Құрылысқа қарқын керек
Осы аптаның ортасында ауданымызға Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Н.Календеров арнайы сапармен келген болатын. Шу ауданына ат басын бұрған Нұржан Сәбитұлы құрылыс жұмысы кешеуілдеп жатқан әл-Фараби атындағы орта мектептің жағдайымен танысты.
Белгіленген мерзімнен едәуір кешігіп жатқан құрылыс басында қазір 30-ға жуық адам жұмыс істеуде. Ғимараттың қасбеті әрленіп, ішкі жарықтандыру жұмыстары аяқталған. Сондай-ақ ішкі әрлеу жұмыстары жасалып жатыр. Десе де бұл мектепте алғашқы қоңырау дәл уақытында соғылмайтын сыңайлы.
Ғимарат ішін аралап көрген Нұржан Сәбитұлы жұмысты ширату қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ жұмыс күшінің аз екенін алға тартты.
-Көпшіліктің кейісін тудырып отырған білім ошағының құрылысы жаңа оқу жылына дейін пайдалануға берілуі тиіс. Мұны мердігерлер ескеруі керек. Бұл мәселе Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтың басты назарында. Сондықтан қарқынды күшейтіп, қыркүйекте балалар жаңа мектепке кірулері керек,-деді Н.Календеров.
Өз кезегінде құрылыс алаңында жүрген мердігер компания өкілдері наурыз айынан бері ілгерілеу бар екенін айтып, жұмыс қаржыландыруға қарай жүріп жатқанын айтуда. Олар сондай-ақ қажет болса үш ауысымда жұмыс істеп, білім күніне дейін мектепті пайдалануға беруге болады деп сендірді.
Басы қуаныш, аяғы мұң болған бұл мектептің құрылысы сиырқұйымшақтанып кеткеніне де біраз болды. Соның салдарынан бұл мектептің оқушылары өзге білім ошақтарында бөлініп оқуға мәжбүр. Сондықтан сол әурешілік биыл да жалғаса ма деген күмәнді сұрақ көптеген ата-аналардың көкейін кернеп тұр. Лайым іс оңынан болсын дейміз.
Б.Емберді