Тәжірибе алаңы шыңдайды
Қазақ тілі мен әдебиет пәні бірлестігінің кафедра жетекшісі Гүлжан Құлмахамбетова пән олимпиадалары мен түрлі байқаулар бойынша оқушылардың жетістіктерімен таныстырып, дарынды балалардың жұмыс жүйесін атап көрсетті.
Қазақ тілі пәнінің мұғалімі Индира Иембергенова «Оқушылардың ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыруда» қажетті ақпараттарды алу тетіктерін оқушы қызығушылығын ояту тәсілдерін, зерттеуге баулуға қажетті ұсыныс пен кеңестерін айтты.
Сондай-ақ аудан, облыс, республика көлеміндегі байқауларда жүлделі орындарға ие болған дарынды шәкірттердің жұмыстары көрсетілді.
11сынып оқушысы Аянат Қарақойшы ғылыми жобасын қорғаса, 9 сынып оқушысы Рауан Төлеуқұл ТЕDх форматта талдау жасады.
Қазақ тілі мен әдебиет пәнінің ұстаздары Айгүл Сатқынова “Егіннің бастары”, Нағима Қуанышбекова “Эссе жазу және оның құрылымы”, Жансая Абаева “Алғыс айту – парызым” атты шебер сынып сабақтарын паш етті. “Жаныңда жүр жақсы адам” сыр-сұхбатында Тараз өңірлік университетінің профессоры, ғалым Сейсегүл Исматованың ғылыми еңбек жолы туралы құнды ақпараттармен бөлісті.
Төле би атындағы орта мектебі қазақ тілі мен әдебиеті пән мұғалімдерінің шәкірттерімен бірлесіп жазған “Үздік эсселер мен мақалалар жинағы “оқу-құралы кітабының тұсаукесер рәсімі болып, білімге құштар қалың оқырманға жол тартты.
Семинарда өз тәжірибесімен бөліскен ұстаздар марапатталды.
Ләззат Оразбаева,
Шу қаласы.