Жылдық жұмыс қорытындыланды
Дамудың даңғыл жолына түскен қай мемлекетті алсаңыз да әрқашан өзгеріс үстінде, жаңару, жаңғыру жолында адымдап басып келеді. Біз де адымдап баспасақ та алшаң басып, өз негізімізден ажырамай, өзгеріске бет бұрудамыз. Дамудың жаңа табалдырығына беттеген жасампаз ел ретінде әлем назарын өзіне аударып келе жатқан тәуелсіз мемлекетіміз “Жаңа Қазақстанды” құру жолында. Кейінгі жылдары елімізде болған саяси өзгерістер, атап айтқанда, Жалпыұлттық референдум, кезектен тыс Президент сайлауы, Парламент Мәжілісі мен жергілікті деңгейдегі мәслихаттар сайлауы, тағы басқа өзгерістер «Жаңа Қазақстанды» бірге құру жолындағы нақты қадамдар деп білемін. Осы бағытта елімізбен қатар біздің Шу ауданында да атқарылып жатқан жұмыстар ұшан-теңіз.
Осыған орай ағымдағы аптаның алғашқы күнінде аудандық мәдениет үйінде Шу аудандық аумақтық сайлау комиссиясының 2023 жылы атқарған жұмыстары мен 2024 жылға арналған жұмыс жоспарының орындалу барысы туралы аудан активімен есептік кездесуі өтті. Оған Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов, аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков, Шу аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Азамат Ошанов, аудан әкімі аппаратының басшысы Абай Нариман, аудандық мәслихат депутаттары, сайлау процесіне қатысты уәкілетті мемлекеттік органдардың басшылары, бас инспекторлар, жергілікті қауымдастық пен ардагерлер кеңесінің төрағалары, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құраларының өкілдері және округтік, учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері қатысты. Отырысты аудан басшысы Бақытжан Оразалыұлы ашып, жүргізіп отырды.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша «2023 жылғы атқарылған жұмыстарының жылдық есебі» туралы Шу аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Азамат Серікұлы, «Сайлаушылар тізімін өзектендіру және сайлау учаскелерінің материалдық-техникалық жабдықталу мәселесі туралы» аудан әкімі аппаратының басшысы Абай Жетпісбайұлы баяндама оқыды.
-Шу ауданы бойынша барлық сайлау комиссияларының саны-63, оның ішінде аудандық-1, учаскелік-44, облыстық округтік-1, аудандық округтік-17. Сайлау комиссиялары мүшелерінің саны-415, оның ішінде аудандық сайлау комиссиясы мүшелері-7, учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің саны-318, округтік сайлау комиссиялары-90. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың аудан бойынша саны-2586. Дауыс беру кезінде ерекше жағдайларды қажет ететін мүгедектігі бар сайлаушылардың саны-256, оның ішінде арбаны пайдаланатындар-128, зағиптар-104, құлағы нашар еститіндер-24. Үйден дауыс беретіндер-824. 2023 жылы 9 әкімдер сайлауы өткізілді, яғни 6 кезекті, 3 кезектен тыс сайлау өтті. 4 әкім саяси партия ұсынуымен (Amanat), 5 әкім өзін өзі ұсыну жолымен сайланды,-деп атап өтті Азамат Серікұлы.
-Аудан 44 сайлау учаскесіне бөлінген (37 учаске білім беру мекемелерінде, 2 учаске ауылдық мәдениет үйлерінде, 1 учаске ауылдық поштада, 1 учаске коммуналдық мемлекеттік мекемеде және 3 учаске жекеменшік ғимараттарда орналасқан).
Сайлауға түскен кандидаттар үшін 2015 жылы 26 ақпандағы аудан әкімінің №105 қаулысымен үгіттік баспа материалдарын орналастыруға 30 ақпараттық қалқа, сайлаушылармен кездесуі үшін шарттық негізде берілетін 27 үй-жай белгіленген болатын. Алайда инфрақұрылымның дамуына байланысты бұл белгіленген ақпарттық қалқа мен үй-жайлар аздық етуде. Мәселені шешу мақсатында аудан әкімінің шешімімен барлық кандидаттардың тең құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында қаулыға өзгерістер енгізіліп қосымша 8 ақпараттық қалқа (барлығы 38 ақпараттық қалқа болады), сайлаушылармен кездесу өткізу үшін шарттық негізде қосымша 18 үй-жай (барлығы 45 үй-жай болады) белгіленді. «Ашық НҚА» порталы арқылы жоба жария талқылаудан, мүдделі мекемелермен келісуден өтіп, Әділет органдарына келісуге жолданды. Аталған қаулы әділет органдарында мемлекеттiк тiркелген күннен бастап күшiне енеді.
№12 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша Шу аудандық мәслихатынан шығып қалған депутатының орнына сайлау 2024 жылғы 31 наурызға тағайындалған болатын. Аталған сайлау науқаны бойынша №12 округтік сайлау комиссиясы материалдық-техникалық жабдықтармен толығымен қамтамасыз етіліп, кандидаттарды сәтті тіркеуден өткізді. Округке қарасты №451, №455 сайлау учаскелері де тиісті деңгейде материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілетін болады,-деді Абай Жетпісбайұлы.
Баяндама тыңдалғаннан кейін Жамбыл облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Өмірзақұлы мінберге шығып, сайлау процесіндегі өзгерістер мен толықтыруларды атап өтті. Сондай-ақ, сайлауға атсалысқан азаматтарды марапаттады. Жиын соңында Серғали Айдапкелов жиылғандарға алдағы саяси науқанға үлкен жауапкершілікпен қарап, бірлесе жұмыстар істей отырып, әрқайсысына берілген міндеттерді дұрыс атқаруды тапсырды.
Айғаным Асқарбек.