Ұлттық мереке – ұрпаққа өнеге
Еліміздегі тарихи мәні мен маңызы зор мерекелер қатарындағы Республика күні мерекесі де өзіндік орынға ие. 1990 жылы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Қаз КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданғаны баршаға мәлім. Бұл – Қазақстанның болашақ тәуелсіздігінің іргетасы саналды. Сондай-ақ, 2001 жылы заң бойынша бұл күн мемлекеттік мерекелер қатарына қосылды. Өткен жылы бұл мереке ұлттық мереке статусын иеленіп, халықтың мерейін тағы бір асырды. «Ұлттық» деген сөздің өзі елін, жерін, Отанын, ұлтын сүйетін әр азаматтың жанына жақын әрі жағымды естіледі. Мен де бұл күнді ерекше қастерлеймін. Ал, оның ұлттық мереке болып бекітілуі мен үшін де үлкен қуаныш.
Бұл тұста Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тың бастамасы үлкен рөлге ие. Ол өткен жылы Ұлытауда өткен үлкен жиындардың бірінде Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынып, оны Қазақстанның басты мейрамы ретінде атап өту туралы бастама көтерді. Бұл бастама халықтың кең қолдауына ие болып, тиісті заңға өзгеріс енгізілді.
1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Егемендігі туралы декларацияның қабылдануы жолында көптеген еліне жанашыр жандардың, қоғам қайраткерлерінің, өзге де елдік жолында жанын құрбан еткен бірнеше отандастарымыздың ерен еңбегі жатыр. Ел Президенті айтып өткендей, бұл тұста ел ағалары мен зиялылар ұлттың санасын сақтау үшін қолынан келгеннің бәрін жасады. Мұны кейінгі буын өкілдері, жастар қауымы тарихтан оқып, біліп жатыр. Сол себептен, біз бұл күнге үлкен құрметпен қарауымыз қажет. Шын мәнінде, Республика күнін ұлттық мереке ретінде атап өтудің өскелең ұрпақ өкілдері үшін де тәрбиелік мәні зор.
Осындай оңтайлы сәтті пайдалана отырып, мен де барша жерлестерімді Республика күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Еліміз тыныш, жұртымыз аман, тәуелсіздігіміз мәңгі болсын. Ел дамуына үлес қосып, бірлігімізді нығайтуға күш салып, ерен істерді атқарып жүрген жандардың еңбегі жана берсін. Тәуелсіз еліміздің келешегі жарқын сәттермен нұрланып, биік белестерді бағындыра беруіне телектеспін.
Әбдімомын ЖЕЛДІБАЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
күйші-композитор,
«Құрмет», «Парасат» және «Достық» ордендерінің иегері.