Шу қаласының әкімі Елдос Нұралиев:«Биыл көпқабатты тұрғын үйлерге газ құбыры жүргізіледі»
Шу қаласы 45 мыңнан аса тұрғыны бар, бейресми түрде «Теміржолшылар» қаласы атанған шаһар. Соған сай шешімін табуға тиіс шаруасы шаш етектен келетін қала. Оны тұрғындар БАҚ бетінде, әлеуметтік желіде жиі көтеріп жататындығынан аңғарамыз. Түйткілдердің түйінін тарқатуға ең әуелі уақыт, ауқымды қаражат, мықты менеджер керек екені анық.
Осыдан 100 күн бұрын тәжірибелі маман, мемлекеттік басқарудың қыр-сырын меңгерген Елдос Нұралиев қала тізгінін ұстаған болатын. Әрине, Мәскеу де бір күнде бой көтеріп, Рұм да жер бетінде тұра қалған жоқ. Десе де, жүз күндегі жұмысты саралап, алдағы жоспарын анықтамақ үшін біз Шу қаласының әкімі Е.Нұралиевпен аз-кем сұхбат құрған едік.
-Елдос Бекболатұлы, қас-қағым сәттей өте шыққан жүз күнде қаланың тыныс-тіршілігімен қаншалықты танысып үлгердіңіз?
-Ел басқару, әрине оңай шаруа емес. Қала әкімі болып тағайындалғаныма тоқсан күннен асты. Дегенмен бұл қала маған бөтен емес. Осы өңірде туып-өсіп, түледім. Балалық шағымның қызыққа толы күндері де осында өткен. Шаһардың тыныс-тіршілігі де бұрыннан таныс. Үш айдың ішінде қаланы түгелдей дерлік аралап шықтым. Жергілікті тұрғындармен кездесіп, олардың мұң-мұқтаждарын тыңдап, проблемалық мәселелерін көзбен көрдім. Ендігі мақсатым – осы мәселелердің шешілу жолдарын қарастырып, ел игілігі үшін жұмысқа кірісу. Атқарылар істерімнің ауқымы артып, жоспарларым жүйеленді деп ойлаймын.
Мәселен, қаладағы кәріз және шайынды сулар жүйесі ең өзекті мәселелердің көшін бастап тұр. Бүгінде кәріз су жүйесінің 86 пайызы тозған. Аталған жүйені қайта жаңғырту үшін жобалық-сметалық құжатын әзірлеуге аудандық бюджеттен 45 млн. теңге бөлінген. Оң қорытынды алған жағдайда ол 2024 жылы республикалық бюджетті нақтылауға ұсынылады. Қазынадан қаржы берілсе қазіргі шайынды су қалдықтары жиналатын орын 12 шақырым қашықтыққа көшіріліп, арнайы сүзгілермен жабдықталатын болады. Бұдан бөлек, осы жылы аудан әкімдігінің ТКШ, ЖК және АЖ бөлімімен кәріз жүйесінің қауіпті аймақтарына қоршау жұмыстары жүргізілетін болады.
Тұрғындар талмастан көтеретін мәселенің тағы бірі – электр жарығының жиі өшуі. Себебі, қаладағы электр желілерінің 70 пайызының жағдайы мәз емес. Оның үстіне біздегі 3 қосалқы станция тұрғындарды электр қуатымен қамтуға қауқары жетпейді. Осы мәселені шешу үшін қазіргі таңда Жанқұлиев тұрғын алабынан 4-ші қосалқы станцияны іске қосу үшін аудандық бюджеттен техникалық қызмет көрсетуге 26 млн. теңге бөлініп, аталған нысанды облыстық «Жамбыл Жарық Сауда-2030» ЖШС теңгеріміне беру жұмыстары жүргізілуде. Станция іске қосылған кезде «Қосқұдық» мөлтек ауданындағы ауыз су тарататын мұнара да жұмыс істеуге мүмкіндік алып, шамамен 8 мың тұрғынды сумен қамтуға ықпал етер еді. Өйткені электр қуатының әлсіздігі де өз әсерін тигізіп отыр. Одан бөлек, осы жылға 142,0 млн. теңге бөлініп, алдағы уақытта Ақарыс, Бекарыс, Жанарыс, Ақкербез көшелеріне электр желілері тартылатын болады.
Қала ішіндегі жолдарды жөндеу туралы қайырылулар да түйткілдердің үштігін түйіндеп отыр. Жалпы алғанда Шу қаласындағы ұзындығы 204,2 шақырымды құрайтын 313 көше бар. Бүгінде оның 181-і асфальтталмаған. Осы мәселені шешу мақсатында биыл ұзындығы 19,7 шақырым болатын 21 көшеге күрделі жөндеу жүргізілмек. Ол үшін бюджеттен 484 млн. теңге бөлініп отыр. 21 көшенің 15 –іне асфальт, 3 көшеге қиыршық тас төселмек. Сондай-ақ тұрғындар ұдайы жаяу жүретін 3 көшеге тротуар түспек. Тарқатып айтқанда Сәтбаев көшесінен орталық базарға, Паравоз монументінен темір жол вокзалына, жаңа тұрғын үйлерге апаратын Ақарыс көшесіне жаяу жүргіншілер жолы салынбақ. Қазірдің өзінде мердігерлер анықталып, жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұйырса, жыл соңына дейін межелер орындалады деген ойымыз бар.
