Қаланы қоқыстан тазарту қарқынды жүргізілуде
Бүгінгі күнге дейін аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков өңіріміздегі барлық ауылдық округтерді, шалғай елді мекендер мен стансаларды бірнеше мәрте аралап, жергілікті тұрғындармен кездесулер өткізді. Мұндағы мақсат – ауылдықтарды алаңдатқан түйткілді мәселелерді көзбен көріп, тұрғындардың өз аузынан есту екені анық. Сол арқылы алдағы жұмыс жоспары түзіліп, елді мекендегі іргелі істер бір жүйеге келтірілмек. Ал күні кеше ғана аудан басшысы Б.Оразалыұлы мен аудан прокуроры Қайыржан Қуатбеков 40 мыңнан аса тұрғыны бар Шу қаласының бірнеше мөлтек аудандарында жергілікті халықпен кездесіп, қалалықтарды толғандырған сан сауалға жауап берді.
Алғашқы кездесу Тоғай мөлтек ауданында орналасқан А.Байтұрсынов атындағы білім ошағында өтті. Мұндағы тұрғындар көшені жарықтандыру, жаяу жүргінші жолағы, балалар қауіпсіздігі үшін жылдамдық тежегіш орнату, қаңғыбас иттер, учаскелік полиция және жолға қатысты мәселелерді көтеріп, аудан әкімінен оның оңды шешілуін сұрады. Одан бөлек, теміржол арқылы өтетін көпірдің құрылысына қатысты сұрақтар да болды. Иә, көпірдің жабылуы Қант зауыты мен Тоғай мөлтек ауданы тұрғындарының орталыққа қатынауына едәуір салмақ түсіргені рас. Дегенмен, көпірді жөндеу ең әуелі тұрғындардың қауіпсіздігі үшін екенін де ескеру қажет. Ал аудан әкімі аталған көпірдің құрылысы жоспар бойынша желтоқсан айында аяқталатынын жеткізді. Шынын айту керек, биылдың өзінде қалада біршама жұмыстар атқарылды. Оның ішінде көше жолдарын жөндеу, көппәтерлі тұрғын үйлерді модернизациялау және қала аумағын күл-қоқыстан тазарту сынды жұмыстар әлі де жалғасын табуда. Аудан басшысының сөзінше, бұл бағыттағы жұмыстар келесі жылы да қарқын алмақ.
Қаладағы Батыс мөлтек ауданы мен вокзал маңындағы тұрғындардың қатысуымен өткен кездесуде де көптеген түйткілдер айтылды. Тұтас Шу қаласына ортақ бір мәселе болса, ол – қаңғыбас иттерге қатысты мәселе. Сол себепті де тұрғындар алдымен осы түйткілдің шешілуін сұрады. Себебі, иесіз иттер мектепке ерте барып, кеш қайтатын оқушылардың өміріне қауіп төндіруде. Бұлай деуімізге ағымдағы жылы ғана Тоғай мөлтек ауданында қаңғыбас итке таланған бүлдіршіннің оқиғасы сеп болып отыр. Аудан әкімі қаңғыбас иттерге қарсы күрес жұмыстары еш саябырсымағанын айтады. Керісінше, иттерді аулау жұмыстары едәуір күшейтілген көрінеді. Жауапты мамандардың мәліметіне сенсек, қазіргі кезге дейін 900-ге жуық қаңғыбас ит ауланған екен. Солай бола тұра тұрғындардан түсетін өтініштер легі азаяр емес. Сондықтан да аудан әкімі бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жандандыруды тапсырды.
Одан бөлек, Түйебеков көшесінің тұрғындары жаяу жүргінші жолағы керектігін жеткізді. Бақытжан Оразалыұлы бұл жұмыстар келесі жылы басталатынын айтты. Сонымен бірге қалалықтар Жеңіс саябағын ретке келтіру туралы ұсыныстарын да тілге тиек етті. Өз кезегінде қала әкімі Елдос Нұралиев қазіргі кезде саябақты қайта жаңғырту мақсатында жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатқанын, сәтін салса, келесі жылы құрылысы басталатынын айтты.
Тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің қатарында қоқысқа қатысты түйткіл де бар. Иә, қаладағы қоқыс мәселесі күн тәртібінде тұр. Әкімдік тарапынан тиісті жұмыстардың барлығы атқарылып, қажетті техника мен адам күші де жұмылдырылды. Тіпті, арнайы бейнекамералар да орнатылды. Бүгінгі таңда дәл осы камералардың көмегімен 40-қа жуық тұрғынға айыппұл салыныпты. Сондай-ақ, қаланы қоқыстан тазартуға арнайы мекемелер де кіріскен. Олар тұрғындармен арнайы келісімшарт негізінде жұмыс жасамақ. Бірнеше мөлтек ауданда өткен халықпен кездесуде аудан әкімі мен прокурор тұрғындар тарапынан қойылған барлық сұрақтарға жауап беріп, алдағы жұмыс жоспарынан хабардар етті.
Ерғали Қартайған.