Ардагерлер ел біріншілігінде топ жарды
Кейінгі жылдары ауданымыздағы бұқаралық спорт дамудың даңғыл жолына түсті деп нық сеніммен айтуға болады. Оған спорт саласының жыл ішіндегі жетістіктері айқын дәлел бола алады. Әсіресе, аяқ доптан өтетін аудандық, облыстық және республикалық бәсекелерде шулық спортшылар жеңіс тұғырынан жиі көрініп келеді.
Тіпті, жастардан бөлек ардагерлеріміз де футбол ойынынан ауданымыздың абыройын республикалық жарыстарда асқақтатуда. Дәлірек айтар болсақ, жерлестеріміз жуырда ғана Тараз қаласында кіші футболдан өткен 50 жастан жоғары ардагерлер арасындағы Қазақстан Республикасының V ашық чемпионатына қатысып қайтқан болатын. Шу ауданының ардагерлер құрамасы аталған ел біріншілігіне тұңғыш рет қатысып қана қоймай, ақтық сында өнер көрсетіп, күміс жүлдені қанжығаға байлап қайтты. Үш күнге жалғасқан доп додасының топтық кезеңінде шулықтар бір ғана қарсыластарына есе жіберіп, негізгі кезеңге жолдама алды. Бұл сында да бірнеше командадан басым түсіп, нәтижесінде ақтық сынға дейін сүрінбей жетті. Финалдық ойында сәл ғана ұмтылыс жетіспей, күміс жүлдені қанжығаға байлады.
Осыған орай, күні кеше ғана аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков футзалдан ел чемпионатының күміс жүлдегерлерімен арнайы кездесіп, аудан намысын республикалық аренада абыроймен қорғап қайтқандары үшін құрмет көрсетті. Аудан басшысы ардагер спортшыларға өз алғысын білдіріп, алдағы бәсекелерде тұғыр биігінен көріне берулеріне тілектестігін білдірді. Басқосу барысында аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов те өзінің жылы лебізін жеткізді.
Айғаным Асқарбек.