Әріптесті еске алу
Кеше ғана қатарымызда жүрген әріптесіміз, аудандық «Шу өңірі» газетінің корректоры Алыпбаева Меруерт Бейсенәліқызы тірі болғанда 26 қазан күні адам өмірінің жарқын шағы 40 жасқа толар еді.
Ойда жоқта емі табылмаған дертке шалдығып, бар болғаны отыз тоғыз жасында бақилық болғандығы шығармашылық ұжымның әрбір мүшесінің қабырғасын қайыстырды, қайғысын қалыңдатты. Маңдайына жазылған тағдырдың жазуы осылай болғандықтан қимас жанды, адамгершілігі мол әріптесті, мейірімі мен шапағаты жанға шуақ сыйлап тұратын марқұмды еске алып қана қоймай, оның жарқын бейнесін жадымызда ұзақ уақыт сақтайтын боламыз.
Оның отбасына бұдан былай амандықтың болуын және қырмызы қыздарының байсалды да, бақытты болып бойжетуіне шынайы тілектеспіз.
(Бейсенәліқызы Меруерттің рухына)
Әлі есте Меруерттің күлгені,
Жадырап бір редакцияда жүргені.
Ел қатарлы еңбек етіп тер төкті,
Бізге мәлім жақсы өмір сүргені.
«Шу өңірі» қазанында қайнады,
Шабыттанып ой тұлпарын майлады.
Қуанышты ғұмыр кешіп Мұхтармен,
Қырға біткен қызғалдақтай жайнады.
Қате іздеп отырғанда газеттен,
Кезде болған табанынан сыз өткен.
Адал істеп корректорлық қызметті,
Әріптеске қарайтұғын ізетпен.
Ыстыққа да, суыққа да шыдады,
Өзіне бір бұл кәсібі ұнады.
Ізденіспен алға қарай ұмтылып,
Үлкендердің өсиетін тыңдады.
Жүзі жарқын ашық еді қабағы,
Жанарынан нұрлы сәуле тарады.
Опасыз жан, ор қазғанда әдейі,
Кісілікпен, кешіріммен қарады.
Ерте мінді кемесіне келместің,
Құдай салса тағдырына көнбес кім.
Өмір сүрді отыз тоғыз жыл ғана,
Ізгілікті із қалдырды өлместің.
Үш тал гүлі қала берді артында,
Мұңайды ғой жасын төгіп қартың да.
Айша, Әсем, Ұлдана атты қыздары,
Өсе берсін ел жұртының алдында.
Аман болсын қай кезде де аналар,
Жыламасын балдан тәтті балалар.
Ана деген ардақты ғой бәрінен,
Осылай деп сөз қалдырған бабалар.
Еске алушы: «Шу өңірі»
газетінің ұжымы.