Ақпараттық портал

Келбеті келісті Көкқайнар

Әлемнің қай түкпірінде болмасын, ауыл шаруашылығы аса маңызды, көп көңіл бөлінетін сала екені белгілі. Себебі ішер сүтіміз, жейтін нанымыз бен киіміміз фермерлердің маңдай терінің нәтижесінде бізге жетіп отыр. Сондықтан асыраушы салаға айрықша көңіл бөлу – әлеуметтің әл-ауқаттылығының кепілі екендігін көп мемлекет жақсы түсінеді.
Ол үшін ауылдағы ағайынға қарайласып, қал-жағдайына септесіп отыру қажет. Өйткені, ауылда қарапайым шаруалар мен диқандар тәуекелге бел байлап, мол өнімнен үміт етіп, ертелі-кеш еңбектің майданында жүреді. Ондай жандар біздің ауданымызда да жетерлік. Олардың бір парасы – Көкқайнар ауылдық округінде мекен етеді.

Бүгінде Қуатбек Жамбылов басқаратын Көкқайнар ауылдық округі Қордай ауданымен шекаралас орналасқан. Ауыл әкімінің айтуынша, елді мекенде 1771 тұрғын бар. Оның 955-і экономикалық белсенді азамат санатында. Ауылдағы 128 адам бюджеттік ұйымдарда еңбек етсе, 228 адам шаруа қожалықтарында жұмыс істейді. Сондай-ақ 559 азамат өзін-өзі жұмыспен қамтып отырса, 40 көкқайнарлық ақылы қоғамдық жұмыста тер төгіп жүр.
Аталмыш ауылдық округте жалпы жер көлемі 30177 гектарды құрайды. Оның ішінде 7900 га – егістік болса, қалған 21950 га – жайылым. Негізінен ата кәсіпті жалғастырған ауыл тұрғындарында 1353 мүйізді ірі қара, 30 мыңға жуық уақ мал, 900 бас жылқы мен 2000 құс бар. Бұл ауылдың бақуаттылығы 78 шаруа қожалығының жұмыстарынан байқалады. Олардың басым көпшілігі егін егіп, мал өсірумен шұғылданады.
Одан бөлек, кәсіптен нәсіп тауып, ауылдастарын жұмыспен қамтып отырған кәсіпкерлер де жетерлік. Мәселен, Айжан Ажикешова көкқайнарлық бүлдіршіндерге 50 орындық «Нұрдана» балабақшасын ашып, 15 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Сондай-ақ жеке кәсіпкер Раушан Елікбаева 200 орынға арналған «Шұғыла» дәмханасын ашып, ауылдың бес бірдей азаматына жұмыс тауып берген.
Сонымен қатар өткен жылы мемлекет тарапынан қайтарымсыз қаржы алған 4 азамат армандаған кәсіптерін бастап, өздерін жұмыспен қамтып, отбасыларына нәпақа табуда. Ал, Жансая Әскербек пен Гүлжанат Сағымбековалар табыс табудың тың тәсіліне көшкен. Олар ауылдың жақсылығында дастархан мәзірлерін әзірлеп, безендіріп, дастарханды тәтті тоқаштармен толтырып жүр.
Округке екінші мәрте сайланып, ауылдастарының сенімін арқалап отырған Қуатбек Тірібосынұлы биылдың еншісінде атқарылған жұмыстар баршылық дейді. Солардың бірі – ауылдың арғы-бергі тарихы мен бүгіні бедерленген төлқұжат болып отыр. Аталған жұмысқа 14 млн 483 мың теңге жұмсалып, ауылдың Қордай тұсынан кіреберісіне орнатылған. Аталмыш төлқұжат жазғытұрым салтанатты түрде ашылып, ауыл тұрғындары арқа-жарқа қуанышқа кенелген болатын.
«Барлық жақсылық – балаларға» деген қағидат бұл ауылда да басшылыққа алынған. Оны ауыл балаларының бір мезгіл ойнап, шұрқырасатын жаңа ойын алаңынан байқауға болады. Округ әкімінің мәліметі бойынша, балалар ойын алаңына 5млн 622 мың теңге бөлініп, толығымен игерілген.
