Ақпараттық портал

Қайраткер атындағы ауылда қыруар жұмыс атқарылған

Ауыл – қайнаған тіршіліктің, бірлік пен берекенің ортасы. Мұнда ілгергілердің берік дәстүрін жалғастырып, таң алакеуімнен қас қарайғанша бейнет ететін жандар мекен етеді. Бүгінде әрбір мамандық маңызды. Солардың ішінде диқандар мен шаруалардың маңдай тері құрмет төрінде тұруы тиіс. Одан бөлек, ауылды гүлдендіріп, ағайынға қарайласам деген кәсіпкерлерді де ардақ тұтуымыз керек.
Бір күні босқа өтпеген өлкенің бірі – Д.Қонаев ауылы. Аудан орталығынан кейінгі алып елді мекендегі 1131 түтінде 5 жарым мыңнан астам тұрғын тіршілік кешуде. Ел арасында «кіші Ассамблея» атанған Қонаев ауылында жиырманың айналасында этнос өкілдері тату – тәтті өмір сүруде. Бұл ауылды бір жыл бұрын қайта сайланған білікті басшы Нұрсұлтан Нұрмағанбетов басқарады. Қара орман халықтың қолдауына қарап тәжірибесі мол әкімнің парасаттылығын пайымдаймыз.

Елдіктің арқауы – еңбек, бастауы – бірлік екені белгілі. Осыны жадында мықтап бекіткен қонаевтықтар бейнет атаулысына келгенде батыл. Ілгергі жылдары облыстағы үлгілі ауылдар тізіміне енген Д.Қонаев ауылында көптеген елді мекен көксеп отырған әлеуметтік нысандар бар.
Мәселен, халықтың аяулы перзенті Дінмұхамед Қонаевтың есімін еншілеген орта мектеп 1985 жылы салынған екен. Осыдан 2 жыл бұрын күрделі жөндеуден өткен білім ошағы бүгінде ауылдың ажарын аша түскені ақиқат. Қазіргі таңда 1295 оқушы емін-еркін сыятын орта мектепте 129 қызметкер жұмыс істеуде. Одан бөлек, 10 жыл бұрын ашылған «Бәйтерек» балалар бақшасы мен 3 жыл бұрын ашылған «Дария» бөбекжайы да болашақ ел азаматтарына мектепке дейінгі тәрбие беріп келеді. Сол секілді ауылда мектептен тыс білім беру мекемесі бірнеше үйірме бойынша шәкірттер баулуда.
5 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория да 2018 жылы күрделі жөндеуден өтіп, ауыл халқына 22 адам қызмет көрсетуде. Сонымен қатар, былтыр ғана ашылған 180 орындық су жаңа Мәдениет үйі де ауылға сән қосып, тұрғындардың сүйікті орнына айналған.
Ауыл әкімі Нұрсұлтан Сайлауұлының айтуынша, өткен жылы Қонаевта қыруар жұмыс атқарылған. Соларды санамалап шықсақ. Ауылдың бас кеңсесіне түрлі сауалмен тұрғындар келіп жатады. Солардың қатарында мүгедектігі бар жандар жоқ емес. Олардың ішке емін-еркін кіруі үшін жағдайды жасаған жөн. Осы жайтты ескерген әкімшілік жергілікті бюджет есебінен жұмыстар жүргізіп, әкімшілік ғимаратын ерекше қажеттілігі бар азаматтарға бейімдеген.
Одан кейін ауыл ішіндегі жалпы ұзындығы 2,540 шақырым болатын М.Мәметова, Жамбыл және Амангелді көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, биылғы мамыр айында мәресіне жеткен. Аталған жұмыстарға жергілікті қазынадан 48,3 млн теңге жұмсалған.
Ауыл тұрғындары тарапынан жиі көтерілген сұрақтың бірі – ауылға спорт кешенін салу болатын. Себебі Д.Қонаев ауылында спорт саласында жетістікке жеткен жастар жетерлік. Былтыр құрылысы басталған 108 орындық спорт-сауықтыру кешені балалар мен жасөспірімдердің жиі бас қосатын жеріне айналмақ. Құрылысқа республика бюджетінен 359,1 млн теңге бөлінген. Нысан өтпелі болғандықтан өткен жылы 133,3 млн бөлінсе, биыл 225,8 млн теңге қарастырылған. Оның 22,6 млн теңгесі аудандық бюджеттен бөлініп отыр. Қараша айында спорттық нысан жастар игілігіне беріледі деп күтілуде.
