Ақпараттық портал

Тартысқа толы доп додасы

Өткен аптаның соңында Ескі-Шу ауылдық округінде орын тепкен «Белбасар» спорт кешенінде Қазақ КСР еңбек сіңірген заңгер, КСРО прокуратурасының Құрметті қызметкері, Меркі және Шу аудандарының Құрметті азаматы, ҰОС ардагері, көптеген медаль мен ордендердің иесі – Сауранбаев Оспан Хатиұлын еске алуға арналған құқық қорғау органдары қызметкерлері арасында футзалдан турнир ұйымдастырылды.

Конституция күні қарсаңында өткізілген теңбіл доп додасына барлығы 8 команда өтініш білдіріп, прокуратура қызметкерлері, аудандық желілік полиция бөлімі, күзет полициясы, төтенше жағдайлар бөлімі, округ әкімдері, аудан әкімінің аппараты мен ардагерлер командалары жеңіске жету үшін барын салды.
Жарыстың ашылу салтанатында белгілі меценат, Шу ауданының Құрметті азаматы Болат Сауранбаев, мемлекеттік қызмет ардагері Қасымхан Төлендиев, аудан прокуроры Қайыржан Қуатбеков, аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков сөз алып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар, сайысқа демеушілік танытқан «Qyzylsha zher» ЖШС директоры Алёна Лобанкова да өзінің ізгі тілегімен бөлісіп, серіктестіктің спортты қолдауға әрдайым әзір екенін жеткізді.
Мінбеден сөйлеу мәртебесі бұйырған меймандар Оспан Сауранбаев туралы естеліктер айтып, әке атын асқақтатқан Болат Оспанұлы бастаған ұлдарына алғыстарын білдірді.
-Баршаңызды білікті заңгер, ҰОС ардагері, өнегелі өмір иесі Сауранбаев Оспан Хатиұлын еске алуға арналған турнирдің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл жарыстың Конституция күніне орай өтуінде өзіндік мән бар.
Өздеріңіз жақсы білетіндей, спорт – саулық кепілі. Жанды жадыратып, тәнді шынықтыратын күш. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша азаматтарды бұқаралық спорт түрлеріне мейлінше тарту міндеті тұр. Себебі, салауатты өмір салтын ұстану – баянды болашаққа жетелейді.
Осы жарысқа ауданымыздың құқық қорғау органдарынан құралған командалар қатысуда. Баршаңызға Оспан Хатиұлының өнегелі өмір жолын берсін! Ардақты Ата Заң күні құтты болсын,-деді Бақытжан Жәнібеков өзінің құттықтауында.
Мұнан соң қазақы дәстүрмен шараның құрметті қонақтарына Оспан Хатиұлының ұрпақтары шапан жауып, сый-сияпатпен құрмет көрсетті. Одан кейін тартылған жеребеге сай командалар жарыс алаңына шығып жатты. Алаңдағы алғашқы ойын Т.Кариев бастаған аудандық төтенше жағдайлар бөлімі мен аудандық тәртіп сақшылары арасында өтті. Бұл ойында құтқарушылардың мерейі үстем болып, жеңіске қол жеткізді. Одан соң спортшылар алма кезек кездесіп, ақтық ойын үшін алға шығуға тырысып жатты.
Осы күні ардагерлер сапында өнер көрсетіп, қарсылас қақпасына нәтижелі соққыларды дарытқан Бақытжан Оразалыұлы өз командасын ширек финалға дейін алға сүйрегенін айта кеткен жөн. Сонымен қатар, мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов те әбжіл қимылымен көзге түсіп, әріптестеріне болысып жүргенін аңғардық.
Тартысқа толы ойында Шу станциясындағы желілік полиция бөлімі жарыс жеңімпазы атанса, аудан әкімі аппаратының командасы екінші орынды еншіледі. Одан бөлек, үздік үштікті шулық құтқарушылар түйіндеді. Ал, «Ардагерлер» командасы жеңіске деген құштарлығы үшін марапатталды.
Жарыс жеңімпаздарына ұйымдастырушылар тарапынан тағайындалған қаржылай жүлде мен медальдар, арнайы кубоктар табыс етілді. Сонымен бірге үздік шабуылшы, үздік қақпашы, үздік ойыншыларға да тиісті марапаттар берілді.
Жарыс басталмас бұрын ұйымдастырушылар ауданда құқық қорғау қызметкерлері арасында алғашқы рет өткізіліп тұрған доданы дәстүрге айналдыру туралы ұсыныс айтып, болашақта бұл жарысты облыстық және республикалық деңгейде өткізуге мүмкіндік бар екенін жеткізді.
-Біздің әкей бірбеткей, қан майданға қатысқан адам болатын. Соғыстан оралған соң жоғары білім алып, заң саласында еңбек етті. Ол өзінің ғибратты ғұмырында «әке» деген асқақ ұғымды аласартпады. Жемісті жұмыстары үшін Еңбек Қызыл Ту орденіне, «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісіне, Қаз ССР Жоғарғы кеңесінің қос марапат қағазына, басқа да жетістіктерге қол жеткізген. Келер жылы әкеміздің туғанына 100 толады. Прокуратура, полиция, төтенше жағдайлар бөлімі, өзге де құқық қорғау саласының қызметкерлері арасында өткізілген биылғы жарысты келешекте жалғастырып, облыстық, республикалық дәрежеде өткізуге тырысамыз. Бұл ұсыныс жоғары тұрған басшылықтан қолдау табады деген сенімдемін,-дейді Х.Сауранбаев атындағы қордың төрағасы Болат Оспанұлы.
Теңбіл доп тепкен қатысушылар ұйымдастырушыларға, ерекше ойын өрнегін көрсеткен әріптестеріне ризашылықтарын білдіріп, қым-қуыт жұмыстан бір серпіліп қалғанын айтты. Өз кезегінде біз де тәртіп сақшылары мен құтқарушылардың, мемлекеттік қызметшілердің бабында екенін байқадық.

Б.Емберді

Leave A Reply

Your email address will not be published.