Қос ауылда қордаланған мәселе көп
Бүгінгі күнге дейін аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков өңіріміздегі барлық ауылдық округтерді, шалғай елді мекендер мен шағын стансаларды бірнеше мәрте аралап, жергілікті тұрғындармен кездесулер өткізді. Мұндағы мақсат – ауылдықтарды алаңдатқан түйткілді мәселелерді көзбен көріп, тұрғындардың өз аузынан есту екені анық. Сол арқылы алдағы жұмыс жоспары түзіліп, елді мекендегі іргелі істер бір жүйеге келтірілмек. Ал ағымдағы аптада аудан басшысы Бақытжан Оразалыұлы мен аудан прокуроры Қайыржан Қуатбеков Дулат ауылдық округіне қарасты Бәйдібек пен Бөлтірік елді мекендерінің тұрғындарымен кездесіп, ауылдықтарды толғандырған сан сауалға жауап берді.
Ең алдымен Бәйдібекте өткен кездесуде жергілікті халық көкейлеріндегі сауалдарын қойып, ауылдағы ахуалды әкімнің назарына ұсынды. Мұндағы тұрғындар ең әуелі ағын су мен жол жөндеу жұмыстарына қатысты мәселені көтеріп, аудан басшысынан оның оңды шешілуіне атсалысуын сұрады. Қазіргі таңда қос ауылдың да тұрғындарын алаңдатқан негізгі мәселе – ағын су мен ауыл ішіндегі көпірге қатысты болғандықтан, кездесудегі әңгіме өзегі де осы бағытта өрбіді. Бұдан бөлек, каналдағы судың арнасын реттеп отыратын гидротехникалық құрылғылардың орналасуына қатысты да бірқатар сұрақтар қойылып, жобаның техникалық қадағалаушысы тарапынан жауап берілді. Айта кету керек, соңғы бірнеше жылда ауданымызда ПУИД-2 бағдарламасы аясында бірқатар каналдардың құрылысы басталып, ондағы жұмыстар әлі күнге дейін аяқталмай отыр. Соның салдарынан шалғайда орналасқан Бәйдібек, Бөлтірік, Балуан Шолақ сынды бірнеше елді мекеннің тұрғындары егіс алқаптарына дән себе алмай келеді. Ағын су жеткізуге арналған каналдарды ретке келтіруде мердігерлер тарапынан біршама қателіктер де жіберілген. Сол себепті бұл жоба екінші мердігердің қолына беріліп, қазіргі таңда жұмысты ирандық «Туннель Садд Ариана» компаниясы жалғастыруда. Техникалық қадағалаушы компанияның өкілі аталған елді мекендегі бірнеше каналдың құрылысы биыл да жалғасып, ағымдағы жылы толық аяқталатынын жеткізді.
Ал, Бөлтірік ауылындағы тұрғындар ауыл ішіндегі көше жолдары мен электр бағаналары және жайылымдық жерге қатысты бірқатар мәселелерді көтерді. Тұрғындар тарапынан қойылған сауалдардың бірі кездесу барысында шешімін тапса, енді бірі алдағы жұмыс жоспарына енгізілді. Сонымен бірге, аудан басшысы елді мекен ішіндегі бірқатар мәселелерді де тұрғындармен бірге ақылдасып, алдағы уақытта оңды шешілуіне атсалысатынын айтты. Сондай-ақ Б.Жәнібеков қарлы, боранды күндері мұнда жарық жиі өшіп, салдарынан тұрғындар әбден әбігерге салынатынынан хабардар екенін атап өтті. Осыған орай, электр энергиясын таратуға жауапты жергілікті мекемеге арнайы хат жазылып, шалғай елді мекендердегі электр желілерін жаңарту бойынша ұсыныс берілгенін жеткізді.
Тағы бір айта кетерлігі, өткен жылы Бәйдібек ауылындағы бір көшеге жөндеу жұмыстары басталып, дегенмен ондағы жұмыс толық аяқталмай қалған. Аудан прокуроры Қайыржан Қуатбековтың айтуынша, жөндеу жұмыстарына жауапты «Архат Өркендеу» ЖШС-не қылмыстық іс қозғалып, нәтижесінде бөлінген қаржы толықтай мемлекетке қайтарылыпты. Сонымен қатар, кездесу барысында аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Кенеден келер қауіпті сейілту үшін арнайы дезинфекция жүргізілетіні, ол үшін тұрғындар қора-жайларын қазірден бастап тазалау керектігі ескертілді.
Ерғали Қартайған.