Сала қызметкерлері өзара бақ сынады
Денсаулық – адамзатқа берілген теңдессіз сый. Сондықтан саналы адам сыйдың салмағын біліп, оған зиян тигізбей, жақсартып тұруы қажет. Ол үшін бізге спорт көмекке келуі тиіс. Себебі спортты халқымыз саулық кепіліне балайды. Әрбір адамға спортпен шұғылдану бекітілмеген борыш. Әсіресе, маңызды қызметті атқарып жүрген мамандардың машығып отыруы опық жегізбейді.
Өткен аптаның соңында Төле би Әлібекұлының 360 жылдығына орай волейбол жарысы ұйымдастырылды. Аудан орталығында жалауын желбіреткен әуе доп аламанында мемлекеттік қызметшілер мен құқық қорғау органдары, сондай-ақ азаматтық қорғаныс саласының қызметкерлері өзара бақ сынаған болатын.
Жарыстың ашылуында сөз сөйлеген аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков бәсекеге сәттілік тілеп, ел игілігіне бағытталған қызмет пен спортты қатар алған қатысушыларға алғысын білдірді.
-Өздеріңіз жақсы білетіндей, спорт – саулық кепілі. Шыныққан тәнде шымыр рух бар. Сондықтан баршамыз бұқаралық спортты дамытуымыз қажет. Ол үшін осындай шараларды көптеп өткізіп, белсенді түрде қатысқан абзал. Бүгінгі волейбол жарысы жоғары деңгейде өтеді деп ойлаймын. Келешекте де осы аламанды дәстүрге айналдыру жоспарымызда бар,-деді Бақытжан Оразалыұлы өзінің құттықтауында.
Жеребе тарту рәсімінен өткен спорт және мемлекеттік қызмет ардагерлері, аудан әкімі аппаратының жастар командасы, аудандық және желілік полиция бөлімінің қызметкерлері, құтқарушылар мен мемлекеттік кірістер басқармасы секілді барлығы 7 команда екі топқа бөлініп, жүлделерді сарапқа салды.
Тартысқа толы ойын мәресінде Шу ауданы әкімінің аппараты жастық жігерлерін көрсетіп, бірінші орынды иеленсе, аудандық тәртіп сақшылары жарыстың күміс жүлдегері атанды. Ойында жас буынға үлгі көрсеткен ардагерлер командасы қола жүлдені қанжығаларына байлады.
Жеңімпаздар жарысты ұйымдастырушылар тарапынан бағалы сыйлықтармен марапатталып, кубок және медальдар еншіледі. Салауатты өмір салтын ұстанып, мемлекеттік саясатты жүзеге асырып жүрген сала қызметкерлерінің әріптестік байланыстарын бекіте түсуге бағытталған волейбол жарысы жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өткен жөн.
Жоғарыда айтқандай ұйымдастырушылар алдағы уақытта мұндай додаларды дәстүрге айналдырып, бұқаралық спорттың дамуына демеу болатындарын айтуда.
Байжан Емберді.