Ақпараттық портал

Ата Заң – алтын қазық

Конституция күні – мемлекетіміз, халқымыз үшін ең ұлық мерекелердің бірі. Ел Конституциясы мемлекетіміздің алтын қазығы, қазақстандықтардың тең құқықтары мен мүмкіндіктерінің кепілі болып табылады. Ол қоғамда демократияны дамытуға және елде бейбітшілік пен келісімді нығайтуға серпін береді.
1995 жылы 30 тамызда бүкіл халықтық референдумда Конституция жаңаша сипатта қайта қабылданып, Ата Заң – мемлекет пен халықтың мызғымас бірлігін, демократиялық дамудың негізгі бағыттарын, соның ішінде, басты орында адам мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын орнықтырған ең негізгі саяси, құқықтық құжатқа айналды.
Конституция ел азаматтарының құқықтарын қорғайтын Ата Заң болғандықтан, оның қоғам өмірінде алатын орны ерекше. Онда адамның жеке бас бостандығы, жеке өміріндегі құндылығы, сондай-ақ, билік тармақтарының қоғамдағы рөлі айқын тұжырымдалып, біздің саяси, мәдени, рухани және экономикалық өркендеуіміздің құқықтық қайнар көзі ретінде танылды. Ата Заң халқымыздың ғасырлар бойы тәуелсіз ел болу жөніндегі арманын жүзеге асырған, мақсат-мүддесін құқықтық мемлекет ретінде заң тілінде өрнектеген, дүние жүзі мемлекеттеріне, бүкіл адамзатқа жер бетінде Қазақстан деген мемлекет бар екенін жария еткен заңды күші бар құжат.
Бүгінде мемлекеттік биліктің бастауы, қоғамдық құндылықтардың арқауы саналатын Конституция бақытты өмір сүруіміздің басты кепіліне айналды.
Конституция сот жүйесі үшін де айрықша маңызға ие. Жаңа қабылданған Конституциямызға «Соттар және сот төрелігі» деген атаумен арнайы бөлім енгізілгендіктен, Ата Заңымызда және республикамыздың өзге де заңдарында көрсетілген құндылықтарды қорғау судьялар корпусы мен сот қызметкерлерінің күнделікті жұмысының мәні болып, еліміздің дамуына сүбелі үлестерін қосуда.
Республика соттары заң үстемдігін қамтамасыз ету бойынша барлық міндеттерді толығымен орындауда. Соттарда Ұлт жоспарының барлық қадамы табысты іске асырылды, «Электронды сот төрелігі» дамуда, судьяларды іріктеу мен мансаптық ілгерілету жүйесі түбегейлі қайта қаралды. Халықтың сот жүйесіне деген сенімін одан әрі арттыру үшін сот бақылауын күшейту, сот төрелігінің ашықтығын, соттардың жұртшылықпен өзара байланысын арттыру мақсатында сот реформалары әлі де жалғасатыны сөзсіз.
Бүгінде республика соттары Ата Заңның негізінде азаматтарға ыңғайлы жағдай жасап, заң мен арды басшылыққа ала отырып, сот билігінің ашықтығы мен жариялылығы негізінде адам құқығын қорғауда. Жиырма сегіз жыл ішінде тәуелсіз Қазақстанымыздың өзге мемлекеттерден оқ бойы озық дамуына ең алдымен елде заңдылықтың сақталуы, тәуелсіздіктің берік болуы және азаматтардың құқығы мен бостандығының заңмен қорғалуы себеп болуда десек, қателеспейміз. Ал, мұның барлығы Ата Заң кепілдігінің арқасы.
Гүлшат Шамкенова,
Жамбыл облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік жұмыс жөніндегі Шу аудандық консультанты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.