Энергетикалық сусындар залалы
Энергетикалық сусындар біздің нарығымызда айтарлықтай жаңа өнім болып табылады. Бірақ танымалдылығы тез арада екпіндеп келеді. Энергетикалық сусындардың сергектік пен күш беру қасиеттерін осы қасиеттерді қажет ететін адамдар тез арада бағалады. Атап айтсақ, сессия кезінде студенттер, алыс жолға шығатын жүргізушілер, барлық мамандықтар бойынша тыным таппай еңбек ететін еңбекқорлар.
Бірақ, біз осы энергетикалық сусынның құрамында не бар екеніне және оның адам ағзасына қандай зиян келтіретініне мән бермейміз. Энергетикалық сусындарды ішкен кезде оның адам ағзасына қандай жанама өсері бар және оны жалпы қолданудың керегі бар ма? Энергетикалық сусындар кофенің орнына қолданатын дәрумен қосылған алмастырғыштар. Екі банкада кофеиннің тәуліктік мөлшері бар және бір кесе кофемен сіз кез келген жерде жүре алмайсыз, ал энергетикалық сусынның банкасымен сіз кез келген жерде жүре аласыз және бұл осы сусынның құндылығы болып табылады.
Сергектік ненің есебінен пайда болады? Біріншіден, энергетикалық сусынның құрамында дәрумендер мен глюкозалар кешені бар, ол адамның қанына сіңеді және тотықтандырғыш үдеріске ене отырып, адамның миына, бұлшық еттеріне және басқа да өмірлік маңызды ағзаларына қажетті күш беріп, адамның бойында сергектікті қалыптастырады. Сонымен қатар, осындай сусындардың көбі газдалған болады, ал бұл олардың адамның қанына сіңуі мен әсерін кофеге қарағанда жылдамдатады. Сондықтан энергетикалық сусын ішкеннен кейінгі сергектік сезім кофе ішкенге қарағанда екі-үш есе ұзағырақ.
Энергетикалық сусындардың жақында ғана, шамамен 20 жыл бұрын пайда болғанына қарамастан, адамдардың бұрынғы кезден бастап табиғи ынталандырғыштарды пайдаланғандығын айта кету керек. Әртүрлі халықтарда әртүрлі ынталандырғыштар болған: Араб елдерінде кофе, Қытай мен Үндістанда шай, Оңтүстік Америкада мате, Африкада кол жаңғағы. Ал, Қиыр Шығыста, Сібір мен Моңғолияда бүгінгі күні де жергілікті тұрғындар сергек жүру үшін және тонусты көтеру үшін Қытай лимоннигін, элеутерококкты, адамтамырды және аралияны пайдаланады. Энергетиктер дүкендердің сөрелерінде қазіргі біз көріп жүрген қалпында ХХ-ғасырдың 80 жылдарында пайда бола бастады. Бірінші «Red Buil» сусыны өндірілді, «қанаттандыратын» сол сусын естеріңізде болар. Жаңа сусын тұтынушылар үшін тез танымал болды. Өндірушілер энергетикалық сусындарға деген сұраныстың көп екендігін сезгендіктен, нарыққа энергетикалық сусындардың басқа да нұсқаларын шығара бастады.
Қазіргі уақытта энергетикалық сусындар кез келген дүкеннің сөресінде айтарлықтай көп түрде кездеседі.Бірақ мамандар кәдімгі газдалған сусын емес екендігін және оның адам ағзасына залалы бар екендігін растап жүр. Энергетикалық сусынның құрамындағы кофеин адамның жүйке жүйесін жұқартады және адам соған үйренсе, тәуелдікке әкеліп соғады. Сондай-ақ, кофеин ең танымал психоынталандырғыш болып табылады, ол тек кофенің құрамында ғана емес, сол сияқты басқа табиғи энергетикалық сусындардың да құрамында кездеседі. Кофеин адамның ұйқысын және шаршау сезімдерін азайтады, тамыр соғысын жылдамдатады және адамға ой әрекеті бойынша жүктемеге шыдауға көмектеседі. Бірақ бұл уақытша нәтиже және одан кейін адамның шаршау сезімі одан да күшті болады. Өндірушілер тәулігіне бір-екі банка ғана сусын ішумен шектелу керек деп кеңес береді, бұл барынша көп мөлшер. Осындай сусындарды ерекше сақтықпен ішу керек. Бұл сусындар адамның артериялық қысымын және қанының құрамындағы қанттың деңгейін арттырып жіберуі мүмкін. Энергетикалық сусынның энергияға бай емес екендігін, оның энергияны адам ағзасының ішкі қорынан тартатындығын көп тұтынушылар біле бермейді. Сондықтан да энергетикалық сусынның әсері аяқталғаннан кейінгі 2-3 сағаттан кейін шаршау, ашуланшақтық, ұйқысыздық және депрессия пайда болады.
Сонымен, энергетикалық сусындарды ішуден тіпті бас тарту керек пе? Мамандар оларды пайдалануға болатындығын, бірақ бір реттік қана шарасыздықтан пайдалануға болатын ынталандырғыш ретінде ғана қолдануға болатындығын айтады. Оларды тұтыну ережелерін білу керек және энергетикалық сусындардың залалы аз мөлшерде болу үшін осы ережелерді нақты орындау керек. Сусынның тәуліктік мөлшерінен аспау керек, бұл шамамен жарты литр сусын. Энергетикалық сусындарды ішкеннен кейінгі 4 сағат ішінде ағзадағы кофеиннің мөлшерін шамадан тыс асырып алмау үшін құрамында кофеині бар шай, кофе және тағы басқа сусындарды ішуге болмайды. Энергетикалық сусынды алкогольмен (ішімдікпен қосылса, әсері одан да күшті болады) араластыруға болмайды.
Сонымен қатар, энергетикалық сусындарды жүкті әйелдерге, гипертония, глаукома сияқты аурулары бар және жүрек қан тамырлары жүйесі бұзылған жағдайда пайдалануға болмайды. Осындай сусындарды балалар мен жасөспірімдерге де пайдалануға болмайды. Көптеген Еуропа елдерінде мұндай сусындарды сату үшін рұқсат дәріханаларға ғана берілген. Америкада аталған сусындарды 18 жасқа дейінгі балаларға сатуға шектеу қою беталысы байқалуда. 2013 жылдан бастап қазақстандық ЖОО мен мектептерінде тәтті газдалған және энергетикалық сусындарды сатуға да тыйым салынған, тек өсімдік компонеттері бар сусындарды ғана пайдалануға рұқсат етіледі.
Әлемдік статистика энергетикалық сусындардың жастарға арналған сусын екендігіне сендіреді. Энергетиктерді пайдаланатын адамдардың 26 пайызы 8 жастан 25 жасқа дейінгі жастар. Ал осы сусындарды пайдаланушылардың 15 пайызы 10 жастан 15 жасқа дейінгі жасөспірімдер. Бұл әрине, өте қауіпті дерек. Бұл жерде ата-аналардың көзқарасы өте маңызды. Тұтынуға тыйым салу емес, жасөспірімге энергетикалық сусындарды неге пайдаланбау керек екендігін түсіндіру керек. Әрине, бұл өнімнен «қорқынышты» бір нәрсе жасаудың керегі жоқ, бірақ осы өнімді қанағатсыз пайдалану тұтынушының денсаулығына кері, жағымсыз әсерін тигізетінін есте сақтау керек.
А.Калисаева,
Жамбыл бөлімшелік көліктегі санитариялық- эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы.