Кітапхана – киелі шаңырақ
Саналы жұрт кітапты құнды мұраға балайтыны белгілі. Ал сол асыл қазынамызды көздің қарашығындай сақтап, оқырманға насихаттаушы – кітапханашылар. «Жақсы кітап – жан азығы» дегендей кітаптарды көпшілікке таныстыру – кітапханашының тынымсыз көп тіршілігінің бірі.
Соңғы жылдары мемлекет тарапынан кітапханашыларға көптеп көңіл бөлініп келеді. Оның ішінде жалақымыз артып, материалдық-техникалық база нығаюда. Сонымен қатар, мәртебемізді асқақтатып, кәсіби күндер тізбесі төл мерекемізбен толықты. Былтырдан бастап ҚР Үкіметінің №833 қаулысымен «24 қазан-Кітапханашылар күні» болып белгіленді. Бұған кітапханашылар қауымы шексіз қуанышты.
Кәсіби мерекеміздің қарсаңында шулық кітапханашылардың жұмысын оқырман қауымға жеткізуді жөн санап отырмын. Шу аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде барлығы 25 кітапхана халыққа қызмет көрсетеді. Қазіргі таңда қоғамда өзіндік ерекше орны бар кітапхананың даму, өсіп-өну тарихына тоқталатын болсақ, ол сонау 1933 жылдардан бастау алады. Сан жылдардан сыр шертетін кітапханамызға биыл 90 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде өз мамандығының қыр-сырын жетік меңгерген К.Қамбарбаева, З.Балхожева, А.Байтугелова, Ұ.Ибраева, Раимбекова, Б.Жалбиева, К.Райымқұлова, Ш.Әбдіғафарова, К.Құтыбекова, Г.Кокимова, А.Қоңырбаева, О.Ордабаева, Р.Аханова, М.Жаңылова, К.Жүнісова, Б.Көпбаева, Б.Мұқашева, Л.Сұрабалдиева, Р.Сатылғанова, С.Ержанова т.б. сынды майталман ардагер кітапханашыларымыз тер төгіп, сындарлы жылдардың өзінде халыққа мінсіз қызмет көрсетті. Ақмаңдайлы ардагерлеріміз салып кеткен сара жолды жалғастырып жатқанымызға қуаныштымын.
Біздің мекеменің түп тарихы 1933 жылы Алматы облысы, Шу ауданы, Новотроицкое селосында «Изба читальня» болып ашылғаннан басталады. Одан кейін сұрапыл соғыс басталған 1941 жылы Шу ауданы Жамбыл облысына қарап, кітапханамыз «Қызыл бұрыш» аталған. Араға біраз жылдар салып, 1952 жылы аудандық мәдениет бөліміне қарасты «Кітапхана» болып, 1956 жылы Жамбыл облысы Шу аудандық мәдениет бөліміне қарасты «Аудандық кітапхана» болып қайта құрылды.
Өздеріңізге мәлім, кез келген кітапхананың ең маңызды іргетасы–қор. Біздің әмбебап қорымызда 264641 мың дана, оның ішінде мемлекеттік тілде 233 684 дана кітап бар. Олар ғылыми-таңдамалы, көркем әдебиеттер, қазақша, орысша, шет тілдегі шығармалар мен еңбектер болса, 1595 данасы мерзімді басылымдар. Жыл сайын кітапхана шамамен 28750 оқырманға қызмет көрсетеді.
Уақыттың сұранысына сай, мұрағаттар мен құнды құжаттар сандық жүйеге көшіп, түрлі базалар жасақталуда. Сол секілді біз пайдаланатын «РАБИС» бағдарламасы бойынша дерек қорға 288 049 дана әдебиет пен мерзімді басылым енгізілген. Қазіргі уақытта біздің кітапхана аудандағы әдебиеттерді сақтап қана қоймай, мәдени һәм рухани орталыққа айналып келеді.
Замана алға озып, адамзат кемелдікке ұмтылған сайын кітап пен кітапханалардың рөлі мен маңызы, құндылығы арта түсіп келеді. Осы орайда Әбіш Кекілбаевтың «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деген дана сөзі ойымызды тұздықтай түседі.
Бүгінгі таңда кітапхананың қызмет аясы кеңейіп, өз мүмкіндіктерін арттыруда. Қазіргі заманда кітапхана оқырманға кітап ұсынып, оны қайта қабылдап қана қоймай, өзге де қызметтерді ұсынуда. Оған Бірлікүстем, Бірлік, Д.Қонаев, Шоқпар, Далақайнар, Балуан Шолақ, Бәйдібек, Мойынқұм, Сауытбек, Көкқайнар, Оразалы батыр, Белбасар, Жаңа жол, Абай, Ақтөбе, Көктөбе, Тасөткел, Шу қаласы мен Төле би ауылындағы 19 кітапхананың жанынан ашылған «Цифрландырылған ақпараттық орталықтар» дәлел. Аталмыш орталықтардан ауыл тұрғындары уақыттарын үнемдеп, өздеріне керекті 20 түрлі анықтаманы алуға мүмкіндіктері бар. Сонымен қатар Еgov порталы арқылы жалпы – 19 440 анықтама берілді.
