Ядролық қарусыз әлем үшін
29 тамыз елімізде Семей полигонының жабылған күні ретінде белгілі. Бұл күннің тарихы жөнінде қысқаша айтар болсақ, 1946 жылы ғалым Юлий Харитон алғашқы кеңестік атом бомбасын құрастыру мақсатында тактикалық-техникалық тапсырма әзірледі. Осы жылы үкімет шешімімен атом қаруын өңдеу және құрастыру жөніндегі алғашқы орталық ашылды.
Ал, Кеңес ядролық полигоны КСРО Министрлер кеңесінің шешімімен 1947 жылдың 21 тамызында Семей қаласының батысына қарай 170 шақырым қашықтықта құрылды.1948 жылдың жазында алғашқы өндірістік атомдық реактор құрылысы аяқталды. 1949 жылдың 29 тамызында Семей полигонында ядролық қарудың ең алғашқы сынағы өткізілді. 1953 жылдың 12 тамызында термоядролық қару, 1955 жылдың 22 қарашасында А.Сахаров құрастырған алғашқы сутегі бомбасы жарылды. 1962 жылға дейін сынақтар жер бетінде өткізілсе, 1963 жылдан бастап, жер астына көшірілді. Полигон аумағындағы соңғы жарылыс 1989 жылдың 19 қазанында өткізілді. 1991 жылдың 29 тамызында еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен Семей полигоны жабылды.
1995 жылы соңғы ядролық құрылғы жойылды. 1996 жылдың сәуір айында Қазақстанның Ұлттық ядролық орталығы және АҚШ Қорғаныс министрлігі жанындағы Ядролық қауіпсіздік жөніндегі агенттік сынақтар өткізілген туннелдер мен ұңғымаларды жою туралы келісімге қол қойды.
Жоба 2000 жылдың 29 шілдесінде Семей ядролық полигонының соңғы ұңғымасы жойылған кезде аяқталды. Аталмыш оқиғаның ел тағдырына, халыққа тигізген зардабы да зор болғаны ақиқат. Оны жұртшылық өкілдері тарихтан оқып-білуде.
Осы кезеңдерде әскери борышын өтеген еліміздің көптеген азаматтары Семей өңірінде де болып, әскери мерзімде ядролық сынаққа қатысты. Олардың арасында өзіміздің шулық жерлестеріміз де бар.
Әскери азаматтық борышын сынақ өткізілген аймақта өткерген жерлестеріміздің бірі – Төле би ауылының тұрғыны Аман Бегімов (суретте). 1950 жылы ауданымыздың Абай ауылында туған бұл азамат орта мектепті тәмамдаған соң, көршілес Т.Рысқұлов ауданындағы Мал дәрігерлік техникумына оқуға тапсырады. Аталмыш оқу орнын 1972 жылы ақпан айында аяқтап, наурыз айында Новотройцкі қызылша совхозына мал дәрігері болып жұмысқа орналасады. Көп ұзамай осы жылдың қараша айында әскер қатарына алынады. Алғашында Семей облысының Курчатов қаласындағы әскери бөлімде дайындықтан өтіп, кейін ядролық сынақ өткізілген алаңға ауысып, мұнда қалпына келтіру жұмыстарын жүзеге асырады.
-Бізді әскери көлікпен әр түрлі орындарға жеткізіп отырды. Сол жерлердегі казармаларда жатып, түрлі жұмыстарды атқардық. Көп жағдайда үй салу, ұңғымалардың орнын жою, ракета отырғызатын арнайы орынның жан-жағын қалпына келтіру сынды құрылыс жұмыстарына атсалыстық. Мұнда тұрғындар болған жоқ, тек әскери адамдар жүретін. Бұл кезде де бізден 20-30 километр қашықтықтарда 300-400 метр тереңдікте жер асты сынақтары өтіп жатты. Сынақ алдында бізді сапқа тұрғызып, жел тұрған жақтан ығыстыратын. Өйткені, жарылыстың зардабы денсаулыққа әсер етпеуі керек. 1974 жылдың қараша айында әскери мерзім аяқталып, ауылға келдік. Алайда, бізге сол уақыттарда ядролық сынақ жүргізудің нақты мақсатын ешкім түсіндірмеді. Біз тек берілген бұйрықты орындадық. Дегенмен, сынақ алаңы болғандықтан, ол денсаулыққа әсер етпей қоймады. Кейбір азаматтар жүрек ауруына шалдықса, енді бірі қан қысымымен қиналатын болды. Қазіргі таңда мен де үшінші топ мүгедегі болып саналамын. Осыған байланысты зейнетақы алып жүрдім. Ал, зейнет жасына жеткен кезде бұл тоқтатылды,-дейді Аман Бегімов.
