Ақпараттық портал

Былғары қолғап шеберімен жүздесу

Қазақта «Қарағайға қарап тал өсер» деген тағылымды сөз бар. Бұл жақсыдан өнеге алуға шақыратын тәмсіл болса керек. Себебі, арбаның кейінгі дөңгелегі алдыңғысына қарап айналады. Ал, қазіргі таңда біздің жас буынға үлгі керек-ақ…
Осыны ескерген Шу ауданы әкімдігі ішкі саясат бөліміне қарасты Жастар ресурстық орталығы жуырда жақсы бір шара өткізген болатын. Хабарландыруды естіген бозбалалар Шу аудандық Мәдениет үйіне белгіленген уақыттан бұрын жиналып, кәсіпқой боксшы, жұмыр жұдырықты жерлесіміз Батыржан Жүкембаевты асыға күтті.
Көп кешікпей, сахна төріне бокстан Америка құрлығы бойынша WBC және IBO Inter-Continental белбеуінің иегері Батыржан Жақсыбайұлы көпшілік қошеметімен жайғасты. Аталмыш шараға аудандық спорт бөлімінің басшысы Қ.Мауленов, белгілі бапкер Б.Раев және ауданымыздың жас спортшылары мен жастары қатысты.
Ел даңқын абыроймен асырып жүрген былғары қолғап шеберімен болған жүздесуде жастар өз сауалдарына жауап алып, ағаларынан ақыл-кеңес алды. Сонымен қатар боксшыға өз шеберліктерін көрсетіп, тиісті бағыт-бағдарға қанықты.
Қатысушыларға ұмтылыс сыйлаған кездесу соңында Б.Жүкембаев ізбасарларына қолтаңбасы қойылған қолғаптарын сыйға тартып, естелік суретке түсті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталған шара ауданда мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру аясында жастар мен жасөсіпірімдер арасында бұқаралық спортты дамыту және насихаттау мақсатында өтіп отыр. Әрі жас спортшылардың жігерін қамшылап, оларға жетістікке жетудің нақ үлгісін көрсету.
– Бүгінгі өткізілген шарадан аудан жастары керемет әсер алды деп есептейміз. Себебі балғын боксшылар тек теледидардан көріп жүрген чемпион ағаларын көзбен көріп, сұрақтарын қойды. Сонымен қатар әлеуеттерін паш етіп, шеберден ақыл-кеңес алды. Бұл өз кезегінде жас боксшыларды жаңа жеңістерге жетелейтіні сөзсіз,-дейді аудандық ЖРО директорының орынбасары Н.Қилыбай.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.