Әріптестеріміз оқырман қауыммен тығыз қарым-қатынас орнату және жаңа оқырмандарды тарту мақсатында түрлі бағыттағы іс-шара өткізіп отырады. Олар бекітілген жоспарға сай, мереке мен мерейтойларды өткізіп тұрады. Біз биыл 1065 іс-шара өткізуді жоспарлаған болатынбыз. Қазіргі таңда оның 769 –ы өткізіліп, оған 13569 оқырман қамтылды.
Бүгінде бірнеше бағытты ұстанып, ұлт ұпайын түгендеуге тырысып жүрген кітапханамыз жерлестеріміздің жанына сая тауып, рухани тұрғыда тыныстайтын орнына айналған. Сондықтан біз оқырмандарға арнап жоба жасағанды жөн көрдік. Алдағы уақытта бұл жобалар өз жемісін сыйлайды деген үмітіміз зор.
Мәселен, «Шу жері – рухани қазына ордасы» мақсатты кітапханалық жоба аясында жергілікті ақын – жазушыларымыздың 30 дана кітаптарын сандық жүйеге көшіріп, 18 автормен келісімшарт жасастық. Сонымен қатар «Жаңалық жаршысы – «Шу өңірі» атты жоба бойынша аудандық «Шу өңірі»-«Шуская долина» газетінің 2008-2020 жылдар аралығындағы нөмірлері де цифрландырылды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табуда.
Қолға алып отырған тағы бір жобамыз – «Өлкелік туризм». Аталған кітапханалық жоба аясында Шу ауданы кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен Байзақ ауданындағы Әл-Фараби атындағы аудандық мәдениет үйінде, Шоқпар ауылдық мәдениет үйінде Төле би Әлібекұлының туғанына 360 жыл толуына орай жергілікті ақын-жазушылардың кітап макеттері мен фотогалереясы және «Шежірелі туған өлкем» тақырыбындағы көрмесі ұйымдастырылып, «Туралықты тұғыр еткен Төле би» тақырыбында әдеби-қонақжай кеші өткізілді. Іс-шара барысында көпшілік жазушы-драматург Елен Әлімжанның «Төле би» драмасынан үзіндіні, Төле бидің ұлт бірлігін нығайту бағытында айтылған өсиет сөздері мен халқы төріне шығарған тұлғаға арналған өлең-жырларды, жас оқырмандардың туған жеріне арналған әсем әндерін тамашалап, алғысын білдірді.
Сонымен бірге «Оқитын ұлт» жобасы шеңберінде «Жаз кітаппен», «Кітапхана түні», «Ертегілер елінде» тақырыбындағы кіші кітапханалық жобалар мен жергілікті ақын-жазушылардың шығармаларын насихаттау барысында «Кездесу кеші» т.б. көптеген іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп тұрады. «Ұлттық құндылықтар» бағдарламасы аясында ұлттық ойындар, салт-дәстүр,спорттық ойындар, ұлттық тәрбиеге баулитын іс-шараларды ұйымдастыру әрдайым ұмыт қалмайды.
Біз үнемі белсенділік танытатын оқырмандарға дән ризамыз. Оның ішінде зағип және көзі нашар көретін тұрақты оқырмандарымыз бізге қолдау көрсетуден танған емес. Мәселен, кітапханамыздың Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған бөлімінің тұрақты оқырманы Б.Қасымқұлов халықаралық «Ақ таяқ» күніне өткізілген «Мақсат бар жерде шектеу жоқ» облыстық байқауында ІІ дәрежелі дипломмен марапатталған болатын. Сонымен бірге спорт күніне орай аудандық шахмат пен дойбыдан жарыс ұйымдастырылды. «Менің сүйікті кітабым» атты республикалық эсселер байқауына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын-журналист А.Қосақов қатысып, аудан намысын қорғағанын айта кету керек.
