Сот міндеті жазалау емес
Тәртіп бұзып, заңға қайшы әрекет жасаған әрбір адам сотқа тартылатыны белгілі. Жасыратыны жоқ, ел арасында судьялардың басты мақсаты – жасаған қылмыс немесе құқық бұзушылық бойынша жаза кесу деп түсінетіндер аз емес. Дегенмен, сот төрелігін жүзеге асыратын жандар кез келген қиғаш істі болдырмауға тиісті қадамдар жасап бағуда.
Оны жуырда ғана «Amanat» партиясы аудандық филиалының мәжіліс залында өткен ашық сот отырысынан аңғардық. Аудандық сот төрағасы М.Тілеубеков жүргізген отырыста аудандық прокуратураның аға прокуроры Г.Абуева мемлекет мүддесін қорғады.
Онда жауапкер туған күнін достарына атап беру мақсатында жәбірленушінің қорасындағы аз ғана малдың ішінен бірін қолды қылған екен. Тәртіп сақшылары күдіктіден алғашқы жолы жауап алғанда ол жасаған қылмысын мойындайды. Дереу полицияға болған істің мәнін баяндап, мал иесінен кешірім сұрайды. Сот барысында ұққанымыздай, сотталушы мұндай қадамға ойланбастан барған әрі қылмыстың тез ашылуына септескен.
Төраға тараптардың пікірін тыңдап, іске қатысты өзінің ойын ортаға салды. Сондай-ақ, ойланбай от басып, опық жеген жанның қадамының қате екенін айтып, үкім шығаруда жәбірленушінің кешірімі, айыпталушының өкінуі ескерілетінін жеткізді.
Мұнан соң тиісті шешім қабылдау үшін Мар-Лен Мыңжанұлы кеңесу керектігін алға тартып, үкім келесі ашық сот отырысында оқылатынын ескертті. Ол шілде айының басында өтеді деп белгіленді.
-Әлеуметтік-экономикалық жағдайына байланысты көп жастар қылмыстық істерге барып жатады. Бүгінгі іс соның көрінісі. Сондықтан осындай қадамдардың алдын алу аса маңызды. Бүгінгі ашық сот отырысының мақсаты да осы болып отыр. Себебі, сот жүйесінің негізгі жұмысы жазалау емес, жазалауға дейінгі жәйттерді болдырмау. Жалпы, соттың көшпелі отырыстары тәжірибеде бар және арнайы заңға негізделген. Мәселен, жер дауы туындаған жағдайда іс орын алған жерде қаралады. Сол секілді залдан тыс отырыстар жиі болып жатады,-дейді аудандық сот төрағасы М.Тілеубеков.
Б.Емберді