Ұлы бидің өнегесін ұлт ұрпағына ұлықтайық!
“Біздікі”, “бізден шыққан”, “өзіміздікі” деп иемденуден аулақпыз, Төле би бабамыз қазақ халқы, қала берді түркі жұртына ортақ тұлға, ортақ қайраткер. Дейтұрғанмен, біз Төле би Әлібекұлының кіндік қаны тамған, табаны топырағына тиген Шу өңірінен екендігімізді қалай мақтанбай айтпасқа?! Осы уақытқа дейін үш жүзіміздің бар екенін, Төле бидің төбе биіміз екенін біліп келгеніммен, үш кемеңгердің рухани дүниесіне бар ынтаммен бойламаған екенмін. Үш бидің рухани қайнарына бас қойғаным сол еді, ел мен жердің бірлігі, мемлекеттің ертеңі баянды болу үшін елеулі еңбектерін кәдемізге жаратуды жөн деп білдім. “Елдестірмек елшіден” демекші, екі елдің арасындағы жауласуды да, дауласуды да бір-ақ ауыз сөзбен тоқтата білген билеріміздің жолын жалғау үшін оларды үлгі ету істерін жолға қою керек секілді. Ертедегі билеріміздің екі елдің соғысын екі елі аузынан шыққан екі-ақ ауыз сөзбен тоқтатқанына қарап бүгінгі қариялардың ажырасуға бел буған екі жастың өзін бітімгерлікке шақыра алмай жүргендерін көргенде жұтаңдыққа ұшырап жатқанымызды аңдаймыз. Осы тұста Хакім Абайдың “Адам ақылсыздығынан азбайды, ақылдының сөзін ұғып аларлық жүректе жігер, қайрат, байлаулылық жоқтығынан азады” деген сөзі еріксіз ойға оралады. Ендеше өскелең ұрпаққа білім мен тәрбиені тел емдіруде халқымыздың от ауызды, орақ тілді би-шешендерінің, жырауларының ел аузында қалған өнегелі сөздерін дәріптеуді мықтап қолға алғанымыз абзал.
Үш жүзді ұйыстыра білген ұлылардың көксегені елдің тыныштығы, береке-бірлігі болды. Қашанда қаймағы бұзылмаған халықтың татулығын ойлаған олар кейінгі ұрпақ жүз-жүзге бөлініп, бір-бірімен қырық пышақ болсын демеп еді. Ұлтты ортақ мүддеге жұмылдыратын да, ұлт болып ұйыстыратын да, ұлтты дамудың даңғыл жолына түсіретін де ең басты киеміз – бірлік екені бесенеден белгілі. Бірлік дегенде Төле бидің өміріндегі мына бір оқиға еріксіз ойға оралады. Бірде Төле би бабамыз ауыр дертке шалдығып, көңілі құлазып, төсек тартып жатқан шағында оның бас жағында Әйтеке би, қаз дауысты Қазыбек би, аяқ жағында Көкі би, Мәлік би, Ержан би отырса керек. Сол сәтте сәлем беріп, үйге ұқыпты, қызылды-жасылды әдемі киінген, үстіне қару-жарақ асынған, егде тартқан үш адам кіріп келеді. Келгендердің біреуінің көзі шапыраштау, енді бірі шашы селдір қасқабас, ал үшіншісі доғал имектілеу, құстұмсық екен деседі. Келгендер Төле биге қарап «Біз үшеуміз үш жүзден сіздің көңіліңізді сұрай келдік. Халқымыздың ендігі алдан күтер бақыты бола ма, аяулы еліңізге қандай өсиет айтып кетесіз?» депті келген топтан ұшқырлық таныта сөйлеген құстұмсық кісі. Төле би жөткірініп, басын көтеріп алып “Жүзге бөлінгендердің жүзі қара, руға бөлінгендердің құруға асыққаны, атаға бөлінгендер адыра қалады. Қазақ халқы осы күнге дейін өзара достық, ынтымақта болып келдік, ендігі қазақ бақыты таздың басында, соқырдың көзінде, пұшықтың мұрнында қалмаса екен” депті.
Тәуелсіздік таңы атқалы етек-жеңімізді жинап, жоғымызды тауып, өшкеніміз жанды. Енді бет-бетімізбен кету жарамас-ты. Бүгінгінің көп қартына қарап қарнымыздың ашқанына емес, қадіріміздің қашқанына қарап налитындай күйге жеттік.