Жоғарыда атап өткен Мәдениет үйі де 2022 жылғы жұмыстың жемісі екенін еске салған жөн. Сонымен қатар, былтыр ауылдағы Д.Қонаев атындағы орта мектебінің жылу жүйесін көгілдір отынға қосу жұмысы басталып, ағымдағы жылы мәресіне жетті. Аталған жұмыстарға да қомақты қаржы беріліп, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 2022 жылы 70 млн теңгеге жуық қаражат құйылса, биыл да республикалық бюджеттен 28 млн теңге бұйырған.
-Мәселелерді кезең-кезеңімен шешу мойнымызға артылған жүк. Д.Қонаев ауылында өткен жылдың өзінде құны 800 млн теңгеден асатын жұмыстар жүргізілді. Біз тұрғындар тілегіне құлақ түріп, биыл да біраз шаруаларды қолға алдық. Оның ішінде «Бәйтерек» балалар бақшасының қазандығын табиғи газбен жабдықтау жұмыстары басталды. Оған «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 30,5 млн теңге бөлінген болатын. Қазіргі таңда жұмыстар жалғасуда. Сондай-ақ ауылдың басты көшелері Оңласынов пен Абылайхан көшелерін жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде. Сәтін салса жыл соңына дейін қос көшеде отырып түнде «ине сабақтауға» болады,-дейді ауыл әкімі Нұрсұлтан Нұрмағанбетов.
Құт ұялаған Қонаевта кәсібін өрге домалатып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне үлес қосып жүрген жандар жетерлік. Олар ауылдастарын жұмыспен қамту, күнделікті шаруаға керекті ұсақ- түйек тауарлар мен қызметтерді ұсынып отыр. Ауылдағы 24 азық-түлік дүкені, 3 шаруашылық заттары дүкені, 2 жанар-жағармай құю бекеті, 2 шаштараз, 1 дәріхана, 1 ветеринариялық дәріхана, 1 ет өнімдері дүкені, 3 көкөніс сақтау қоймасы, 1 мал сою алаңы, 1 жиһаздар өндіретін цех, 1 ағаш өндейтін цех және 1 тойхана халықтың әлеуметтік жағдайынан белгі беріп тұрғандай.
Одан бөлек, ауылдағы жалпы жер көлемі 27 545,19 га болса, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлері 23 281,89 га. 5442,43 гектар егістіктің 3 224 гектары – суармалы, 14 404,6 гектары – жайылымдық. Жалпы, елді мекен жайылымдығы 1732 гектарға жетеді. Аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімі тарапынан қосымша 1000 гектар жер беріліп, жайылымдық ұлғайтылған.
Ауыл әкімінің айтуынша, 1131 ауланың 768-і таза ауыз суға қосылған. Сол секілді 450 түтін көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Бірер ай бұрын ауылдағы үш ұңғыманың екеуінен су шықпай, халық қиналып қалған болатын. Мәселені шешу барысында қосымша ұңғыма қазу қажеттігі анықталды. Сөйтіп «Қазақмыс» корпорациясы есебінен ұңғыма қазу жұмыстары басталып кетті. Шаруалардың аяқ алысын жуырда аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков байқап кеткен. Бүгінгі таңда тереңдігі 250 метр болатын ұңғыма қазылып жатыр. Бұл жұмыстарға кеншілер 40 млн теңге қаржы бөлген.
Ауыл шаруашылығы саласына тоқталсақ, Қонаевта 1 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 5 өндірістік кооперативі, 279 шаруа қожалығы тіркелген. Тұрақты жұмыс істеп келе жатқан, егін шаруашылығымен айналысатын 267 шаруа қожалық және мал шаруашылығымен айналысатын 12 шаруа қожалықтары ауылдың әл-ауқатын арттыруға өз үлестерін тигізуде. Сондай-ақ ауылда 5 857 бас мүйізді ірі қара, 26 645 бас уақ мал, 424 бас жылқы, 354 бас шошқа мен 3 720 үй құстары бар.
