Ақпараттық портал

Жантану ілімінде үлесі зор

Ұлы ақын, жазушы, аудармашы, композитор, тарихшы және философ Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына биыл 165 жыл толып отыр. «Шәкәрім сөзі – халықтың асыл қазынасы» атты мақалада ақынның шығармашылығы, азаматтық келбеті қамтылған.
Мерейлі датаға орай дала кемеңгері Шәкәрім (азан аты – ШаҺкәрім) турасында азды-көпті мақалалар жазылып, мәні бөлек жиын, конференциялар өтуде, ол-рас. Өкініштісі, ғұламаның қазақ әдебиетіне қосқан үлесі, қала берді, ұлт тарихына сіңірген еңбегі деген тар шеңберді шиырлап, осы тұрғыда ұлықтаудан аспай қалдық.
Шәкәрімнің даналық өлеңдерін зейін қоя оқып, ұғынып алуға құлықсызбыз, қолымыз да тимейді. Апыр-ай, жеңіл-желпіге, үстіден қалқуға үйір келетұғынымыз қалай? Саяз жүзетұғынымыз қалай? Тереңірек үңілуге не, уақыт әлі жетпегені ме, әлде халқымыздың ой-өрісін өсіру қажетсіздік пе?
Ұзақ жылдар жапанда, Шақпақ шоқы бөктерінде, жалғыз тамның іргесіндегі киелі Обалы биіктің басында отырып, кең сахара кемеңгері Шәкәрім адамның ғана емес, хайуанаттар мен өсімдік әлеміне дейін тереңінен бойлаған. Жан барына көзі кәміл жеткен жайын былайша айтқан:
Хақиқатты дәл көруге,
Жан көретін көз керек.
Бас көзімен сенделуге,
Бізге рұқсат жоқ, шырақ!
Міне, өстіп тапқан жан сырлары (хақиқаттар) асыл мұраның ең қымбат бөлігі саналды. Адамзат қоғамы хақиқатқа зәру, шөліркеп отыр, қазір. Ендеше алыс-жақын жұрттарға «Шәкәрім – әлемдік деңгейдегі ой алыбымыз, көреген әулиеміз» деп паш етуге қарыздармыз.
«Адамшылық арым барша адам баласына пайдалы деп 30 жыл инемен құдық қазып, тапқан хақиқатты неге жіберіп, алдымен осыны басуын неге тіленбейсің деп еркімді билеп, «Жан сыры», «Жаралыс сыры» деген қысқаша қорытындымды тағы жібердім». Шәкәрімнің 1931 жылы Сәбеңе (С.Мұқанов) жазған хатының соңы осы. Қысқаша қорытындым деп Шәкәрім Сәбеңе «Иманым» жинағына топталған 30-ға тарта шедевр жырларын аманаттаған-ды. Олардың қай-қайсы да Құдай бар, жан ажалсыз деген түп хақиқатты паш етеді. Сонымен қатар, «Дене – құл, жан – қожа. Дене — терезе, жан – иесі» және «Өлімнен кейін де өмір бар» деген қағидаға бұлтартпас дәлел-аргумент болып табылады. Автордың «барша адам баласына пайдалы» дейтіні сол.
Шәкәрім жан, Құдай ұғымына Батыс ойшылдары секілді болмыстың «бірінші себебі» деп қарамайды. Он сегіз мың ғалам — жаратылыс Шәкәрімше Тәңірінің Бар және Бір екендігінің айнасы. Демек, ол кәдуілгі ойшыл философтар сапынан емес. Тағы Шәкәрім «Жүз пайғамбар «мұғжиза» көрсетсе де, Сені (Тәңіріні) көрмей мұсылман бола алмаймын» дейді. Демек, ол барша дін хакімдерінен иығы озық тұр.
Кейінгі ұрпақ «Шәкәрім кім болған?» деген сұраққа жауап іздерін көре білген әулие ақын «Мұтылғанның өмірі» һәм өзге де шығармаларында өзі туралы мол мағлұматтар берген. Соның бірі – «Көңіл» (1919 ж.) деген өлеңінде өзі жеткен ішкі жетілу, тазару деңгейі жайлы былай дейді:
Тазалыққа тағы кеттім,
Балалықты қуып жеттім.
Жоғары ғаршыдан өттім,
Осыны шыңдаған, көңіл!
Бұл жерде «жоғары ғаршы» — рух кеңістігі. Шәкәрім 61 жасында баладай тазарған болса, онан кейінгі 12 жыл ішінде руханият Эверестіне көтерілгені – таңырқарлық жәйт емес. Оған шығармалары бұлтартпас дәлел.
Міне, Шәкәрім кім болған дегенге айтарым, ол – халқымыздың мақтанышы, есімі ғасырдан ғасырға асатын ой алыбы.
Н.Рахимбаева,
Көктөбе ауылдық кітапхананың кітапханашысы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.