Ақпараттық портал

Жемқорлықпен күрес – басты міндет

Жемқорлық дегеніміз – мыңдаған ғасырлық тарихы бар әлеуметтік қасірет. Бұл кез келген қоғамның аса бір көкейтесті мәселелерінің бірі. Бүгінгі күні Қазақстан Республикасы сыбайлас жемқорлықпен күрес шараларын күшейте отырып, аталған әлеуметтік қасіретті жоюдың жолдарын барынша қарастырып келеді.
Қазақстан Республикасы – ТМД елдерінің ішіндегі сыбайлас жемқорлықпен күресу туралы арнайы заң қабылдаған бірінші және бірден – бір мемлекет. Еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған мәселелелерін, мемлекеттік органдардың осы бағыттағы жұмыстарының нысандылығы мен тиімділігін Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жеке бақылауында ұстап келеді.
Мемлекетіміз өз алдына тәуелсіздігін алғалы бері, бүкіл әлемге өзінің біртұтастығымен, ажырамас бірлігімен танылды. Қоғамның дамуы үшін, уақыт талабына сай туындаған кез келген реформа мемлекеттілігімізді нығайта түсу үшін әртүрлі кеселдерден айығуды басты міндет етіп қояды. Оның бірі – сыбайлас жемқорлықпен күрес жолы.
Қазақстан Республикасының 1998 жылғы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңы күшін жойып, 2015 жылдың қараша айының 18 күні біршама өзгерістер енгізіліп, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа редакциядағы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының көпшілікке ұсынылуы болатын.
Заңда мемлекеттiк мiндеттердi атқаратын адамдардың, сондай-ақ соларға теңестiрiлген адамдардың лауазымдық өкiлеттiгiн және соған байланысты мүмкiндiктерiн пайдалана отырып не мүлiктiк пайда алу үшiн олардың өз өкiлеттiктерiн өзгеше пайдалануы, жеке өзi немесе делдалдар арқылы заңда көзделмеген мүлiктiк игiлiктер мен артықшылықтар алуы сыбайлас жемқорлық деп ұғынылады. Сондай-ақ, бұл заңның мақсаты – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, сыбайлас жемқорлық көрiнiстерiнен туындайтын қауiп-қатерден Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтың алдын алу, анықтау, олардың жолын кесу және ашу, олардың зардаптарын жою және кiнәлiлердi жауапқа тарту арқылы мемлекеттiк органдардың, мемлекеттiк мiндеттердi атқаратын лауазымды және басқа да адамдардың тиiмдi қызметiн қамтамасыз етуге бағытталады.
Сыбайлас жемқорлық мемлекеттік негіздерді іштей күйретіп, ел экономикасына нұқсан келтіреді. Сонымен бірге жаһандық бәсекелестіктерге түсу кезінде мемлекеттің имиджіне кері әсерін тигізеді. Ең бастысы сыбайлас жемқорлық көріністері халықтың билікке, заңдарға деген сенімін жояды.
Сондықтанда сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізу – тек жеке адамдардың ғана емес, мемлекеттің әрбір азаматының, тұтастай қоғамның басты міндеті мен борышы екені анық.
Бұл міндетті орындау үшін еліміздегі әрбір азаматтың түбегейлі ой-ұстанымы, ерік-жігері қажет. Ал лауазым иесі өз жан–дүниесін ұдайы таза, адал ұстанған кезде ғана қарапайым халықтың сенімін ақтап, мемлекетіміздің тежеусіз дамуына зор үлесін қосар еді.
Айнаш Ерғазы,
Шу аудандық АХАТ бөлімінің басшысы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.