Электр самокатын басқарудың да өз тәртібі бар
Соңғы екі-үш жыл көлемінде жалпы ел аумағында мопед пен самокат тізгіндегендердің қатары артып отырғандығын күнделікті тіршілік барысында байқап келеміз. Әсіресе, жеңіл, экологиялық таза, кез келген жастағы адамдардың пайдалануына болатын, жас ерекшелігіне шектеу қойылмайтын және арнайы жүргізу куәлігін қажет етпейтін электрлі самокат құралына сұраныстың да әр жыл сайын артып отырғаны анық. Сол себептен, болса керек, қазіргі уақытта базар мен арнайы дүкендерге бара қалсаңыз, самокаттың сан түрі жайнап тұр. Алайда, бір қарағанда ыңғайлы әрі бағасы да көңілге қонымды болғанымен, мұны жүйелі басқара алмау салдарынан әсіресе, үлкен қалаларда жол апаттарының да орын алып отырғаны көпшілікті алаңдатуда. Электр самокатын тізгіндеу үшін жүргізуші куәлігінің қажет еместігіне байланысты азаматтардан жол ережесіне қатысты біліктілік емтихандары да алынбайды. Сондықтан, билік өкілдері де бұл мәселеге баса мән беріп, арнайы заң аясындағы жол жүру қағидаларына бірқатар өзгерістер енгізіп отыр.
Нақты айтар болсақ, Мемлекет басшысы 2023 жылғы 29 маусымда «Жол жүрісін ұйымдастыру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Яғни, заңмен «Жол жүрісі туралы» Заңға шағын электр көлік құралдары мен электр самокаттарды пайдалану, регламенттеу бөлігінде заңнамалық түзетулер енгізіледі. Осылайша, Заңға бұрын болмаған «электр самокат» және «шағын электр көлік құралы» ұғымы кіріктірілді.
Мұндағы шағын электр көлігі құралы – электр қозғалтқышы бар электр самокаттары мен мопедтерді қоспағанда электр қозғалтқышпен жарақталған, жеке жүріп-тұруға арналған, бір немесе бірнеше дөңгелегі бар көлік құралы (гироскутерлер, сигвейлер, монодөңгелектер, электр скейтбордтар және т.б). Ал, электр самокаты – екі немесе үш дөңгелегі бар, электр қозғалтқышты (электр қозғалтқыштарды) пайдалану арқылы бір адамның жүріп-тұруына арналған, орындығы жоқ, ең жоғары конструктивтік жылдамдығы сағатына жиырма бес километрден аспайтын жеке мобильді көлік құралы.
Қоғамда орын алып жатқан осындай өзгерістерге орай, жуырда біз аудандық полиция бөлімінің әкімшілік полиция бөлімшесінің жауапты қызметкерлерімен жолығып, жаңа тәртіпке қатысты бірқатар мәліметтерге қол жеткізген едік. Мысалы, ҚР Жол жүрісі туралы Заңның “Жол жүрісі қауіпсіздігін медициналық қамтамасыз ету» атты 30-бабында «Орнықты көлік» деп аталған бөлім бар. Мұнда жол жүрісі процесінде қоршаған ортаға келеңсіз әсер ету деңгейін төмендетуге мүмкіндік беретін көлік құралдары орнықты көлік болып табылатыны көрсетілген. Оған велосипедтер және экологиялық көлік құралдары жатады. 57-бапта мопед, электр самокат, велосипед, шағын электр көлігі құралын жүргізушілердің, жол бойымен малды, табынды, жүк артылған, жегілген малды немесе мініс малын айдаушылардың жол жүрісі қағидаларына сәйкес жолдарда жүруге құқығы бар. Алайда, олар уәкілетті орган бекіткен жол жүрісі қағидаларын білуге және сақтауға міндетті.
Нақты айтар болсақ, мопед, электр самокат және велосипед жүргізушілердің ең болмағанда бір қолымен рульден ұстамай жүргізуіне; жолаушыларды тасымалдауға арналған арнаулы бейімдемелері бар велосипедтермен және мопедтермен тасымалдаудан басқа, жолаушыларды тасымалдауына; тасымалдауға арналған арнаулы бейімдемелері бар велосипедтермен және мопедтермен жүкті, сондай-ақ габаритінен ұзындығы немесе ені елу сантиметрден артық шығып тұрмайтын жүкті тасымалдаудан басқа, жүкті немесе басқаруға кедергі келтіретін жүкті тасымалдауына; мопедпен және велосипедпен пайдалануға арналған тіркемені сүйретуден басқа, мопедтерді, электр самокаттарды және велосипедтерді, сондай-ақ мопедтермен, электр самокаттармен және велосипедтермен сүйретуіне; көлік құралынан түспей, жаяу жүргіншілер өткелімен жолдың жүру бөлігін кесіп өтуіне; жол жүрісі қағидаларында айқындалған талаптарға сәйкес келетін, басқа көлік құралын жүргізушілерге көрінуді қамтамасыз ететін жарық шағылыстыратын затсыз, жолдың жүру бөлігінде тәуліктің қараңғы уақытында жүріп-тұруына; жолдың жүру бөлігінде басқаруы кезінде түймеленген шлемсіз болуына тыйым салынады.
