Ақпараттық портал

Болат қайнауда шынығады

Төтенше жағдайлар қызметі саласында бірнеше жыл еңбек етіп келе жатқан, жауапты қызметкерлердің бірі – Төле би ауылының 1976 жылғы тумасы Сабыржан Қабылжанұлы. Орта білімді осы ауылдағы қазіргі Е.Бекмаханов атындағы мектеп-гимназиядан тәмамдаған бұл азамат мұнан кейін сол кездегі № 18 кәсіптік училище, қазіргі № 10 кәсіптік колледжде «Машинист-тракторист» мамандығы бойынша білім алады.
Алғашында еңбек жолын совхозда, кейін «ДСУ-85» мекемесінде көлік жүргізушісі болып бастайды. Ал, 2006 жылдан № 19 өрт сөндіру бөлімінде өрт сөндіру көлігінің жүргізушісі болып еңбек етіп келеді. Жылдар ағымында қызметтік міндеттерін орындау барысында түрлі оқиғалардың басында болып, әрдайым әр іске жауапкершілікпен қарауды басты ұстанымға айналдырған бұл азамат та өзге әріптестері секілді бірнеше оқиғалардың ортасында жүреді. Мысалы, 2008 жылы Оңтсүтік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданында ірі көлемде су тасқыны болған кезде оған республика көлемінде күш жұмылдырылып, Сабыржан Қабылжанұлы да өз әріптестерімен бірге зардап шеккендерге бір апта бойы көмек көрсетіп, су сору жұмыстарына атсалысады. 2011 жылы Алматы қаласында өткен Азия ойындары кезінде өз көліктерімен бірге облыстан жөнелтілген күшейтілген құрамда болып, Медеу, Шымбұлақ аумақтарында сақтық шараларына қатысады. Ал, 2016 жылы шет мемлекеттен басталып, Қытайдың Пекин қаласында мәреге жететін спорттық көліктер Қазақстан арқылы өткен кезде өз еліміздің аумағында күшейтілген құрамда қызмет көрсетеді. Бұл тұста осы шараға қатысқан ұшақтардың (вертолёт) ұшып-қонуы, көліктердің жанар-жағар май құюы кезінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіне күш салады.
Қырағылық пен жауапкершілікті қажет ететін мұндай міндеттерді атқару зор білім-біліктілікті талап ететіні белгілі. Сол себептен, әскери оқу –жаттығуларға қатысып, біліктілікті шыңдауды да назардан тыс қалдырмаған кейіпкеріміз 2009 жылы Отар қаласында Ресей, Қырғызстан, Армения, Өзбекстан, тағы басқа мемлекеттер қатысқан әскери оқу-жаттығудың ортасында болып, кең көлемді өрт сөндіруге үлес қосады.
-Біздің мақсатымыз – өрт сөндірушілерді оқиға орнына дер кезінде жеткізу. Ал, қосымша күш қажет болған сәтте диспетчерлерге хабарлап, көмек сұрау. Сонымен қатар, техниканы әр ауысымда тексеріп, қабылдап аламыз. Ақауы байқалса, басшылыққа мәлімдеп, уақытылы жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Өйткені, бөлімнің көліктері кез келген уақытта шақыртуға дайын тұруы қажет,-дейді Сабыржан Қабылжанұлы.
Бөлімде бірнеше жыл қызмет етіп келе жатқан бұл азамат өз білгенін өзгелерге үйретіп, жас мамандармен тәжірибесін бөлісіп келеді. Мысалы, ағымдағы жылы бөлімге жұмысқа орналасқан жас маманды үнемі жанына алып, бірлесіп жұмыс жасауда. Кейіпкеріміздің айтуынша, көлік жүргізу ісіне де ақыл тоқтатқан, ал жас маман болса өз ісіне жауапты адамды қабылдау маңызды. Сондай-ақ, көлік жүргізуде үш жылдан астам тәжірибесі, көлік жүргізу құқығын беретін құжаты бойынша талапқа сай, С, Д санаттарын меңгерген болуы қажет.
Қызметте жауапты маман, ал отбасында қамқор әке Сабыржан Қабылжанұлы жұбайымен бірге 4 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірген. Грант негізінде білім алып жатқан екі ұлы жақын жылдарда өздері таңдаған мамандықтары бойынша диплом алатын болса, қызы аудандық қаржы бөлімінде қызмет етеді. Ал, өзге ұл-қыздары мектеп қабырғасында білім алуда.
Қиындығы мол қызметте алдыңғы шепте жүретін кейіпкерімізге алдағы уақытта да еңбекте сәттілік, зор табыстар тілейміз.

Динара Батырхаирова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.