Оқу мәдениетін қалыптастыру және отбасылық құндылықтар мен дәстүрлерді сақтауға, құрметтеуге тәрбиелеу мақсатында «Үздік оқырман отбасы» байқауы, Базарбай Мамытұлымен «Ақын елдің ардағы» тақырыбында әдеби-кейс, Аяз Бетбаевқа арналған «Қазақ әдебиетіндегі терме жанрын қалыптастырушы» атты библиошар, белгілі ақын, жазушыларымызға арналған «Шудан шыққан шынарлар» атты әдеби-әуенді кештер, ақын–сазгер Бақыт Исаевамен «Жүрегі жырдан жаралған» атты кездесу кеші, «Туған өлкем – байлығым» кітапханалық жобасы аясында ұйымдастырылған «Туған өлке тұлғасы» атты сыр-сұхбат кеші, жас ақын Гүлдана Исаевамен «Балаларға базарлық» атты кездесу кеші, Сұлтан Қалиевтің шығармаларын насихаттау мақсатында «Туған жердің тілмәры жырдан шашу шашады» атты оқу марафоны, «Тамызда тамған тамшылар», «Жусанды дала жырлайды», «Дала төсіндегі ән» атты кітаптарының авторы, нағыз талант иесі жерлесіміз Мәлібеков Сәт ағамызбен «Сезімді селт еткізген Сәт ақын» атты кездесу кеші, «Әр өңірдің болады бәйтерегі…» тақырыбында жергілікті ақын Ахметжан Қосақовпен кездесу кеші, қазақтың атақты күйші-композиторы Әбдімомын Желдібаевқа «Өнерім – менің өмірім» атты өмірбаяндық шолулар, кездесу кештер өткізілді. Шу ауданында дүниеге келген, қазақтың халық композиторы, жауырыны жерге тимеген балуаны Балуан Шолақ Баймырзаұлының 155 жылдық мерейтойына орай «Дала жұртын тамсандырған», «Өмірі – өшпес мұра» тақырыптарында портрет кеші, тұлғатану сағаттары сынды өзге де шаралар өткізілді.
Ақын-жазушылардың шығармаларын насихаттау, оқырмандарды кітап оқуға шақыру мақсатында «Бір өңір – бір кітап», «Бір ел – бір кітап» атты акциялары ұйымдастырылып тұрады. Сонымен қатар кітапханамыздың алтын қорын толтыру мақсатында «Кітапханаға кітап сыйлайық» акциясы өтіп, халқымыздың аяулы перзенті, аса ірі мемлекет қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері Д.Қонаевтың «Ақиқаттан аттауға болмайды» кітабын Д.Қонаев атындағы Халықаралық қорының Вице-Президенті Қалдарбек (Бек) Сраилов тарту етіп, жерлестеріміз С.Мәдмәрұлының «Дана ғой, Димекең», Ә.Жақыбаевтың «Күнің барда күліп жүр», С.Мәлібековтың «Дала төсіндегі ән», Т.Байқұловтың «Танымдық пен шындық», «ХХ ғасырдың 30 жылдарының басындағы жаппай ашаршылық кезеңіндегі Орта Азия Республикалары мен Ресейдегі қазақ босқындары: орналасуы мен бейімделуі» архив жинағы, С.Мешітбайқызының «Намыс қайрағы», «Ұлт шырағы» т.б кітаптарымен толықты және акция жыл соңына дейін жалғасын табатын болады.
Өз басым орталықтандырылған кітапханалар жүйесін алып кемеге ұқсатамын. Кемені капитан басқарғанымен, ескегін тұтас команда есетінін естен шығармаған жөн. Сондықтан тоқырау заманында да мамандықтарына махаббатпен қараған ардагерлер ізін кейінгі буын басып келеді. Олардың арасында өз кәсібіне тиянақты қарап, оқырманға қызмет көрсетуден талмайтын кітапханашылар жетерлік. Атап айтсам К.Лахаева, Б.Нұртаева, Ә.Қылышбаева, Э.Нұртаева, А.Төлегенова, Г.Керімбаева, Э.Раканова, Ұ.Жанабаева, Н.Шолпанбаева, С.Сатқанова, К.Бердібаева, Р.Даберова, З.Уалиева, А.Жанатауова т.б әріптестеріме алғысым шексіз. Жас буынның да талабына қарап, болашаққа деген нық сенім қалыптасып отыр.
Кітап – білімнің бұлағы, руханият ордасы, шығармашылық шарықтаудың ұясы. Әйгілі У.Шекспир де «Кітап – маған тақтан да қымбат» деп бағамдағаны бар. Тақтан да қымбат дүниені оқырмандарға таныстыратын кітапханашылар қоғам құрметіне лайықты жандар деп есептеймін.
Биыл екінші мәрте атап өткелі тұрған кәсіби мереке қарсаңында әріптестерімізге барлық жақсылықтарды тілеймін! Оқырмандары орманға айналып, тұтас ұрпақты кітап оқуға тәрбиелейтін ордадан құт кетпесін деймін!
Бағдагүл Алжанбаева,
Шу аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры.