаларды осы өнерге баулып келеді. Тынымсыз еңбек пен төгілген тердің ақталуы заңдылық. Сондықтан жеңіспен оралған жерлестерімізді бағындырған белестерімен басылым атынан құттықтаймыз.
Б.Емберді