Ақпараттық портал

Ел тарихындағы елеулі күн. «Шу-Мойынты» теміржол теліміне – 70 жыл

70 жыл бұрын бұл оқиға Шу өңірінің халқына ғана емес, ел өміріне елеулі өзгеріс әкелген еді. Айтулы датаны атап өтуге шулықтар да, теміржолшылар да ерекше мән бергені сондықтан. Мерейлі мерейтойды Шу теміржолы станциясының алдындағы қоғам және мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан бастаған құрметті теміржолшылар мен ардагерлер, аудан тұрғындары үшін осынау күн айрықша салтанатқа толы болды. Еңселі ескерткіш алдына жиналған жұртшылық бір минут үнсіздікте Тұрардай қайраткердің жолын жалғап, «Шу – Мойынты» теміржол учаскесін салуға атсалысқан, еңбек жолын осында бастап, сала ісін дамытуға еңбек сіңірген азаматтарды еске алды.

Тарихқа – тағзым, өткенге құрмет көрсетуден басталған мерекелік іс-шара аудандық Мәдениет үйінде жалғасын тапты. Айта кету керек, 70 жылдық мерейтойға арналған салтанатқа әрісі Астанадан, берісі Алматыдан, еліміздің түкпір-түкпірінен ардагер теміржолшылар түгелдей дерлік жиналды.
Салтанатты жиында Шу ауданының әкімі Бақытжан Жәнібеков сала қызметкерлері мен ардагерлерді, шулықтарды 70 жылдық мерейтоймен құттықтады. Аудан басшысы барша қазақстандықтар мен Шу халқының өсіп-өркендеуі мен дамуының қайнар көзі, Трансқазақстандық магистралі құрылысын аяқтайтын «Мойынты-Шу» теміржол желісінің 70 жылдығы – айтулы дата екенін атап өтті.
– Темір жол – ел экономикасының күретамыры. Мемлекеттің дамуына тікелей әсер ететін маңызды сала. Әрі машақаты мол жұмыс. Сондықтан сала мамандарына құрмет көрсетіп, ақадал еңбектеріне алғыс айту – баршамыздың борышымыз, – дей келе Бақытжан Оразалыұлы 70 жылдық мерейтойға орай сала қызметкерлерін «Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапаттады. «ҚТЖ» ҰК» АҚ «Жүк тасымалы» ЖШС филиалы – «ЖТ – Жамбыл бөлімшесінің» директоры Молдахмет Қожабеков, Жамбыл жол бөлімшесі филиалының бас инженері Дүйсенбек Сыдықов, ЭЧ-22 жөндеу-тексеру учаскесінің бастығы Сергей Андриянов, «Жамбыл магистральдық желі бөлімшесінің ШЧ-35 филиалының электромеханигі Серікбек Құралиев осындай марапатқа ие болды. Сондай-ақ, 20-ға жуық ардагер теміржолшыларға «Шу-Мойынты теміржол желісінің пайдалануға берілгеніне 70 жыл» мерекелік медалі тапсырылды.
Тарихқа көз жүгіртсек, Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдарда нағыз халықтық құрылысқа айналған «Шу–Мойынты» теміржол желісінің құрылысымен бір мезгілде елімізде құрылысшылар мен теміржолшылардың білікті кадрларын даярлау басталған. Деректерде 1948-1950 жылдары 1330 жұмысшы дайындалғаны айтылады. Ал теміржолшылар арасында паровоздар, жол жұмысшылары, кондукторлар мен бағыттаушылар басым болған.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген ардагерлер ел тарихының елеулі кезеңін қамтитын 70 жылда темір жолда еңбек еткен сала қызметкерлерінің еңбектері мен ел экономикасының дамуына қосқан үлестеріне айрықша тоқталды. Қазақстан теміржолы ардагерлер кеңесінің төрағасы Болатбек Дүйсемалиев өз сөзінде ғасырлық кезеңге қадам басқан «Шу–Мойынты» учаскесінің көлік-логистиканы дамытуда үлкен маңызға ие екенін, ал осында еңбек еткен ардагерлердің еңбегі елеулі болып қала беретінін атап өтті. Айтулы датаның Шу ауданы ғана емес, ел тарихында елеулі күн екеніне өз сөзінде ардагер теміржолшы Даулетбай Есімбеков те тоқталды. Айта кету керек, дәл осы ауқымды шараны, яғни 70 жылдықты аудан көлемінде атап өту туралы бастаманы Даулетбай Есімбеков көтерген болатын. Ал Жұмабай Шаяхметовтың немересі Равиль Шаяхметов халықтық құрылыс – «Шу–Мойынты» теміржолының ел өміріне әкелген өзгерістері жайлы тілге тиек етті.
Салтанатты шарада «ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС-нің адами ресурстарды басқару және әлеуметтік саясат департаментінің атқарушы директоры Әділжан Исмуханбетов сала қызметкерлерін, аудан жұртшылығын, ардагерлерді 70 жылдық мерейтоймен құттықтады. Қазақстан теміржолы саласының дамуында айтулы маңызға ие «Шу – Мойынты» учаскесінің маңызы ерекше екенін сөз етіп, көлік-логистика саласы экономикамызды алға бастайтын басты күштің бірі болып қала беретінін айтты.
Жиын соңы аудан өнерпаздары ұсынған концерттік бағдарламаға ұласты. Теміржолшылардың өмірінен сыр шертетін шағын көріністен басталған өнер иелерінің мерекелік тартуы да әсем ән болып әуеледі. Бұл – Шу өңірі үшін ғана емес, ел тарихындағы елеулі күн. Мұны теміржолдың бойында шыңдалған ардагерлер мен сала қызметкерлері жақсы түсінеді. Сондықтан өткенді қайта жаңғыртып, сала мамандарына құрмет көрсетіп, алғыс айту – елдік іс.

Ерғали Қартайған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.