Ақпараттық портал

Шуақ шашсын өңірге «Шу аруы»

Жаңару мен жаңғырудың жаршысы, тіршіліктің бастауы болған көктем мезгілінде табиғат ана қалай жасанып, жаңарса, қыз біткеннің барлығы да солай сыланып, сымбаты арта түседі. Содан болар, әйелдер қауымының ерек мерекесі осы мезгілге дөп келетіні. Көктегі, жердегі кереметтің бәрін қыздың сұлулығымен теңестіріп, бар әдемілікті қыз бойына ұялатқан текті халқымызда нәзікжандыларға теңеулі тіркестер көп-ақ. Сал-сері, әнші-жыршы, ақын-жазушы біткеннің қоржынындағы кесек туындылардың көбі қыздарға арналған десек, артық айтпаған болар едік. Табиғаттың тамашасының бәрінен қыз сұлулығын көрген дана халқымыз кер маралдай керілген, тотыдайын таранған, аққудайын сыланған, қақтаған ақ күмістей, сәмбі талдай, уылжыған алмадай, толықсыған айдай деп небір теңеулерді теліген.
Қашанда қыздарын төрге лайық көріп, жұмақты аналардың табанының астында деуімен тәрбиенің бастауын әйел затына лайық көретін жұртымыз салт-дәстүрдің сақталуын, ар-ұяттың үлгісін, өскелең ұрпақтың өнегелі болуын қаракөздерге жүктеген. Бүгін де сол ізгі жолдың арқауын үзбей, жер-жерде қыз сынын, қазақ аруы байқауын өткізуді дәстүрге айналдырған. Бұл игі істен біздің өңір де қалыс қалмай, арулардың ақылына көркі сай келуін бағамдайтын сындарды жиі өткізеді. Тіпті, аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің Жастар ресурстық орталығы «Шу аруы» байқауын дәстүрлі түрде өткізуді қолға алған.
Жаңашылдыққа жаны құмар жастардың басын қосқан Жастар ресурстық орталығының директоры Ғани Қойбағаров жылда өткізіліп жүрген бұл байқаудың бәсіне баса мән беріп, жыл сайын өзгеріс, жаңашылдық енгізуден тартынған емес. Былтырғы жылы өткізілген “Шу аруы-2023” байқауында “Kahoot” қосымшасы арқылы сұлу да сымбатты қыздарымыздың алғырлығын, тапқырлығын таныған болатын. Биылғы байқаудың ерекшелігі, қылықты қыздарымыз сахна төрінде, дүйім жұрттың алдында қос иыққа төгілген қос бұрымды келістіре өру, ас мәзірін даярлау арқылы дараланды.
Оқушылар сарайында өткен “Шу аруы-2024” байқауының шымылдығын түрген аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев сайдың тасындай іріктелген бойжеткендерімізге ізгі тілегін арнап, сәттілік тіледі. Халқымыздың бар құндылығын бойына ұялатуға талпынған, ұлттық нақыштарды дәріптеуге ден қойған қазақылықтың діңгегінен ажырамаған қыздарымыздың сан қырлы өнерін бағалаған Аналар алқасының төрайымы Айжан Иманова бастаған қазылар алқасы әділ төрелігін жасады. Бағасы асқан байқауда “Сәлем-сөздің анасы”, “Мәдениетім-мәртебем, өнерім-өрісім”, “Сымбатқа парасат сай келсе”, “Білектей арқасында өрген бұрым”, “Дастархан” кезеңдері бойынша аруларымыз бірінен-бірі асып түсуге барын салды.
Тоғыз ару бақ сынаған байқауда топты жарып, ІІІ орынды Аяулым Момыналы, ІІ орынды Асемай Құдайберді иеленсе, І орынды Аружан Бейбіт жеңіп алды. Замандастарынан оқ бойы оза шауып, нағыз қазақ қызына лайық екендігін дәлелдеген Еркеназ Қорабай бас жүлдеге лайық деп танылып, “Шу аруы-2024” атанды. Жеңімпаз ару Еркеназ Қорабайға былтырғы жылы «Шу аруы-2023» атанған Назерке Бодаубек тәжді тапсырды.
Үріп ауызға салғандай үлбіреп тұрған қыздарымыз үкілеген үмітімізді ақтап, үлгілі болып жүрсе, сол бақыт. Қыздардың, яғни болашақ аналардың қандай болмағы жас кезінде бойына сіңірген үлгі-өнегесінен де бастау алары анық. Сондықтан да тәрбиелік мәні зор, тағылымы мол байқауларды жиі өткізейік!

Айғаным АСҚАРБЕК.

Leave A Reply

Your email address will not be published.