Ақпараттық портал

Мемлекеттік тіл – рухани байлық

Тіл – мемлекеттің тұғырлы тірегі, өткені мен болашағының айқын көрінісі. Тіл – ғасырлар бойы әр ұлттың ұрпақтан-ұрпаққа берілуі арқылы қанат жайған бағасы жоқ мәдени байлығы. Әр ұлт өз тілін қадірлейді және келешек ұрпаққа аманат ретінде жеткізіп отырады.
Біздің мемлекеттік тіліміз – қазақ тілі. Қазақ тілі – халқымыздың рухани байлығы, атадан-балаға, ұрпақтан-ұрпақка мирас болып қалып отырған, баға жетпес асыл мұра.
Мемлекеттік тілдің көкжиегін кеңейтуді әркім өзінің отбасынан бастағаны жөн. Белгілі ғалым Махмуд Қашқари «Тәрбие басы – тіл» деп бекер айтпаған. Яғни, әр шаңырақта дүниеге келген бала былдырлап сөйлей бастағанынан бастап оның ойлау жүйесі, дүниетанымы мен айналаға деген көзқарасы калыптасады. Осы уақытта оның санасына болашағына қажет, рухани азық болатын ең басты ұлттык құндылықтарды ана тілінде сіңіру аса маңызды.
Бүгінгі қоғамда заң, құқық қорғау органдарында мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру өзекті тақырып. Сондықтан бұл бағыта кешенді жұмыс атқарылып жатыр. Сот жүйесінің қызметкерлері қазақ тілін еркін меңгеріп қана қоймай, заң талаптары мен жаңа нұсқаулықтармен танысып, сот істерін мемлекеттік тілде қарап, іс-қағаздарын мемлекеттік тілде сауатты жүргізуді дұрыс жолға қойған.
Аудандық сотта мемлекеттік тілді дамыту мақсатында мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту жөніндегі 2023 жылға арналған іс-шаралар жоспары түзіліп, мақсат жоспар бойынша іске асырылуда.
Сотта іс қағаздарын жүргізу, ішкі және шығыс құжаттары, жоғары сатыдағы соттармен және басқа да мемлекеттік мекемелермен хат алмасу тек мемлекеттік тілде жүргізіледі, бақылау тапсырмалар мен тапсырмаларға жауаптар қатаң түрде мемлекеттік тілде рәсімделіп, жолданады. Өткізілетін жиындар, семинар мен дөңгелек үстелдер және өзге де іс шаралар, қатаң түрде мемлекеттік тілде өткізіледі және олардың хаттамалары тек мемлекеттік тілде дайындалады. Ұжымдағы барлық сот қызметкерлері мемлекеттік тілді жетік меңгерген.
Ана тіліміздің болашақтың тірегі екенін жадымыздан шығармай, мемлекеттік тілімізді насихаттау мен сақтап қалуға әрбір ел азаматының атсалысқаны – бәріміз үшін үлкен парыз. Ендеше, жүрегі қазақ деп соққан әрбір азамат осы жолда өз ар-ұжданы алдында адал, еліміздің игілігін көздеген мақсатқа берік болуы қажет. Сонда ғана қазақ тілінің көсегесі көгеретіні анық.
Ермек Оразқұлов,
Шу аудандық сотының
судьясы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.