Ауылдың аумағы айтарлықтай үлкен болғандықтан шешілмеген шаруалары да баршылық. Мәселен, ауылдағы 24 көшенің тек 5-уі ғана жарықтандырылған. Қалған 17 көшеге түнгі шырақ қажет. Одан бөлек, 9 көшеге асфальт төселмеген. Аталған мәселе ауыл әкімінің назарында болғандықтан келер жылдың жоспарында ұзындығы 4 шақырым болатын Ататүрік пен Д.Қонаев көшесінің 1,5 шақырымын асфальттау көзделуде дейді ол. Бұл жұмыстар да ауылды тотыдай түрлендірген «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы жүзеге аспақ.
Қазіргі таңда ауданның елді мекендерінің біразында балалар алаңдары мен стритворкаут бұрыштары орнатылуда. Одан бөлек, қуатты өндіріс орындары жақын орналасқан ауылдарға өз септіктерін тигізіп жатқанын аңғарамыз. Солардың қатарында Шатырқұл кен орнын игеріп жатқан «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС бар. Аталмыш кәсіпорын кен аумағындағы бірнеше ауылға спорт нысандары мен қажетті орындарды салуға уәде берген. Соның ішінде Д.Қонаев ауылында жоғарыдағы кәсіпорын аумағы 1200 шаршы метр болатын балалар ойын алаңшасын, волейбол және баскетбол алаңдарын салып, қоршап беруге кіріскен. Бұл жұмыстарға да «Қазақмыс» корпорациясы қазынасынан 50 млн теңгеге жуық қаражат жұмсалмақ. Жыл соңына дейін ел игілігіне беріледі деп күтілуде.
Аталмыш ауыл ықылымнан егін егумен, бау-бақша өсірумен айналысады. Сондықтан ауыл тұрғындары үшін маңдай тер мен егін суы өте қымбат. Сол үшін шаруаларды шөлдетпей, уақытында су беріп отыру қажет. Мұны айтып жатқандағы себебіміз жоқ емес. Себебі Д.Қонаев ауылындағы «ИДЖЖ-2» бағдарламасы арқылы құрылыс жұмыстары жүргізілетін «Ленина-1», «Красная весна-1» және «Красная весна-2» каналдарының құрылысына каналдар толыққанды енгізілмеген. Аталған каналдардың енгізілмей қалған шақырымдарын қосымша жобалық құжаттама жасап, қаражат бөліп, шаруа қожалықтардың суармалы жерлерін толыққанды жөндеу – уақыт талабы. Ол үшін жобалық-сметалық құжаттамаға өзгерістер енгізіп, қосымша қаражат қарастыру қажеттігін айтқан Нұрсұлтан Сайлауұлы «Поселковый» ағын су каналын бетондау жұмыстары біткенін айтуда.
Ауылдағы тағы бір өзекті шаруаның бірі – ауылдың кіре-берісіндегі полигон бейіттің жанында орналасқаны болып отыр. Сондықтан аталған полигонды басқа жерге ауыстыру қажеттілігі туындауда. Ауыл әкімінің мәлімдеуінше, қазіргі таңда полигонның жері ауылдың шығаберісінде Кемер-Бірлікүстем облыстық маңызы бар жолдың бойында сызбасы бекітіліп, аудандық жер комиссиясынан оң шешімі табылған. Алайда мемлекеттік АКТ-сі алынбаған. Ағымдағы жылы полигонды ауыстыру ЖКХ бөлімі тарапынан жоспарға қойылған.
Тұрғындар көкейіндегі түйткіл Бірлік – Қонаев бағытындағы теміржол өткелінен (переезд) тыс көпір немесе жер асты жолын салу. Себебі Бірлік-Қонаев бағытындағы теміржол өткелінен (переезд) Бірлікүстем, Қонаев және Бірлік ауылдарының тұрғындары және «Қазақмыс» ЖШС-нің жүк көліктері тұрақты түрде қатынайды. Оның үстіне теміржол өткелінің (переезд) шамадан тыс жиі жабылуы, бекітілген кестесінің болмауы, яғни нақты уақыттарының белгіленбеуіне тұрғындар наразылық білдіруде. Тіпті, жедел жәрдем көлігінің теміржол өткелінен өте алмауы жиі орын алған. Бұл мәселенің нүктесін «Қазақстан темір жолы» ҰҚ» АҚ қоймақ.
Қорыта айтқанда, Қонаев ауылында алға жылжу бар. Іске асыратын жұмыстар да аз емес. Алдағы уақытта толайым табыстарға кенелетініне кәміл сенеміз. Бастысы, ел аман, жұрт тыныш болсын дейміз.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.