Ал, мопед жүргізушілердің велосипед жолымен, велосипед жүретін жолақпен, жол жиегімен, тротуармен немесе жаяу жүргіншілер жолымен жүруіне тыйым салынады.
Электр самокатын жүргізушілер велосипед жолымен, велосипед жүретін жолақпен жүреді. Велосипед жолы, велосипед жүретін жолақ болмаған кезде жолдың жүру бөлігінің оң жақ шетімен, оның ішінде маршруттық көлік құралдарына арналған жолақпен бір қатарда; жол жиегімен; жаяу жүргіншілердің жүрісіне қауіп төндірмей, сағатына алты километрден аспайтын жылдамдықпен тротуармен немесе жаяу жүргіншілер жолымен жүреді.
Он сегіз жасқа толмаған электр самокат жүргізушілердің өзімен бірге жүргізушінің жеке басын куәландыратын құжаты болған жағдайда, Қазақстан Республикасында берілгендерін қоспағанда, кез келген санаттағы көлік құралын басқару құқығына арналған жүргізуші куәлігінсіз не көлік құралын басқару құқығына арналған жүргізуші куәлігінің орнына берілген уақытша куәліксіз жолдың жүру бөлігінің оң жақ шетімен, оның ішінде маршруттық көлік құралдарына арналған жолақпен жүруіне жол берілмейді.
Шағын электр көлігі құралын жүргізушілердің рульсіз шағын электр көлігі құралдарын қоспағанда, ең болмағанда бір қолымен рульден ұстамай жүргізуіне; жолаушыларды тасымалдауына; жүкті тасымалдауына; жолдың жүру бөлігімен жүруіне; жанында велосипед жолы, велосипед жүретін жолақ болған кезде тротуармен немесе жаяу жүргіншілер жолымен жүруіне; шағын электр көлігі құралдарын шағын электр көлігі құралдарымен сүйретуіне; шағын электр көлігі құралынан түспей, жаяу жүргіншілер өткелімен жолдың жүру бөлігін кесіп өтуіне тыйым салынады.
Осы заңның Қорытынды ережелер бөліміндегі 93-бабында жол жүрісі саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болатыны да айқын көрсетілген.
Аудандық полиция бөлімінің әкімшілік полиция бөлімшесі мамандарының мәлімдеуінше, ауданымызда үлкен қалалардағы секілді шағын электр көлік құралдарына арналған арнайы жол жасалмаған. Сондықтан, олар тротуармен жүреді. Алайда, бүгінгі күнге дейін электр самокатына қатысты заң бұзушылық немесе көлік апаты орын алмаған. Тек жуырда көлік жолымен жүрген велосипед жүргізушісін көлік жүргізушісі қағып кетіп, салдарынан велосипед жүргізушісі ауруханаға түседі. Сондықтан, бұл мәселеге де аудан тұрғындары баса мән берген жөн. Сондай-ақ,электр самокатын қоғамдық көлікте тасымалдауға заң аясында рұқсат етілген.
-Жалпы, қарапайым тілмен айтар болсақ, электр самокатын тізгіндеу үшін азаматтардың жасына шектеу қойылмаған. Оны кәмәлет жасына толмаған тұрғындар да басқаруға құқылы. Алайда, көлік жолына шықпай, ережені қатаң сақтауы қажет. Ал, электр самокатымен көлік жолында жүру арнайы санатты (категория) қажет етеді яғни, жүргізуші 18 жасқа толған болуы және оның «А» санатындағы куәлігі болуы қажет. Бүгінгі таңда бұл мәселеге қатысты кейбір талаптар әлі де қаралу үстінде. Тағы бір айта кететін жәйт, ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 615-бабына сәйкес, жаяу жүргiншiлердiң және жол жүрісіне өзге де қатысушылардың жол жүрісі қағидаларының талаптарын орындамауы – екі айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады. Ал, мұндағы жол жүрісіне өзге де қатысушылар деп – мопедтердi, велосипедтер мен ат-арба көлiгiн басқаратын адамдарды, жол бойымен жүк артылған, мiнiс малын немесе табынды айдаушыларды, сондай-ақ көлiк құралдары жолаушыларын айтамыз.
Біздің ауданымызда да электр самокатын пайдаланушылардың қатары біртіндеп көбейіп келеді. Сондықтан, жергілікті тұрғындар бұған қатысты заң талаптарымен алдын ала танысып, ережені ескеріп жүрсе, үлкен қауіптің алдын алған болар едік,-дейді аудандық полиция бөлімінің әкімшілік полиция бөлімшесінің басшысы Б.Байжанов.
Динара Батырхаирова.