Ақпараттық портал

ҒАЛАМТОР ДҮКЕНДЕРІНІҢ ТИІМДІЛІГІ НЕДЕ?

Бүгінгі таңда интернет иірімдері арқасында игілікке қол жеткізіп жүргендер аз емес. Себебі, қалаған ақпаратты жылдам әрі қолайлы алудың бірден-бір жолы осы ғаламтор болып отыр. Ғаламтордың белсенді дамуы тек ақпарат саласында ғана емес, елдің сауда нарығына да өз ықпалын тигізуде. Соның бір мысалы ретінде ғаламтор дүкендері туралы айтуға болады.
Соңғы жылдары пайда болған ғаламтор дүкендерінің бүгінде көпшіліктің сұранысын қанағаттандырып отырған жайы бар. Неге десеңіз, қазір қазақстандықтардың басым көпшілігі керек заттарына тапсырысты осы жүйеде беретін болған. Бірі қалаған киімін, бірі тұрмысқа қажетті заттар алады. Бұл сала жаңадан құрылған кезде халықтың көбі сенімсіздікпен қараған болса, қазір еліміздегі ең өтімді тауарлар осы ғаламтор дүкендерінен табылуда. Бір қызығы тапсырыс берушілердің ішінде ең белсенділері ер адамдар екен. Ал, нәзік жандылар олардан 10 пайызға артта келеді.
Бұл дүкендердің қарапайым сауда нарығындағы дүкендерден айырмашылығы жер мен көктей. Біріншіден, орын жалдап, ол үшін ақша төлеп әуре болмайсыз, екіншіден, жергілікті дүкеннен таба алмаған затты да осы жерден жылдам рәсімдеуге болады. Бағасы да қарапайым дүкендерге қарағанда едәуір арзан. Ондағы тауарларды қолмен ұстап, көзбен көре алмасаң да виртуалды суреті мен тауардың бағасын бақылауға болады. Өнімді әр қырынан зерттеп, сатып алушылардың оған қатысты жазған пікірлерін зерделеп барып, өз таңдауыңызды жасайсыз. Ғаламтор дүкендерінің тағы бір тиімділігі АҚШ-та немесе Қытайда шығарылған тауарды сол елдің бағасы бойынша тапсырыс беру арқылы алуға болады. Ал, біздегі қарапайым дүкендер шет елден алып келген тауарлардың үстіне үстемеақыны еселеп қосып сататыны бесенеден белгілі. Сондықтан, пошталардың жөнелтілім қызметтері арқылы жұмыс жасайтын ғаламтор дүкендерінің пайдасы зор.
Енді осы дүкендердің тауарларды жеткізу жағына тоқталсақ. Елімізде курьерлік жеткізу түрі көп қолданылады. Яғни, ғаламтор дүкендерінің тауарын тұтынушылардың 60 пайызы сатып алған затын үйіне жеткізіп беруді қаласа, қалған 40 пайызы тауарды өздері барып көреді екен. Соңғы нұсқаны тұрғындар тапсырыстың сапасына сенімді болу үшін қолданса керек. Ал, поштамен жеткізу түрі ғаламтор дүкендерінің басқа қалада болған жағдайында қолданылады. Аталмыш сауда дүкендері қазіргі кезде жоғары қарқынмен даму үстінде. Тіпті, олар қарапайым сауда дүкендеріне қарағанда сапалы жұмыс жасайды. Мысалы, мұндай ғаламтор дүкендерінің кеңселерінде ондаған немесе одан да көп адам қызмет атқарады. Олардың дені маркетологтар мен логистика саласының мамандары. Мұндай дүкендердің жеке қоймалары мен тауарды жеткізіп беретін арнайы көліктері бар. Сол себепті, қаладағы қарапайым дүкендерден бірнеше есе жылдам әрі қолайлы қызмет көрсетеді.
Сауда нарығында ғаламтор дүкендері алдыңғы орынға шығып, қарапайым сауда дүкендерін шаң қақтыратын түрі бар. Сондықтан да, соңғы кездері ірі сауда орталықтары өздерінің ғаламтор желісіндегі дүкендерін аша бастады. Олар өз дүкендерінің қолжетімді болуы үшін, ғаламтордағы әлеуметтік желілер мен сайттар арқылы тапсырыс берудің жолын қарастырып қойған. Мәселен, ғаламторды пайдаланып отырған кез келген адам ұнаған затына тапсырыс беріп, терминал немесе өзінің жеке шоты арқылы төлем жасайды.
Бүгінде Қазақстан бойынша ғаламтор желісінде ең ірі сауда-саттық орны ол – satu.kz порталы. Бұл желіде 160 000 компанияның 4 миллионнан аса тауарлары мен қызметтері ұсынылған. Аталмыш желіде кез келген адам өзінің компаниясын немесе ғаламтор дүкенін тегін орналастырып, сатып алушылардың сұраныстарын қанағаттандыра алады. Тіпті, дәл осындай қызметтерді банк қосымшалары арқылы да жүзеге асыруға болады. Дәлірек айтсақ, қазіргі кезде «Kaspi bank» қосымшасына тіркеліп, өз дүкеніңізді тіркеп, сол арқылы кез келген затты саудалауға жол ашық. Одан бөлек, бүгінде Қытай мемлекетінен тікелей тапсырыс беруге арналған бірнеше сайттар да жұмыс істеп тұр. Дәл осы электронды сайттарды меңгеріп алған жерлестеріміз өзіне керекті тауарға тапсырыс беріп, оны өз елімізде саудалауға көшкен. Бұл да ғаламтор арқылы табыс табудың бір көзіне айналып отыр.
Міне, осындай электронды сауда алаңдары өздерінің қызметтерін ұсынып, халықтың сұранысын жылдам әрі тиімді етіп орындауда. Осыған орай, қаладағы қарапайым сауда дүкендері де ғаламтор желілерінен өздерінің электронды тапсырыс беру орталықтарын ашуға қамданған. Сонымен бірге, бүгінде қоғамдық күшке ие болып отырған әлеуметтік желілер де бар. Оның ішінде «фейсбук», «инстаграм» және «в контакте» желілері ақпарат таратумен қатар, сауда-саттық алаңына айналған. Компаниялардың өз тауарларын жарнамалау мақсатында әлеуметтік желіде парақшалары бар. Тіпті, Үкімет мүшелері, көптеген лауазымды тұлғалар интернетте өз парақшаларын, блогтарын ашып, сол арқылы өздерінің қызметіне байланысты ақпарат беріп жүр. Зейін қойып қарар болсаңыз, қай әлеуметтік желіге кірсеңіз де алдыңыздан жылтыр жарнама шыға келеді. Солардың басым бөлігі біз сөз қылып отырған ғаламтор дүкендері.
Өнімдерін ғаламтор сауда «базарына» салғысы келетін кез келген кәсіпкер ақысыз жеке кабинет ашып, жарнамаларын жасайды, тұтынушылармен сайт арқылы тікелей байланысқа шығып, саудасын жүргізеді. Үйден шығып әуреленбей-ақ, ғаламторды ашып, керекті тетікті басып, қажет затыңызды алаңсыз алып отыра беретін осындай ғаламтор дүкендері халықтың игілігі арқылы табыс тауып отыр. Қазіргі заман талабы да осы емес пе?!

Е.Қартайған

Leave A Reply

Your email address will not be published.