Салық қызметкерлері марапатталды
Осыдан тура 9 жыл бұрын 14 тамыз күні Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік кірістер комитеті құрылған болатын. Бұл бұрынғы салық комитеті деп аталатын органның қызмет аясын кеңейтіп, жұмыс барысын жаңғыртуы еді.
Салық қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай аптаның алғашқы күні аудан әкімі Бақытжан Жәнібековтың басшылық етуімен салтанатты жиын өтіп, сала мамандарына құрмет көрсетілген болатын. Бұл жиынға аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов пен Шу аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының ұжымы қатысты.
Мереке иелерін атаулы күнмен құттықтаған Бақытжан Оразалыұлы аталмыш орган қызметкерлерінің ел экономикасына қосып отырған үлестерін атап өтіп, өзінің жылы лебізін жеткізді.
-Сіздерді ең алдымен келіп жеткен мемлекеттік кірістер комитетінің құрылған күнімен шын жүректен құттықтаймын! Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын! Өздеріңіз жақсы білетіндей, 2014 жылы мемлекеттік кірістер комитеті өз жұмысын бастаған болатын. Сол жылдан бері бұл салада отандастарымыз тынымсыз еңбек етіп келеді. Қазіргі таңда бұл ұйым салықтық орган, кеден істері мен экономикалық зерттеу қызметі секілді 3 бағытта жұмыс істеп келеді. Әрі жыл сайын жаңғыру үдерісінде екенін атап өткен жөн. Сіздер осы салада тер төгіп, аудан экономикасының оң ахуалына өз үлестеріңізді қосып келесіздер. Сондықтан сіздерге алғыс білдіремін,-деді Б.Жәнібеков.
Құттықтау соңы марапаттау рәсіміне ұласып, бірқатар қызметкерлер аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатына ие болды. Жиын соңында Ж.Әбенов салықшыларды құттықтаса, жергілікті мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы А.Серікбаев еңбекті ескерген аудан басшылығына ұжым атынан ризашылығын жеткізді.
Б.Емберді