Ақпараттық портал

КӨРІСУ КҮНІ – ТАТУЛЫҚТЫҢ МЕРЕКЕСІ

Құрметті аудан тұрғындары!
Қадірлі жерлестер!
Баршаңызды Көрісу күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – елдің ырыс-ынтымағын арттыратын айрықша мейрам. Ұлы Абайдың «Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып…» деп дәріптеген өлең жолдары атаулы мерекені суреттейді.
Көрісу күні – күн мен түннің теңелген тұсында, қыстың қыспағы мен қиындығынан аман-есен шығып, Наурыз мерекесі алдында халықтың мәре-сәре болатын күндерінің бірі. Адамның аузы аққа, мал аузы көкке тиіп, ел мен елдің, жыл мен жылдың көрісіп, халық бір-біріне тілек тілейтін, шапағат шуағына бөлейтін шақ.
Адамдар бұл күні бір-бірінің арасындағы бұрынғы өкпе-ренішін кешіріп, араздықты ұмытып, бір-біріне амандық-саулық тілейді. Көктемге аман-есен жеттік деп, дастархан жайып, үлкендерге сәлем беріп, құттықтап жатады. Тарихи тамыры тереңге бойлаған бұл салт – дана халқымыздың ұлыс болып ұйығандығының жарқын көрінісі іспетті. Ұлық дәстүр бүгінде ұлттық ерекшелігіміз ғана емес, ғасырларға жалғасып келе жатқан ұрпақтар сабақтастығының алтын көпіріне айналды. Көрісу – адамдардың бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін қауышу мерекесі ғана емес. Жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін ізгі амал. Көктемнің елең-алаңында басталатын Көрісу салтының өзіндік ерекшелігі – бір күнмен шектелмейді, жыл бойы жалғасады. Бұл мейрам – өскелең ұрпақты ізеттілік пен мейірімділікке, ауызбіршілік пен кішіпейілділікке, татулық пен бауырмалдыққа бастайтын тағылымға толы.
Көктің тынысын тыңдап, жердің тамырын басқан, тұрмыс-тіршілігі табиғат-анамен тығыз байланысқан халқымыз үшін Көрісу дәстүрі – жаңару мен жасампаздықтың бастауы. Сондай-ақ ырыc пен берекенің арқауы деп бағаланған.
Тарихтан сыр тартқан, халқымыздың көне салт-дәстүрлерін, ғибратты тұрмыс-тіршілігін айшықтайтын Амал күнін тойлау бүгінгі күні тамырын тереңге жайған оң үрдіске айналды. Көрісу күні – өткенді саралап, болашағымызды болжайтын таразы. Осындай игілікті сәтте отанымызға – береке, халқымызға – игілік, мемлекетімізге – молшылық, ал әрбір шаңыраққа бақыт пен шаттық тілеймін!
Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесінің бастауы болып саналатын амал күні баршаңызға құтты болсын, ағайын!
Бақытжан ЖӘНІБЕКОВ,
аудан әкімі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.