Өткен ғасырдың бас кезінде орыс жазушысы Максим Горький қазақтың зиялыларына “Сіздер алтын сандықтың үстінде отырсыздар” деген екен. Демек, өресі биік халқымыздың өткенінің өткелдері өлшеусіз тарихпен өрілгені өзімізге ғана емес, өзге елдерге де аян болып тұрғаны ғой. Соны жанымызбен түйсінгендіктен болар, ең алдымен “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты бағдарламалық мақаланы ерекше ықыласпен қабылдадық. Ізін суытпай тұғырнаманың жалғасы іспеттес “Ұлы даланың жеті қыры” мақаласын да жүрекпен тебірене оқып шықтық. Қос құнды құжаттың тақырыбының өзі-ақ «Мен қазақпын» деген кісінің делебесін қоздырып, ұрпақ бойына бабалар рухының асыл болмысын құйып жібергендей әсер қалдырады.
Ұлт ұрпағының санасы уланып, рухани жұтаңдыққа ұшырамауы үшін ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, рух көтеру мәселесі күн тәртібінен түспеуі ләзім. Айтпағымды ә дегеннен-ақ көбіңіз дөп басып, танып тұрғандайсыздар. Үш бидің даналық сөздерін дәріптеп, бүгінгі буынға ұран етіп, әр сөзден ой түйетіндей дәрежеге жеткізе білу үшін арнайы билер мектебін құрып, жоспарын үш бидің өнеге болар өсиеттерімен жүйелегеніміз дұрыс деп білемін. Ар-намысты биік қойып, ұрпағын ұятпен өсірген кемеңгер халықпыз. Әр нәрсенің обалын, сауабын да білетін халықпыз. Адам тұрмақ, мал екеш малға да, ұшқан құсқа, тіпті шыбын-шіркейге зиянымызды тигізбеген ұлт едік. Қазіргі бір-бірін аяусыздықпен өлтіріп жатқан заманда зорлық-зомбылықтың көкесін көріп, жағамызды ұстап қай жерден ағат кеттік деп кейінеміз. Қол қусырып, болған жайға бос көлгірсімей, болаттай берік қалпымызды қайта қалыптастыруға барымызды салатын кез келді. Бұл жерде де көптің көкейіне ой салар, өнеге болар Төле бабамыздың басынан өткен бір оқиғаны да үлгі ретінде айтып өтсем.
Ерте заманда Жоңғар басқыншылары өрттей қаптап, қазақ жерін таптап келе жатады. Қамсыз малын бағып отырған ел тым-тырақай босып, үдере көшеді. Сонда жалғыз – ақ бір үй түтінін түтетіп отыра береді. Жоңғар қонтайшысы батырларын жұмсап:
– Анау жалғыз үй неге көшпеген? Барып біліп келіңдер! – дейді. Келсе, ол Төле бидің үйі екен. Жоңғар нөкерлері әкіреңдеп:
– Жұрттың бәрі көшіп кеткенде, сен кімсің, неге көшпей отырсың?- дейді. Төле би олардың алдынан шығады.
– Жігіттер, сабыр етіңдер! Алдымен үлкен кісіге сәлем қайда? Әдет-дәстүрден бір сүрінген олар сәлем беріседі.
– Енді тыңдаңдар!- деп сөз бастайды Төле би.
– Шаңырағыма қарлығаш ұя салып еді. Сол құс қашан сарыауыз балапандарын қанаттандырып, өргізіп кеткенше мен еш жаққа көшпеймін. Қарлығаш – қасиетті құс. Адам баласының досы. Сендер білесіңдер ме? Ертеде дүниежүзін топан су қаптағанда Нұқ пайғамбардың кемесін суға батудан аман алып қалған осы қарлығаш! Адам баласына қастандық жасамақ болған жыланнан да қорғап қалған осы қарлығаш. Мен жау келді деп, үйімді жығып, оның ұясын бұзып, балапандарын шырылдатар жайым жоқ! Сендердің де балаларың бар. Сендерді жұмсап отырған ханның да перзенттері бар. Сонда балапандарыңды улатып-шулатып қырып, қырғын-сүргін қылып жатса, жақсы көресіңдер ме? Бар, хандарыңа осы сөзімді жеткізіңдер!
Жоңғар жігіттері барып, Төле бидің осы сөзін айтса, қонтайшысы:
– Ол әулие адам екен. Оған тимеңдер, оның төңірегіндегі елін де қозғамаңдар!- депті. Содан былай қарай Төле би “Қарлығаш әулие” атанып кетіпті. Міне “Сөз тапқанға қолқа жоқ” деп халқымыз бекер айтпаған ғой. Адамзаттың бәрін аяусыз қырып, елді елең-алаң күйге түсірген Жоңғарлар құстың ұясын бұзбай, тыныштығын ойлаған Төле бидің даналығына бас июінің мәні – обал-сауап деген ұғымдарда жатса керек. Құстың ұясын бұзуға жүрексінген халық едік, бүгінде екі жастың құрған отауын, жылы ұясын бұзып жатқан безбүйректерге қарап, тәрбиенің тізгінін тартып ұстау қажеттігін ұғынғандаймыз. «Тәрбие – тал бесіктен» деп халқымыз текке айтпаған. Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек деген әлемнің екінші ұстазы әл-Фарабидың даналық сөзі тағы бар. Тәрбиені қолға алсақ, әдіс-тәсілдер жетерлік, өскелең ұрпақтың өн бойына өнеге дарытар өсиет сөздеріміз де баршылық. Мектеп қабырғасында, тіпті колледж, университеттерде арнайы курс бағдарламасын түзіп, үш бидің ұлылығын айқындайтын, мәні мен мағынасы зор өсиеттерін жоспарға бекітіп, ұлттық құндылықтарымызды ұлт ұрпақтарының өн бойына дарытар кез келді.
