ел ертеңі – жалынды жастар
Жыл сайын 12 тамыз күні – Халықаралық жастар күні аталып өтеді. Аталмыш мерекені тойлаудан еліміздің жастары да шет қалған емес. 1999 жылы жастар министрлерінің дүниежүзілік конференциясы БҰҰ Бас Ассамблеясында бұл күнді Халықаралық жастар күні ретінде белгілеу туралы ұсыныс білдірген болатын. Соның нәтижесінде 2000 жылдан бері әлемнің кейбір жастары төл мерекесін тойлап келеді. Халықаралық жастар күні Қытай, Түркия, Тунис, Камерун секілді мемлекеттерде айрықша өтетінін атап өткен жөн. Себебі, көптеген елдер бұл күнге ерекше мән береді.
Жастар – әрбір халықтың келер күннен күткен үміті. Сенім артар қара нары. Өне бойына қуат тарататын күре тамыры. Сондықтан болар халқымыз «Ақыл жасқа бітеді, қына тасқа бітеді» деп тегін топшыламаған. Әрі Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өзінің бір сөзінде «Жастарымыз әрдайым ұлттық құндылықтарды көздің қарашығындай сақтап, дәріптей білуі қажет» деген болатын.
Осыдан 9 жыл бұрын мамандар әлемде 1,8 млрд жас бар деп болжаған. Ал 2023 жылы Қазақстанда жастар саны 5,7 млнға өскен. Бұған жастар санатына жататын жасты 35-ке дейін ұзарту өз септігін тигізген. Өзіміздің өңірде жас шулықтардың саны 30 мыңнан асып жығылған. Мұндай мәліметті аудандық «Жастар ресурстық орталығының» басшысы әрі аудандық мәслихат депутаты Ғани Қойбағаров мәлімдеп отыр. Ғани Бірлікұлы басқаратын мекеме әрбір мерекенің тиісті деңгейде өтуіне өз үлестерін қосып келеді. Сондай-ақ бұқаралық шараларға ашылғанына биыл екінші жылға қадам басқан қалалық «Жастар ресурстық орталығы» қарқынды жұмыс істеуде.
Оған жуырда ғана «Теміржолшылар» саябағында өткен мың бояулы мерекелік шара дәлел болмақ. Халықаралық жастар күнін тойлау мақсатында өткізілген думанға Шу ауданының әкімі Бақытжан Жәнібеков, аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов пен қала әкімі Елдос Нұралиев куә болды. Мазмұнды шараның шымылдығын Бақытжан Оразалыұлы өзінің құттықтауымен ашып берді.
-Сіздерді келе жатқан Халықаралық жастар күнімен құттықтауға рұқсат етіңіздер! Ел сенімін ақтаған еліміздің еңбексүйгіш жастарына тек жақсылық тілеймін! Бүгін біз өздеріңізбен бірге «Теміржолшылар» саябағында мың бояулы мерекелік шараның куәсі болудамыз. Осы кештің жоғары деңгейде өтіп, көтеріңкі көңіл-күймен аяқталуына тілектеспін!
Өздеріңіз жақсы білетіндей, жастар – елдің ертеңі, көптің сенімін арқалаған болашақ көшбасшылар! Сондықтан ата-бабаларымыз әрдайым жастарға тілекші болып, ақылын айтып отырған.
Қазіргі таңда ауданда 30 мыңнан аса жас бар. Олар келешек үшін білім алып, әр салада еңбек етіп, елеулі жетістіктерге жетіп, өңірдің өсіп-өркендеуіне аянбай үлес қосып келеді. Біз аудан жастарына қажетті жағдай жасауға, бастамаларын қолдауға барынша қолдау білдіруге дайынбыз,-деген аудан басшысы ертеңгі елдің иелеріне ақ тілегін арнады.
Осыдан кейін кезек марапаттау рәсіміне беріліп, жастар саясатын жүзеге асыруда жемісті еңбек етіп жүрген бірқатар жас аудан әкімінің Алғыс хатына ие болды. Содан соң жастарды сергіту мақсатында ойындар ұйымдастырылып, қызықты сауалдарға жауап ізделді. Сондай-ақ, 10 тамыз – Абай күні екендігі еске салынып, Хакімнің шығармашылығынан шумақ жаттағандарға сый-сияпат тапсырылды.
«Жазғы кубок» сарапқа
салынды
Мұнан соң Жайдарман ойындарының жазғы кубогі сарапқа салынған әзіл сайысы ұйымдастырылды. Шара тізгінін қолына алған белгілі жайдарманшы әрі ауданымыздың белсенді жасы Мақсат Шәймерден Байзақ, Қарасаз, Тараз, Меркі және жергілікті командаларды жұртшылықпен таныстырып өтті. Сәлемдесу сайысында көрерменге күлкі сыйлауға талпынған командалар кезекпен өнер көрсетіп, қазылар алқасының көңілінен шығуға тырысты. Көпшілігі бұрын-соңды көпшілік назарына ұсынылған әзілдерді қайталаса, кейбірі аудиторияға томпақ келетін қағытпаларын айтып жатты. Бақ сынауға келген 5 команда ішінен жерлестерімізден құралған «Қант зауыты» командасы 4 кубокпен бірінші орын тұғырынан көрінді. Сондай-ақ, меркілік өрендер екінші орынға тұрақтап, үздік үштікті Тараз қаласынан келген «Джокерс» командасы түйіндеді. Жеңімпаздарға ұйымдастырушылар тарапынан бағалы сыйлықтар беріліп, арнайы дипломдар табысталды.
Дәл осы күні саябақта бір топ жастар белтемірге тартылудан жарысып, өзара мықтыны анықтаған еді. «Тартыл Fest» деп аталатын шымырлар додасына қатысушылар жүзден жүйрік атану үшін тырысып бақты. Сайыс нәтижесінде, Шу қаласының жасы Бернар Еламанұлы бірінші орын, Бәйдібек ауылының балуаны Сәбит Мұқанов екінші орын, шоқпарлық Санжар Жұмабек үшінші орынды иемденді. Бойында бұла күші тасыған жеңімпаз жастар да өздеріне тиесілі сыйлықтар мен дипломдарға ие болғанын атап өткен жөн.
Әрбір мерекенің әнсіз өтпейтіні белгілі. Шудағы Халықаралық жастар күнін жарқын етуде Әділбол Мұратбек, «БМ» тобы мен Дәурен Алтынбек, Нұрхат Төлеу сынды жас таланттар үлкен үлес қосты. Олар өз әндерімен көрерменнің қошеметіне бөленіп, қонақтарды әуезді үнге билеткен болатын. Ашық аспан астындағы сазды бағдарлама көпшілік көңілінен шығып, әншілерге жұп болсын деп жатты.
Жиналғандарды жадыратып, рухани демалыс сыйлаған мерекелік шара соңы жастардың би кешіне ұласып, шулық жастар қиқуы аспанға көтерді десек, артық айтпаған боламыз.
Шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, Халықаралық жастар күнін атап өтудегі басты мақсат – аудан жастарына рухани демалыс сыйлап, осынау мерекенің мәнін насихаттау. Әрі жастар арасындағы байланысты бекітіп, оларды мемлекеттік бағдарламалардан құлағдар ету.
-Өздеріңіз жақсы білетіндей, жыл сайын 12 тамыз күні – Халықаралық жастар күні мерекеленеді. Біз бұл мерекені барынша атап өтіп, замандастарды серпілту мақсатында бір күнде бірнеше шара өткізіп отырмыз. Бұған аудандық және қалалық «Жастар ресурстық орталықтарының» қызметкерлері жұмылдырылып отыр.
Статистикалық мәлімет бойынша, ауданда жалпы тұрғындар саны 103751 болса, оның 30717-і немесе 29,6 пайызы 14 пен 35 жас аралығындағы жастарды құрайды. Оның ішінде, ауыл жастарының саны – 20660. Қала жастарының саны – 10057. Біздің тараптан ұйымдастырылған шараның барлығы жастардың игілігіне бағытталған. Бүгінгі шара көпшілік көңілінен шықты деген ойдамын. Барлық аудан жастарын төл мерекелерімен құттықтаймын,- дейді Ғ.Қойбағаров.
Қазіргі таңда жастар игілігіне арналған түрлі қолдау тетіктері көп. Оларды насихаттау, жол көрсету, кеңес беру ресурстық орталықтарға жүктелген міндет. Жыл басынан жарқын іс-шараларды өткізіп жүрген қос орталыққа аудан басшылығы тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар да қомақты. Бұған дейін жастар мекемесі аз айлықты қанағат тұтса, қыркүйек айынан бастап жергілікті бюджеттен жалақыларына 50 пайыз үстемеақы төлеу қарастырылды. Бұл қадам да өз кезегінде жастармен жұмыс істейтін мамандардың әлеуметтік жағдайын жақсартып, одан әрі жұмыс істеуге түрткі болары сөзсіз. Қазіргі уақытта тиісті қаулыға қол қойылып, мәслихат мақұлдауына беріліп отыр.
Қазақтың аяулы ақыны Мағжан Жұмабаев өзінің өлеңінде «Мен жастарға сенемін» деп жастарға айбат бергені белгілі. Бұл лебізді бүкіл қоғам жастарға қаратып айтып отыр. Ол үшін замандастарымыз жарға жығатын жалқаулық сынды жаман әдет пен орға итеретін алкоголь, есірткі, темекі сынды зиянды әуестіктерден аулақ болғаны абзал. Сонымен қатар, жастар біліммен қаруланып, Отан үшін аянбай қызмет ету керек. Сонда ғана бабалардан мирас болған байтақ дала иесіз қалмайды. Сонда ғана болашақта Қазақстан деген ел картадан сызылмайды. Осыны әркез ойда ұстасақ екен.
Меншікті мерекелеріңізбен, құрметті жастар!
Байжан ЕМБЕРДІ.