Әскерден оралған соң кейіпкеріміз қайтадан өз мамандығы бойынша қызметін жалғастырады. 1976 жылы жұбайы Жүзімкүлмен отбасын құрып, екі ұл, бір қызды дүниеге әкеледі. Бүгінде он немеренің атасы. Үлкен ұлы әскери училищені тәмамдаса, қызы әке жолын жалғап, ветеринария саласы бойынша білім алып, қазіргі уақытта аудандық ветеринария бөлімінде қызмет етіп келеді.
-Қазір зейнеткерлікке шыққаныма да он жыл болып қалды. Уақыт ағымында ядролық жарылыстың халық денсаулығына келтірген зиянын бұқаралық ақпарат құралдарынан естіп, біліп жаттық. Мұндай жағдай ел тарихында енді қайталанбасын деп тілеймін,-деп әңгімесін түйіндеді кейіпкеріміз.
Салдары ауыр оқиғаға қатысқан өзге азаматтар да өз ойларымен бөлісіп, көзбен көрген істерін бізге тілмен жеткізіп жатты. Солардың бірі – «Ядролық сынақ ардагерлері мен мүгедектері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бектен Қарғабаев. Ол өз сөзінде:
-Мен 1972-1973 жылдары Семей өңірінің Молдары аймағында «Тәжірибе даласы» деп аталған сынақ нүктесінде әскери қызмет атқарып, мұнда 1972 жылдың қазан айында жүргізіліп жатқан сынақты өз көзіммен көрдім. Сол жарылыстардың салдарынан туындаған ауруларға байланысты менің көптеген құрдастарым 50 жасқа толмай өмірден озды. Соңғы жылдары өзім бауырға, екі рет жүрекке операция жасаттым. Құдайға шүкір, білікті дәрігерлердің арқасында отбасыма орала алдым. Мен сол оқиғаның тірі куәгерлерінің бірімін. Ядролық жарылыстардың барлық салдарын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Олар жергілікті тұрғындарға, әскери қызметшілерге көптеген аурулар әкелді. Бір сөзбен айтқанда, ядролық сынақ біздің туған жерімізді нағыз апатқа ұшыратты. Бүгін осының бәрін есіне алған адам қорқыныш сезімін бастан кешеді. 1973 жылы тамызда жарылыс нәтижесінде құстар мен дала бүркіттерінің бір сәтте қанаттары көмірдей қара түске боялып, көздері ағарып, бір орында қатып қалғанын көрдік. 1991 жылы 29 тамызда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев өз Жарлығымен 40 жыл бойы халқымызды радиоактивті күлмен улаған полигонды жапты. 29 тамызда Семей ядролық сынақ алаңының жабылған күнін жаппай қырып-жою қаруынан бас тарту күні ретінде жариялау туралы ұсынысын Біріккен Ұлттар Ұйымы қолдады. Болашақ ұрпақ біздің еліміздің бүкіл әлемге жақсылық сыйлағанын жадында ұстаулары қажет. Жаппай радиоактивті тозаңның салдарынан бірнеше адам қайтыс болды. Алайда, өкінішке орай мұны мемлекет басшылары түсіне бермейді. Енді, осы жерлердің барлығы қызмет еткен адамдарға қайтарылуы қажет. Бұл орайда көптеген істер жоспарланды және оны бүкіл әлем бағалайды. Тәуелсіз Қазақстан бұрынғы Кеңес одағы құрамындағы елдер арасында алғаш болып ядролық қарудан бас тартты. 29-тамыз тек біздің еліміз үшін ғана емес, жалпы әлемдік қауымдастық үшін жаппай қырып-жою қаруынан бас тартқан күн ретінде есте қалады. Сондай-ақ, ол еліміз үшін мақтаныш,-дейді.
-1970 жылдың қазан айында жер асты сынағы өтті. Жерүсті қатты қозғалып, толқын жүріп отырды. Бұлтты шаң көтеріліп, бізге төніп келе жатқандай болды. Екпінді толқын бізге соққы беріп, біраз жерге лақтырып жіберді. Екпінді толқынның даусы он секундқа дейін созылды. Бірнеше минуттан соң айнала күлгін бұлттарға тұтылды. Саңырауқұлақтың төбесі желдің әсерінен ыдырай бастады да, оңтүстіктегі тауға, далаға қарай ығысты. Қаншама жергілікті тұрғын радиоактивті инфекция салдарынан қаза тапты,-деп есіне алды жерлесіміз П.Сусликов.
Біз де өз кезегімізде ел басына күн туған сәтте өздерінің азаматтық борышын абыройлы атқарған мұндай азаматтарға алғыс айта отырып, қажымас қайрат тілейміз және олардың өнегелі өмір жолын өскелең ұрпаққа үлгі етуді үзбей, одан әрі жалғастыра беретін боламыз.
Динара Батырхаирова,
Руслан Искаков.