Ақпараттық портал

Лайықты құрмет неге көрсетілмейді?

Жақында Шу-Төле би бағытындағы күрежолдың бойына орнатылған үлкен баннердегі «Шу ауданының мәдениет майталмандары» тақырыбына арналған ауданымыздың мәдениет саласына еңбек сіңірген «Құрметті азаматтарының» суреттерін көріп, арнайы тоқтап назар аудардық.
Үлкен жолдың бойына соңғы заман технологиясының үлгісімен жасалған баннерде мін жоқ десе болады. Алайда, тойға барсақ та танысын іздейтін халықпыз. Ауданымыздың абырой биігін көтеріп, мәдениет саласына көп еңбек сіңіріп жүрген аудан, облыс көлеміне ғана емес, республикамызға танымал «Қазақстан Республикасының Мәдениет саласының үздігі, суретші, мүсінші Қали Қораласбаевқа баннерден орын жетпей қалғаны көңілімізге қаяу түсірді.
Біз білетін Қали өнер саласында ауданымыздың атын шығарып, талай мәрелі жарыстардың жеңімпазы болғанына көпшілік куә. Санамалай бастасақ, аудан орталығындағы «Жастар» аллеясындағы тастан жасалған мүсін бейнелерді ауданымыздың 80 жылдық мерейтойына тегін тарту еткенін білеміз. Республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында үзбей жарияланып тұратын карикатуралық суреттері көпшілік көңілінен шығып, талай мәрте бас жүлделерді иеленген. Алматы қаласындағы Әбілхан Қастеев атындағы республикалық суретшілердің көрме жарысында да облыс мәртебесін көтеріп, жүлделі орынды иемденген. Барымызбен мақтанамыз десек, барымызды көрсеткіміз келмей, жасырып қалғаннан не ұтамыз? Біздің пікірімізше, аудандық мәдениет саласы қызметкерлері ауданымыздағы өнер саласына еңбек сіңірген азаматтарды толық білмейді, яки білгісі келмейтін сияқты.
Баннердегі тағы бір байқалған кемшілік – «Қаламгерлер мен өнер адамдары – халық айнасы» деген жазу. Тақтадағы портреттердің ішінен ауданымызға аты мәлім ешқандай қаламгерді көзіміз шалмады. Қаламгер сөзі жарнамаға жармасып, босқа тұрғандай. Мүмкін, біздің бұл уәжімізге дау айтатындар табылар. Тойға шақырған тізімде барсың, барсаң орын жетпей қалғанның керін келтірмей, кез келген үлкенді-кішілі істе өте ыждаһатты болу мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің қырағы әрі бұлжымас ережесі болуы – заман талабы. Көптің көзі көп нәрсені көреді. Өз міндеттеріне жүрдім-бардым қарап, әйтеуір жұмыс атқарсам болды деген немқұрайлылықтан бойды алшақ ұстау маңызды.
Жалпы, осы немқұрайлылық дегеннен қашан арылар екенбіз?!
Несіпхан Қоңырбаев,
журналист.

Leave A Reply

Your email address will not be published.