-Кез келген елді мекеннің тұрғындары биліктен көлік пен табан жолдарының тақтайдай тегіс болуын сұрайды. Ал, асфальттанған көшенің күтімін ауыл ақсақалдары өз мойнына алады. Себебі олар әр нәрсені құнттап, құнын біледі. Көкқайнар ауылында барлығы 5 көше бар. Олардың басым көпшілігінің жағдайы жақсы. Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында ауылдағы Құрманқұл Кішібайұлы және Сарбұлақ көшелері 31 млнға яғни 1,300 шақырым жол асфальтталды. Сонымен қатар, Саттар Естемесов көшесі 2010 жылы жөнделгендіктен қазір тозығы жеткен. Сондықтан біз ұзындығы 1,4 шақырым болатын батыр атын иемденген көшені де келесі жылы жөндеуден өткіземіз деген жоспарымыз бар, -дейді ауыл әкімі Қ.Жамбылов.
Ал, кешкі уақытта ауыл тұрғындары ине сабақтауына да болады. Себебі 5 көше түгел түнгі жарықтандырылған. Ал оның тұрақты түрде жануын ауыл әкімшілігі өз бақылауына алған.
Тағы бір айта кетерлігі, Көкқайнар ауылдық округі «Ауыл аманаты» жобасының игілігін көріп отыр. Аталған жоба бойынша елді мекендегі 118 ауыл тұрғыны бақтарын сынауға ниет білдіріп, өз құжаттарын тапсырған. Оның ішінде бірінші бағыт бойынша 13 үй жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану жоспарын жүзеге асыруға мүмкіндік алып отыр. Сол секілді 99 аула жобаның екінші бағытына сәйкес мал шаруашылығын дамытуға ниетті. Жобаның мүмкіндігін пайдаланып көкқайнарлық 6 азамат өз кәсіптерін ашуды көздеуде. Жоғарыда атап өткен 118 үйдің құжаттары мақұлданып, жалпы соммасы 696 700 000 теңге игерілген.
Аталмыш ауылдық округте жобаның төртінші бағыты бойынша «Тарылған Агро» кооперативі құрылып, өз жұмыстарын жүргізуде. Бүгінгі таңда Бақытбек Әденов төрағалық ететін кооператив 2 тракторға иелік етуде. Одан бөлек, төраға қосымша соқа, шөп баулағыш пен бидай тазалағыш алу үшін тиісті өтінім бергенін айтуда.
Мәселелері біртіндеп шешіліп келе жатқан Көкқайнар ауылдық округінде бір түйткілдің түйіні тарқамақ. Нақты айтқанда, келер жылы Сарыбұлақ өзенінен ауылға дейін суармалы жерге су әкелу үшін арна орнатылады. Ұзындығы 11 шақырымды құрайтын лотоктарды орнату жұмысын ауыл әкімі округтің жоғарғы тұсын пайдаланып отырған «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС–нен сұрап отыр. Жобаның сметалық құжаттары 21 млн теңгені құрайды.
Бұдан бөлек, аталмыш кәсіпорын ауылға құны 239 млн теңге болатын күрес залын салып беруге бекініп отыр. Қазіргі таңда тиісті жер таңдалып, жоспары жасалып, мемлекеттік сараптамаға оң қорытынды алу үшін жолданған. Оң шешім қабылданған жағдайда бірер жылдың ішінде ауыл балалары еркін күреспен шұғылдануға мүмкіндік алмақ.
Көкқайнар ауылдық округіне көгілдір отын 2014 жылы жазда жеткен. Бүгінде ауылдағы 285 түтіннің 247-і газбен жылынып, ас-суын әзірлейді. Одан бөлек, ауыл әкімі келер жылы 5 әлеуметтік осал топтағы отбасыға газ кіргізіп беруге сұраныс бергенін айтуда. Ауылдағы С.Естемесов атындағы орта мектеп пен дәрігерлік амбулатория, ауыл әкімшілігі ғимаратының жылу жүйесі де газбен жабдықталғанын айта кеткен жөн.