Төле бидің өмірі дүниеге жаңа қадам басқан жастардан бастап, ересек тұлғаларға дейін рухани ұстаным бола алады. Тап осы жерде тағы бір дәлел келтіре кетсек те артық етпейді. Мен айтар едім, бала тәрбиелеу ісі балабақшадан басталса, сол кішкене балапандарымызды тәрбиелеу ісінде де Төле бидің өміріндегі өнегесі мол бір оқиға да үлгі бола алады.
Бірде бала Төле би жасы жүзге келіп отырған Әнет бабамен кездесіп ынтымақ, ел бірлігі жөнінде әңгіме өрбітеді. Төле «Қалай еткенде бірлік болады, оның күші қандай болмақ?» дегенді сұрайды. Сонда Әнет баба әуелі жауап айтпас бұрын бір бума солқылдақ шыбық алдырады.
– Балам, мынаны сындырып көрші? Төле буылған шыбықты олай-бұлай иіп, сындыра алмайды.
– Енді сол шыбықты біртіндеп сындыршы? Төле ортасынан буылған шыбықты шешіп, біртіндеп оп-оңай сындырып береді. Әнет баба “Бұдан не түсіндің, балам?”– дейді. Сонда Төле бала “Түсіндім, баба! Бұл мысалыңыздың мәні ынтымағы, бірлігі мықты елді жау да, дау да ала алмайды. «Саяқ жүрген таяқ жейді» демекші, бірлігі, ынтымағы жоқты жау да, дау да оп-оңай алады дегеніңіз ғой.
– Бәрекелді, балам, дұрыс таптың. Ел билеу үшін алдымен елді ауызбірлікке, ынтымаққа шақыра біл. «Бақ қайда барасың, ынтымаққа барамын» дегеннің мәнісі осы,–депті Әнет баба.
Міне, осы өскелең ұрпаққа үлгі болар оқиғаны балабақшадан-ақ көрініс ретінде көрсетіп, баланың санасына бірлік ұғымын сіңдіруге болады.
Ұлт пен ұрпақ. Осы екі ұғым төңірегінде жиі ойлануымыз қажет. Бәрінің бастауы – осы екі ұлы ұғымда. Ел ертеңіне сеніммен қарау үшін ұлт пен ұрпақты ұлылыққа жетелеп, ұлттық құндылықтарды қадірлеп, ұрпақтар сабақтастығын жолға қоюымыз қажет. Ұрпақ тәрбиесі қай уақытта болмасын алдыңғы орынға қойылғанда ғана ұлт болып ұйысарымыз анық. Рухы биік, отансүйгіштік қалпы бар ұрпағымыз болғанда ғана азаттығымыздың ақ таңы арайлап атып, егемендігіміз баянды болмақ.
Ұлтына жанымен беріле қызмет ететін ұлтшыл ұрпақты тәрбиелеу жолында ұстаздың алар орны ерекше. Дана Абай “Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады” деп текке айтпаса керек-ті. Әсіресе, осы айтылғандардың соңғысына артылар жүк ауыр. Әрбір ұстаз тәрбие мен білімді ұштастыра білгенде ғана ұлт ұрпағын тарихымызға тереңінен бойлата алады. Ұстаздық жолда анау айтқандай біліктілігім болмаса да, бірнеше жылдық тәжірибемнен түсінгенім, бүгінгінің балалары оқығаннан гөрі көзбен көргенге көп еліктейді. Бұрынғыларша жата-жастана кітап бетін парақтағаннан, смартфоннан түрлі парақшаларды түрткенге әуес. Таным деңгейі, ой-өрісі даму үшін көрген дүниенің де тәрбиелік маңызына баса назар аударған жөн. Сондықтан еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін өмір жолы өнеге болар Төле би бабаның даналық ойларын көрініс ретінде саналарына құйып, адам бойындағы жақсы қасиеттерді жанына ұялатып, жақсы істерге жұмылдыра білгенде ғана ел еңсесі биіктеп, ертеңіміз айқын болмақ!
Айғаным Асқарбек.