Ақпараттық портал

Заң және тәртіп: бала қауіпсіздігі ортақ жауапкершілік

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Заң мен тәртіп – мемлекеттік құрылыстың басты қағидаты» деп атап өткен болатын. Президенттің бұл тұжырымы әрбір мекеменің қызметінде, әр ата-ананың жауапкершілігінде және әр азаматтың әрекетінде көрініс табуға тиіс. Әсіресе, бала өмірі мен болашағына қатысты мәселелерде осы ұстанымның маңызы айрықша.
Заңға құрмет пен тәртіпке бағыну мәдениеті бала кезден қалыптасады. Отбасындағы тәрбие, мектептегі тәлім және қоғамның жанашырлығы ұштасқанда ғана жасөспірімнің қауіпсіз әрі саналы азамат болып өсуіне берік негіз қаланады. Сондықтан кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықбұзушылықтардың алдын алу – «Заң мен тәртіп» қағидатын күнделікті өмірде орнықтырудың маңызды бағыты.
Осы бағыттағы жұмыстар аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаевтың төрағалығымен өткен Шу ауданы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысында талқыланды. Жиынға прокуратура, аудандық полиция бөлімі, ішкі саясат саласының өкілдері, комиссия мүшелері және ауылдық округ әкімдері қатысты.
Отырыста Шу қаласы, Бірлік және Балуан Шолақ ауылдық округтері әкімдерінің кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың, суицидтің және оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында атқарған жұмыстары туралы есептері тыңдалды. Сонымен қатар, тиісті мекемелермен бірлесе ұйымдастырылған қауіпсіздік шаралары мен балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне бағытталған іс-шаралар жөнінде ақпарат берілді.
Бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйелі бақылауды, отбасымен тұрақты байланысты және көмекке мұқтаж баланы дер кезінде анықтауды талап етеді. Осы тұрғыдан алғанда, жергілікті әкімдіктердің, білім беру ұйымдары мен құқық қорғау органдарының өзара үйлесімді жұмысы ерекше мәнге ие.
Жиын барысында аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі тәуекел тобындағы балалармен жүргізілген жұмыстар мен оларды үйірмелерге қамту мәселелері жөнінде баяндады. Баланың қызығушылығын қолдап, шығармашылық қабілетін дамыту, бос уақытын пайдалы іспен толықтыру – оның өзіне деген сенімін арттырып, қоғаммен байланысын нығайтатын маңызды қадам. Сондықтан үйірмелерге қатыстыруда әр баланың сұранысы мен отбасылық жағдайын ескеру қажет.
Отырыс барысында білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев оқушылардың түнгі уақытта ата-анасының қарауынсыз жүру жағдайлары жиі кездесетініне назар аударды. Осыған байланысты ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, олардың бала тәрбиесі мен қауіпсіздігіне қатысты жауапкершілігін арттыру қажеттігін жеткізді. Баланың қайда, кіммен жүргенін білу, көңіл күйіндегі өзгерістерді байқау және онымен ашық сөйлесу отбасындағы күнделікті дағдыға айналуы тиіс.
Сонымен қатар, бөлім басшысы ауылдық округтерде бейнебақылау камераларын орнату жөнінде ұсыныс білдірді. Бұл ұсыныс қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті күшейтуге және құқықбұзушылықтардың алдын алу жұмыстарына бағытталды. Ол жергілікті атқарушы органдарды, білім беру ұйымдарын және ата-аналарды өзара байланысты нығайтып, бала қауіпсіздігі жолындағы бірлескен жұмысты жүйелі жүргізуге шақырды.
Күн тәртібіне сәйкес, кәмелетке толмаған төрт балаға және тұрмыстық-тәрбиелік жағдайына байланысты қолдауды қажет ететін үш отбасына қатысты мәселелер қаралды. Атап айтқанда, Бірлік ауылдық округі әкімдігінің қатынас хаты негізінде тәуекел тобына алынған бір отбасы балаларының өмірлік қиын жағдайға тап болуына байланысты оларды алдағы уақытта сүйемелдеу мәселесі талқыланды. Сондай-ақ, білім бөлімі мен полиция бөлімінің қатынас хаттарына сәйкес, оқушылардың отбасылық жағдайларына қатысты анықталған мән-жайлар қаралып, комиссия тарапынан тиісті шешімдер қабылданды. Әр қаралған мәселенің артында баланың тағдыры, оның амандығы мен ертеңгі күні тұр. Сол себепті қабылданған шешімдердің маңызы олардың нақты орындалуымен, балаға қажетті көмектің дер кезінде көрсетілуімен өлшенеді.
«Заң мен тәртіп» қағидаты балаға қауіпсіз орта қалыптастырудан, оның құқығын құрметтеуден және үлкендердің өз міндетіне адал қарауынан басталады. Отбасы, мектеп, жергілікті билік пен құқық қорғау органдарының ортақ жауапкершілігі күшейген сайын жасөспірімдерді қауіптен қорғауға, құқықтық мәдениеті қалыптасқан ұрпақ тәрбиелеуге мүмкіндік арта түседі.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.