-Жұмыс болған соң жоспар болатыны белгілі. Алдағы уақытта атқарылатын істердің барысымен таныстырып өтсеңіз.
-Шу қаласында 119 көппәтерлі тұрғын үй бар болса, мемлекеттік бағдарлама арқылы соның 34-і жөндеуден өткен. Ағымдағы жылы 167,0 млн. теңге бөлініп, Абылайхан №14, Абылайхан №7/3, Сәтбаев №203, Абылайхан №9, Абылайхан №14, Сейфуллин №1, Сейфуллин №1/А, Сейфуллин №2, Сейфуллин №3 үйлеріне жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.
Соңғы жылдары нөсер жауыннан соң шағын көлшіктер жерлестеріміздің жүрісіне кедергі келтіріп жүргені белгілі. Сондықтан біз қаланың 5 нүктесіне, атап айтқанда орталық базар жанындағы Сәтбаев–Түйебеков көшелерінің қиылысына 2, Әбдікерімов көшесі бойына 1, вокзал маңында 2 орынға арық жүргізетін боламыз. Сонымен қатар, жаңбыр суын жинайтын кәріз орнату үшін 22,9 млн. теңге қарастырылып, жыл соңына дейін шешімін табатын болады.
Қаланың кішкентай тұрғындарын ойын алаңшаларымен қамту қаперімізден шыққан емес. Биыл қаладағы 4 орынға балалар ойын алаңшалары мен стрит воркауттар орнатылады. Қазіргі таңда орындар таңдалып, жұмысты жүргізетін мердігерлер анықталды. Тіпті, жұмыстар басталып та кетті.
-Бұдан өзге халық игілігі үшін қандай жұмыстар жасалынбақ?
-Өзімнің сайлауалды бағдарламамда қордаланған мәселені шешуге уәде берген болатынмын. Ол үшін қомақты қаржы, біршама уақыт керек. Тұрғындардың талабы да орынды. Бірақ, балапанды күзде санайды дегендей істің ақырын күткен абзал. Сондықтан жұмысты біз ең алдымен өзекті деген мәселелерді шешуден бастап отырмыз.
Мәселен, Шу қаласында 48 көшеге жарықшам орнатылған. Мамыр-маусым айларында тиісті жұмыстар жүргізіп, толықтай қала әкімі аппаратының теңгеріміне қабылдадық. Зерделеу жұмыстары кезінде жарықшамдардың басым бөлігінің істен шыққандығы белгілі болды. Аталған жарықшамдарды күтіп ұстау үшін мердігер анықталу үстінде. Сондықтан бұл мәселе де шешімін тауып, қала көшелері жарқырайтын күн жақын.
Ойға алған міндеттің бірі – көппәтерлі үйлерге газ тарту болып отыр. Жоғарыда айтқан 119 көппәтерлі тұрғын үйлердің 65– і тамақ әзірлеуге пропан балондарын пайдалануда, қалған үйлерге табиғи газ тартылып, жеке пәтерлер де көгілдір отынға қосылған. Биыл 5 қабатты-18 үй, 4 қабатты-11үй, 2 қабатты-8 үйдің іргесіне газ құбыры жетеді. Ал, келесі жылы ішкі жүйеге жалғанады деп жоспарлануда.
Одан бөлек, бюджетті нақтылау барысында коммуналдық меншіктегі Жетісу мөлтек ауданындағы 75 пәтерлі 5 қабатты үйді және С.Сейфуллин көшесіндегі жатақхананы табиғи газға қосу жұмыстарына 65,2 млн. қарастырылған. Сәтін салса, бұл игілікке биыл куә боламыз. Талпыныстардың нәтижесінде 119 көппәтерлі үйдің 91-і табиғи газға қосылады.
Жұртшылықты мазалайтын сауалдың ішінде саябақтарды ретке келтіру бар екенін айта кеткен жөн. Осыған орай, келер жылы Жеңіс саябағының сәулеті мен келбеті өзгереді деген сенім бар. Себебі 2024 жылы саябаққа субұрқақтар іске қосылып, жасыл желек, жарық шамдары, орындықтар, ойын және спорт алаңшалары заманауи үлгіде орналастырылып, саябақтың жалпы келбеті жаңартылмақ. Сол арқылы қаланың сәулеті сәнденіп, ажары айшықтала түсетін болады.
Қорыта айтқанда, ел пікірін ескеріп, сала мамандарымен ақылдасып, қала тіршілігін жайлы ету күн тәртібіндегі мәселе. Осы мұрат жолында бар ынтамызбен жұмыс атқаруға бекініп отырмыз. Кеңесіп пішкен тоң келте болмайды. Сол секілді бірлік бар жерде тірлік болады. Сондықтан Шу қаласының тұрғындарын тазалық сақтауға, сүйікті қаламыздың жанашыры болуға шақырамын. Бірлессек, біз бағындырмайтын белес болмайтынын ұмытпайық!
-Салмақты сұхбат үшін алғыс білдіремін.
Сұхбаттасқан Байжан ЕМБЕРДІ.