Ақпараттық портал

Тіл – ең асыл құндылық

Адамзат тарихында көптеген өркениетті елдердің өшіп кетуі алдымен тілді жоғалтудан басталғанын ғылым дәлелдеп отыр. Бүгінгі қазақ қоғамындағы мәңгүрттіктің басы да өз тілін тәрк етуден туды. Қазақстан – тәуелсіз ел. Қазақстанды дамыған өркениетті елу елдің қатарына енгізетін біздің болашағымыз – бүгінгі жастар. Олардың міндеті – елінің намысын қорғап, оны әлемге таныта білу. Әлемге таныту үшін әр жас өз елінің тілін жетік білуі керек.
Тілді үйрену, білу, зерттеу, құрметтеу, ана тіліндегі көркем әдебиетпен әуестену жастық шақтан қалыптасу керек. Жас ұрпақты тәрбиелеу, оларға ғылым мен білімді үйрету тіл арқылы жүзеге асады. Мемлекеттік тілді оқыта отырып, жастардың бойына елдік сана сіңіріліп, мемлекеттік рәміз, ұлттық діл, ұлттық болмыс туралы ақпараттар толық берілетіні анық. Өнер-білімді, мәдениеттілікті, қоғамның белсенді азаматы болуды ол тіл арқылы үйренеді. Тілдің тағдыры, қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі. Тілдің беделін көтеру, жоғын жоқтау, олқылығын толтыру өзіміздің қолымызда.
Қазақ тілі тек қазақ халқының тілі емес, мемлекеттік ортақ тіліміз. Қазақстанда тұратын, оны Отаным деп қабылдайтын, өзін Қазақстанның патриоты деп есептейтін азаматтардың тілі. Қазақстанда тұратын барлық ұлт өкілдері Қазақстанның халқын, соның ішінде қазақ халқының тұрмыс – әдебиетін, әдет – ғұрпын, мәдениетін, әдебиетін, тілін білуі міндетті. Тілсіз халықтың, елдің өмір сүруі мүмкін емес. Әлем таныған ел болу үшін тіліміздің жұлдызын биіктетуіміз керек. Қазақ тілінің таңғажайып кереметі жайында пікір айтушылар көптеп саналады. Олардың арасында өз ғалымдарымыз, ақын-жазушыларымызбен қатар өзге жұрт өкілдері де баршылық. Қорыта айтсақ, тіліміздің болашағы еліміздің әр азаматының, әр отбасының қолында. Егер біз тілімізді құрметтеп, оның дамуы, зерттелуі, қолданылуы мәселесіне тиісті деңгейде назар аударсақ, еліміз рухани жағынан да, мәдени жағынан да дұрыс бағытта дами береді.

Назгүл ЖАРЫЛҚАПОВА,
«Тілдерді оқыту орталығы» Шу аудандық бөлімше меңгерушісі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.