Сол секілді көкқайнарлық тұрғындар биыл сапалы ауыз суға қол жеткізіп отыр. Бұған дейін жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде ауылда қазірдің өзінде 30-дан астам аула таза суға қосылып отыр. Бұл көрсеткіш күн сайын өсетіні де белгілі.
Халқымызда «Ауылына қарап азаматын таны» деген нақыл бар. Көкқайнар ауылында жаны жомарт, қолы ашық жандар жетерлік. Олар әлсіздерге дем беріп, қолтығынан демеп жіберуді борыш деп біледі. Сондықтан жақсының жақсылығын айту үшін ауылда жасалған жақсылықтарды паш етуді жөн санаймыз.
Мәселен, «Асарлатып үй салу» жобасымен ауыл тұрғындары демеушілігімен жалғыз басты ана Гулзира Қанатбаеваға баспана кілтін табыстаған. Сондай-ақ ауылдың жанашыр азаматы Марат Сырлыбаев Саттар Естемесов атындағы орта мектепте математика кабинетін қазіргі заман талабына сай жабдықтап берген. Мұндай мәрттікке ауыл тұрғыны мен мектеп ұжымы өз ризашылықтарын білдіруде.
Одан бөлек, ауылда түрлі мерекелерде қариялар құрметке бөленіп, аналар ардақталады. Әлеуметтік осал топтағы тұрғындарға да азық-түлік себеті табысталады. Ауыл жасөспірімдері де ата-әжелердің ақ батасын алу үшін олардың үйіне жиі бас сұғып, ұсақ-түйек шаруаларына көмектесіп тұруды әдетке айналдырған.
Аталмыш ауылдық округ әкімі Қуатбек Жамбылов биыл қыркүйек айында ғана екінші мәрте халық сеніміне ие болды. Бұл да болса жерлестерінің бұрынғы жұмыстарына бағасын бергендіктен деп санаймыз. Ол өзінің сайлауалды бағдарламасында көп дүниені қозғап, құрғақ уәде бермей, нақты істерді жасауға бел буған болатын. Нақтырақ айтқанда, суармалы жерді пайдалану, оған су жеткізу мәселесімен айналысу еді. Себебі бұл мәселе ұзақ жылдар бойы өзекті болғандықтан шешімін табу үшін де тиісті уақыт қажет. Сондықтан Қуатбек Тірібосынұлы алдағы уақытта осы мәселемен бел шешіп шұғылданатынын айтуда. Одан кейін ауыл төңірегінде мал жайылымы тапшылығын шешу де әкімнің сайлауалды бағдарламасына енген болатын. Алайда ауылдың айналасы егістік жерлері болғандықтан бұл мәселенің түйіні тарқатылуы мүмкін емес дейді. Себебі де оқырман қауымға белгілі шығар.
Шешімін таппай отырған түйіннің бірі – Көкқайнар ауылдық округінің Мәдениет үйінің қазандығын көгілдір отынға қосу. Ауыл әкімінің айтуынша, бұл жұмыс келесі жылы күн тәртібінен түспек.
Одан бөлек, бұл ауылда да біраз электр бағаналары ескіріп, желілері тозуға жеткен. Сондықтан құзырлы орындар оларды ауыстыруды ойластырғандары жөн.
Иә, ауылдың ажарлануы еліміздің гүлденуі екені әу бастан белгілі. Сол себепті ауыл өмірі әркімді алаңдатуы тиіс. Ол мейлі әкім, мейлі азамат болсын. Сонда ғана еңсеміз тіктеліп, елдігіміз ғұмырлы болады.
Құрманқұлдай ақынды, Саттардай батырды өсірген ауылдың бүгіні баянды, болашағы зор екенін білдік. Әкімінің жоспарына да үңілдік. Ел басқарған ерлер уәде үдесінен шығып, жұрттың көшін ілгері бастайды деп сенеміз.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.