Ақпараттық портал

Жерлесіміз екі дүркін Азия чемпионы атанды

Жуырда ғана ауданымыздың тумасы, былғары қолғап шебері Бақыт Сейдіш Астана қаласында бокстан өткен Азия чемпионатында топ жарып, жеңімпаз атанды. 66 келі салмақта өнер көрсеткен жерлесіміз финалдық бәсекеге дейін барлық қарсыластарын басымдықпен жеңіп, ақтық сында да үндістандық спортшыдан басым түсті. Осылайша, Бақыт жастар арасында екі дүркін Азия чемпионы атанып отыр.

Ауданымызға қарасты Белбасар ауылында туып-өсіп, дәл осы ауылдан түлеп ұшқан Бақыт бұған дейін де бірнеше байрақты бәсекелерде бақ сынаған болатын. Дәлірек айтар болсақ, Испания мемлекетінің Аликанте қаласында өткен бокстан жастар арасындағы Әлем Чемпионатында жеңімпаз атанса, Иорданиядағы Азия чемпионатында да алтыннан алқа тағынған еді. Енді міне, Бақыт Саматқызы өзінің шын мықты екенін тағы бір мәрте дәлдеп, әлемдік аренада әнұранымызды шырқап, көк туымызды қайта желбіретті.
Күні кеше ғана елге оралған чемпионды ауылдастары ел болып күтіп алып, ерекше құрмет көрсетті. Сонымен бірге, аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков пен аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов те Әлем және Азия чемпионы Бақыт Сейдішті және жуырда ғана бокстан жасөспірімдер арасында өткен Азия чемпионатында күміс жүлдегер Айым Танкибаева мен бапкерлерін арнайы қабылдады. Бақытжан Оразалыұлы жерлестерімізді байрақты бәсекеде қол жеткізген үлкен жетістігімен құттықтап, ауданымызбен қатар тұтас елдің намысын абыроймен қорғап қайтқандары үшін өз ризашылығын білдірді. Өз кезегінде аудан басшысы былғары қолғап шеберлеріне сый-сияпаттарын табыс етті.
– Еліміз егемендікке қол жеткізген кезден бастап спорт саласы ерекше қарқын алды. Өздерің сияқты жас спортшылар әлемдік аренада үлкен белестерді бағындырып, көк туымызды көкте желбіретіп жүр. Әрине, спорт – үлкен қажырлылық пен шыдамдылықты талап ететін сала. Сондықтан, бүгінгі бағыттарыңнан таймай, алдағы уақытта үлкен шыңдарды бағындыруларыңа тілектеспін, – деді аудан басшысы.
Айта кету керек, Астана қаласында өткен Азия чемпионаты Бақыт Саматқызы үшін жастар арасында өткен соңғы жарысы болмақ. Бұдан былай жерлесіміз ересектер арасында өнер көрсететін болады. Ол жуырда өтетін үлкен бәсекеде бақ сынап, жерлестерін тағы мәрте қуантатынын жеткізді. Ал қазіргі кезде республика бойынша бірінші нөмірде өнер көрсететін Айым Танкибаева жуырда Әлем чемпионатына қатыспақ. Дәл осы додада үздік шықса, жазда жасөспірімдер арасында өтетін олимпиаданың жолдамасын қанжығалайтын болады. Жерлестерімізге алдағы сындардан сүрінбей өтіп, жеңісті жолдары жалғаса берсін деген тілектестігімізді білдіреміз.

Ерғали Қартайған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.