Ақпараттық портал

Дебат – білім берудің озық технологиясы

Халқымызда би-шешендерді от ауызды, орақ тілді деуінің астарында тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айта білетінін, сөзбен түйрей алатынын, тауып айтылған сөз кейде жаныңды түйремек түгілі күйдіретіндігін де аңғартқан. Бабалардан жалғасып келе жатқан ділмарлығымыз, сөзшеңдігіміз өз арқауын үзбек емес. “Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ” деген текті ұлтымыз бірауыз сөзге де тоқтай білген. Күлтөбенің басында күнде жиын өткізіп, аталы, баталы сөз айтқан даналарымыздың ұрпағы бүгінде дебат алаңында жүйелі ой, ұтымды пікір айтып, қоғамдағы өзекті мәселелерге өз үндерін қосуда. Дебат арқылы өскелең ұрпақ тұлғалық қырынан дамып, тілдің тазалығы, ойдың көркемдігі, сынның ашықтығы сынды қасиеттерді шеберлікпен ұштастырады. Әрі дебат технологиясы арқылы азаматтардың комуникативтілік құзіреттілігі артады. “Сөз тапқанға қолқа жоқ” демекші, орынды жерде қиыннан қиыстырып, ұтымды сөз айта білуге жетелейтін пікірсайыс келешекте ел басқару ісіне де жол ашпақ.

Осыған орай Шу ауданының білім бөлімінің жоспарына сәйкес, Балалар жасөспірімдер өлкетану және туризм орталығының ұйымдастыруымен “Мәңгі өшпес жарық жұлдыз” атты аудандық пікірсайыс турнирі өтті. Оған аудан мектептерінен 20-ға жуық фракция қатысып, дебат ойыны “Америкалық парламенттік” форматта өтті. Пікірсайыс ойынында “Ең жақсы өмір ауылда деп есептейді немесе есептемейді”, “Туризмнің зиянынан гөрі пайдасы көп деп есептейді немесе есептемейді”, “Мектепке ұялы телефон әкелуге тыйым салынған заңды дұрыс деп есептейді немесе есептемейді”, “Мектептегі жалпы білім беру жүйесіне бизнес жоспар пәнін енгізу керек деп есептейді немесе есептемейді”, “Шет ел азаматтарына еліміздің балаларын асырап алуға тыйым салу керек деп есептейді немесе есептемейді” қарарлары бойынша фракциялар парламент және оппозиция болып бөлініп, өз пікірлерін қорғады. Басым түсіп отырған фракциялар іріктеліп, кезең-кезеңімен дебат ойынын жалғастырып отырды.
Пікірсайыс нәтижесі бойынша үздік деп танылған фракциялар лайықты орындарға ие болып, жеңімпаз командаларға ауыспалы кубок пен ақшалай сыйлықтар, диплом мен алғыс хаттар табысталды. Атап айтсақ, бас жүлде “Балалар жасөспірімдер өлкетану және туризм орталығына”, І орын Қонаев атындағы орта мектебінен келген командаға бұйырды. Ал, ІІ орынды Бекмаханов атындағы мектеп гимназиясы, ІІІ орынды Алтынсарин орта мектебінен келген фракция еншіледі. Сондай-ақ, «Үздік спикер» номинациясын Қ.Сәтпаев атындағы орта мектеп оқушысы Қазтай Нұрислам иеленіп, кубок және ақшалай сыйлықпен марапатталды. Барлық жеңімпаз қатысушыларға диплом мен алғыс хат, кубок пен ақшалай сыйлықты “Балалар жасөспірімдер өлкетану және туризм орталығының” директоры Лаззат Асанбаева беріп, жеңістерімен құттықтады.
“Жанам деген жүрекке от беремін” деп ақын Төлеген Айбергенов айтқандай, өскелең ұрпақтың дамуына бағытталған осындай шаралар жиірек өткізіліп тұрса, бәсекеге қабілетті жастарымыз көбейері анық. Пікірсайысқа жастардың қызғушылығының артып жатқанына өткізіліп жатқан дебат ойынына көптеген командалардың қатысуынан-ақ аңғарамыз. Алдағы уақытта тек мектеп оқушыларын ғана емес, ұстаздарды да тарту көзделіп отыр. Дебатты ойын деп емес, білім берудің озық технологиясы деп қабылдауымыз қажет. Ендігі жерде дебатты жандандырып, қанымызға сіңген шешендігімізді заман ағымына сай шебер ұштастырып, сөз саптауға, ой-өрісімізді дамытуға арналған тиімді әдістерді лайықты қолданып, сөздің құны мен құдіретін түсінуге талпынғанымыз абзал.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.