Өнерлі өрендерге жол ашқан
Қазіргі таңда жасөспірімдердің бос уақытын тиімді өткізу мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Ол үшін әр ауылда жұмыс істеп тұрған үйірмелердің маңызы зор. Себебі, түрлі үйірмелер балаларды өнерге баулып, өзін-өзі тануға жетелейді. Сондай үйірмелер ауылдағы мәдени ошақтарда жүйеге қойылғаны белгілі. Олар жыл ішіндегі жұмыстардың есептерін ұсынуда.
Сондай шараның бірі – жуырда Шу аудандық мәдениет үйіне қарасты Көкқайнар ауылдық мәдениет үйінде өтті. Онда осы мәдениет үйінің жанынан құрылған домбыра,вокал және драма, эстрадалық вокал деп аталатын әуесқой балалар үйірмелерінің “Үйірме – өнер бастауы ” атты есептік концерті көпшілік назарына ұсынылды.
Атап айтқанда, Вокал үйірмесіне қатысушы Бексұлтан Базарбай “Көзіңнің мөлдірін-ай” әнін, Айзере Кертай “Менің әжем дара” әнін, Айшагүл Имашбек пен Нұрай Болат “Ертегілер” әнін және басқа да әуендерді шырқады.
Ал, домбыра үйірмесінің қатысушылары “Би күйін” орындаса, драма үйірмесінің қатысушылары Кәусар Мұса, Бекнұр Рысбек, Рамазан Бекбосын, Ұлту Бектеналы Мұқағали Мақатаевтың “Аққулар ұйықтағанда” поэмасын сахналады. Сондай-ақ, олар Шәкен Аймановтың кинотуындысы “Тақиялы періште” және “Жетімдер” қойылымдарын қойды.
Шара соңында Шу аудандық мәдениет үйінің вокал әншісі, Шәмші Қалдаяқов атындағы әншілер конкурсының жеңімпазы Әділбол Мұратбек сөз алды. Ол әуесқой балалар үйірмесінің қатысушыларына өз тілегін білдірсе, ауылдың қариялары сахнада өнер көрсеткен жөсөспірімдерге ризашылығын жеткізді.
Байжан ЖЕЛДЕН.