Ақпараттық портал

Мемлекет басшысы Физулиде Құрманғазы атындағы Балалар шығармашылығы орталығының ашылу рәсіміне қатысты

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев қазақтың дәулескер күйшісі Құрманғазы атындағы Балалар шығармашылығы орталығының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.
Заманауи инновациялық орталық Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қазақстандықтардың атынан бауырлас әзербайжан халқына гуманитарлық тарту ретінде қысқа мерзім ішінде салынды.
– Бұл – Қазақстан халқының тартуы. Менің жеке тапсырмам бойынша аталған сыйлықты жекеменшік BI Group компаниясы бүкіл халықтың атынан шын жүректен ұсынып отыр. Орталық елдеріміз арасындағы жан-жақты байланыстарды нығайтуға қызмет етеді деп ойлаймын. Сіздерге табыс пен бақ-береке тілеймін. Әзербайжанның осы қасиетті өлкесі қарыштап дами беретініне сенімдімін, – деді Қазақстан Президенті Физули жұртшылығымен әңгімелесу кезінде.
Өз кезегінде Ильхам Әлиев Қасым-Жомарт Тоқаевқа және барша Қазақстан халқына алғыс айтты.
Екі ел басшылары Орталықтағы жаңа кабинеттерді, кластарды, залдар мен шығармашылық студияларын аралап көрді. Ғимараттың іргетасы былтыр наурыз айында қаланған болатын. Нысанды жобалау жұмыстары үш айдың ішінде жасалып, құрылысы 9 айда аяқталды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық ұжымына Құрманғазы домбырасының көшірмесін, сондай-ақ білім ошағының тәрбиеленушілерін таситын автобусты сыйға тартты.
Akoda.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.