Ақпараттық портал

Жақсының аты өшпейді

Аудандық музейге 1993 жылы жұмысқа орналасқанымда музей меңгерушісі Асатов Уәш Асатұлы еді. Аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметінен құрметті демалысқа шыққан соң тарихи-өлкетану музейін басқаруды аудандық партия комитеті тапсырды. Ол кезде музей 1 май (қазіргі Балуан Шолақ) көшесінде 1925 жылы салынған мешіт ғимаратында орналасқан еді. Кейін ол қазақ орта мектебі де болды. Уәш Асатұлы сол мектепте әрі оқушы, әрі тәрбиеші де болған. Шу өңірінің перзенті ата-анасынан ерте айырылып, Новотроицк селосындағы (қазіргі Төле би ауылы) интернатта тәрбиеленді. Уәш ағай өз әңгімесінде: «Көп қиындық көріп жүрсек те, бәріміз бауырмал, ұйымшыл, тату болдық»-деп айтып отыратын. Мектепті жақсы аяқтап, Алматыдағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетіне түседі. Оны тәмамдаған соң, ауылдағы білім ошақтарында сабақ берді. Кейіннен комсомол қызметіне ауысты. Республикалық комсомол съезіне қатысып, кейін комсомол жасынан асқандықтан, партия қызметіне ауысады. Өмір бойы Шу топырағынан табан аударған емес. Қашан да туған халқының қалың ортасында болды.
Аудандық тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі бола тұра, «Қазақ тілі» қоғамын да басқарды. «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті» сияқты газет беттеріне үнемі мақалаларын жариялап тұратын. Өзі тіл маманы болғандықтан, бал жинаған арадай, халықтың даналық сөздері, ел арасында ауыздан ауызға айтылып келе жатқан әңгімелер, Шу өңірінен шыққан ақындар, батырлар туралы көп ізденіп, материал жинаудан бір жалықпады. Бұрыннан өлеңдерін жинап жүретін Шу өңірінің майталман ақындары Бармақ, Сауытбек, Орақбайдың өлеңдерін құрастырып, «Шу өңірінің саңлақтары» атты жинағы жарық көрді. Кейін Бармақ ақынның жаңа өлеңдері, жаңа айтыстары табылып, Бармаққа арналған «Қыл қобызды Бармақ» атты кітап шықты.
Одан басқа «Қосы батыр Сәмбетұлы және оның замандастары мен ұрпақтары», «Тағылым» атты кітаптары жарық көрді. Аудандық музей қоры сол кісі басқарған кезеңде көптеген құнды жәдігерлермен толықты. 1993жылы Төле би Әлібекұлының 330 жылдығын тойлағанда, музейге төрт бөлме қосылған еді. Осы тойға жан-жақтан түскен көптеген экспонаттар, Ташкенттегі Төле би бабамыздың мазарының макеті, ұлы бабамыздың суреті салынған құмыралар және кілем аудандық музейге сыйға тартылды. Музей қорына түскен экспонаттардан бір бөлме Ұлы жүздің ұлы биі, жерлесіміз – Төле би Әлібекұлына арналған болатын.
Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, музей тынысына талай жаңашылдық алып келген Уәш Асатұлымен әріптес болғаныма қуаныштымын. Төрт жыл бірге жұмыс атқарған уақыт ішінде ол кісіден көп нәрсені үйрендім. Өткеннің бәрі тарих. Қоғамның ортасында жүріп, еліне еселі қызмет жасаған Уәш Асатұлының өнегелі, мәнді ғұмырын үлгі тұтамын.

Л.Маметаева,
аудандық музейдің кіші ғылыми қызметкері.

Leave A Reply

Your email address will not be published.