Патриоттық ән байқауы өтті
Жуырда жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, ұлттық дәстүрді құрметтеу және патриоттық сарындағы шығармалардың отандық авторларына қолдау көрсету, репертуарды патриоттық тақырыптағы жаңа музыкалық шығармалармен толықтыру, қазақстандық ән туындыларының бәсекелестік әлеуетін арттыру мақсатында жастар мен жасөспірімдер үйірмелері қатысушылары арасында «Тәуелсіз елдің ұрпақтары» атты аудандық патриоттық ән байқауы өтті.
Шу ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен, аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткен бұл шараға ауылдық округтерден барлығы 31 үміткер қатысып, бақтарын сынады.
Ал, аудандық мәдениет үйінің әншісі, Мәдениет саласының үздігі Б.Қосыбаева, халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты, танымал әнші Б.Бейсеқожа және республикалық, облыстық байқаулардың лауреаты, танымал әнші, аудандық мәдениет үйінің вокал әртісі Ә.Қосыбаев қатысушылардың өнеріне баға беріп, төрелік жасады.
Байқау шарты бойынша қатысушылар екі номинация бойынша әндерін орындап, әділқазылар алқасының шешімімен жүзден жүйрік шыққандар анықталды. Атап айтқанда, Ақтөре Серікұлы (Абай ауылдық мәдениет үйі), Айару Серік (Шоқпар ауылдық мәдениет үйі), Каисса Тохтахунова (Шу қаласы), Ясмина Алиева (Шу қаласы), Керімбай Мирас (Көкқайнар ауылы) жүлделі орындарды еншілесе, қалған 26 үміткер ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.
Әділқазылар алқасы байқауға қатысқан барлық жеңімпаздарға алғысын білдіріп, үміткерлер ризашылықпен тарқасты.
Маржан Амангелдіқызы,
Шу қалалық мәдениет үйінің мәдени ұйымдастырушысы.