Отанды қорғау – борышың
Азаматтарды мерзiмдi әскери қызметке шақыру Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулысы негiзiнде жылына екi рет жүргiзіледi. Азаматтарды әскери қызметке шақыру – бұл әскери міндеттілік негізінде Қарулы Күштерді, басқа да əскерлер мен əскери құралымдарды жеке құраммен жасақтауға бағытталған мемлекеттік органдар жүргізетін iс-шаралар кешенi.
Қазақстан Республикасының “Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы” Заңына, Қазақстан Республикасы Президентінің “Әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерді запасқа шығару және Қазақстан Республикасының азаматтарын 2023 жылдың наурыз-маусымы мен қыркүйек-желтоқсанында кезекті мерзімді әскери қызметке шақыру туралы” 2023 жылғы 2 ақпандағы №120 Жарлығына, Шу ауданы әкімдігінің 2023 жылғы 21 ақпандағы «2023 жылдың наурыз-маусымында және қыркүйек-желтоқсанында азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру туралы» №76 қаулысына сәйкес Шу ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің шақыру учаскесінде 2023 жылғы күзгі мерзімді әскерге шақыру жүргізілуде.
Он сегіз жастан жиырма жеті жасқа дейінгі, әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе әскерге шақырылудан босатылуға құқығы жоқ азаматтар Қарулы Күштердi, басқа да əскерлер мен əскери құралымдарды жасақтау үшін қажетті санында мерзiмдi әскери қызметке шақырылуға жатады.
Көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыруға әскерге шақырылушыларды зерделеу қаңтар айының 10-нан басталса, күзгі шақыруға шілде айының 10-нан басталады. Әскерге шақырылушылар бұл кезде жеке іс қағаздары бойынша іріктеледі, содан кейін бекітілген кестеге сай бөлім қызметкерлері әр ауыл округтеріне барып, әскерге шақырылушының жеке өзімен, ата-аналарымен, көршілерімен сұхбат жүргізеді және белгіленген күнге Кезекті мерзімді әскери қызметке шақыруды сапалы жүргізу мақсатында әскерге шақыру кезінде жүргізілетін іс-шаралар жоспары жасалынып, сол жоспар бойынша шақыру және медициналық комиссиялар жұмыс атқарады. Комиссия құрамы медициналық куәландыру нәтижелерi бойынша аудандық әскерге шақыру комиссиясы әскерге шақырылушыға қатысты:
1) әскери қызметке шақырылуға жатқызылады;
2) әскери қызметке шақыру кейінге қалдырылсын;
3) әскери қызметке шақырылудан босатылсын;
4) әскери міндеттiлiкті атқарудан босатылсын деген шешімдердің бірін қабылдайды.
Әскери қызметке шақырылуға жататын азаматтар жергiлiктi әскери басқару органының шақыру қағазы бойынша әскерге шақыру комиссиясына келуге міндетті. Шақыру қағазын азаматтың жеке өзіне жергілiкті әскери басқару органдарының лауазымды адамдары немесе жұмыс (оқу) орны бойынша ұйымның басшысы қол қойғызып тапсырады. Шақыру қағазын азаматтың жеке өзiне тапсыру мүмкін болмаған жағдайда, оның келуін қамтамасыз ету тиiстi iшкi iстер органына жүктеледі.
Әскери қызметке шақырылуға жатқызылған азаматтар әр әскер тектерінің белгілі бір талаптары, шақырылушының денсаулық жағдайы, білімі, мамандығы және моральдық-психологиялық қасиеттері ескеріліп, әскер тектері бойынша тағайындалады және мерзімді әскери қызметке шақырылады. Азаматтарды әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру аудандық әскерге шақыру комиссиясының шешiмi бойынша беріледі.
Кейінге қалдыру мынадай негіздер бойынша:
1) отбасы жағдайлары бойынша;
2) білім алуды жалғастыру үшін;
3) денсаулық жағдайы бойынша;
4) басқа да себептер бойынша беріледі.
Бейбiт уақытта әскери қызметке шақырудан:
1) денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз деп танылған;
2) жиырма жеті жасқа толған, заңды негiздер бойынша мерзiмдi әскери қызметке шақырылмаған;
3) туыстарының бiрi (әкесi, анасы, аға-інілерi немесе апа-сіңлілері) әскери қызмет өткеру кезеңiнде қызметтік мiндеттерiн атқару кезiнде қаза тапқан, қайтыс болған немесе бiрiншi немесе екінші топтағы мүгедек болып қалған;
4) басқа мемлекетте әскери (баламалы) қызмет өткерген;
4-1) “Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы” Қазақстан Республикасы Заңының 51-бабының 9-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдарында қызмет өткергендер;
5) ғылыми дәрежесi бар азаматтар;
6) тіркелген діни бірлестіктердің дін қызметкерлері босатылады.
Әскердің жастарға үйретері де берері де көп. Әскер – жауапкершілікке, шыдамдылыққа, өз-өзіне сенімділікке, берік достастыққа, бауырластыққа үйретеді. Қиын-қыстау кездерде тез ойланып шешім қабылдау, әскери қару-жарақ қолдану, күрделі әскери техниканы пайдалану дағдыларына ие болады. Ата Заңымызда аталғандай Отанымызды қорғау – әрбір азаматтың қасиетті парызы мен міндеті.
Ж.Абиев,
Шу ауданы қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы, майор.