Құрылысшылар құрметке бөленді
Елімізде тамыз айының екінші жексенбісінде құрылысшылар күні тойланады. Бұл күні ғұмырын машақаты мол салаға арнап, сәулет және құрылыс ісінде аянбай еңбек етіп жүрген жандарға құрмет көрсету игі дәстүрге айналған.
Атаулы күнге байланысты аудан әкімі аппаратында аптаның соңында салтанатты жиын өтіп, құрыш білекті құрылысшылар қошеметке бөленген болатын.
Аталған жиынды жүргізген аудан әкімінің орынбасары Серік Сәрсенбеков жиналғандарға жылы лебізін жеткізіп, меншікті мерекелерімен құттықтады. Сонымен қатар, маңызды мамандық туралы тоқталып өтті.
– Құрылыс индустриясы- ел экономикасының негізгі арқауы. Қай елдің болмасын экономикалық қуаты мен әлеуметтік әлеуеті құрылыс саласының дамуына тікелей байланысты. Тәуелсіздік алған жылдардан бері құрылыс қарқын алып, көздің жауын алатын нысандар бой көтеріп келеді. Соған сәйкес өсіп-өнгеніміз бағаланатыны анық. Әрбір кірпіш, әрбір шегені орнымен ұқсатып, күннің ыстық-суығына қарамастан қалтқысыз еңбек ететін құрылысшылар қолымен жасалған дүниені барлығымыз байқап жүрміз.
Мемлекет басшысының қолдауымен соңғы жылдары құрылыс саласын өркендетуге мейлінше жағдайлар жасалып жатыр. Отандық құрылыс индустриясы қанатын кеңге жайып, құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорындар қатары артып келеді, – деген Серік Жұмалыұлы ақжарма тілегін де ақтарды.
Мұнан кейін марапаттау рәсімі өтіп, құрылыс саласының қарқынды дамуына үлес қосып, аудан экономикасының еңсесін көтеруде еселі еңбек етіп жүрген мереке иелеріне Шу ауданы әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты табыс етілді. Сондай-ақ бұл рәсімге аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов те қосылып, бірқатар құрылысшыларды Шу ауданының Құрмет грамотасымен марапаттады.