Ақпараттық портал

Ала доп аламанының үздіктері марапатталды

Өткен жылы ауданымызда «Шу футзал 2023-2024» лигасы бастау алып, өңір жастары ала доп аламанында өзара бақ сынасқан болатын. Былтырғы жылдың қараша айында бастау алған футзал лигасына барлығы 12 команда тіркеліп, олар 4 ай бойы өз шеберліктерін көрсетті. Ағымдағы айда аталмыш бәсеке өз мәресіне жетіп, жеңімпаздары анықталды. Осыған орай, аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен жеңімпаз командаларды марапаттау кеші өтті. Салтанатты шараға аудан әкімі Б.Жәнібеков бастаған өңіріміздің спорт жанашырлары мен жастар, жүлдегер командалар қатысты.
Ерекше форматтағы шара өңірімізде тұңғыш рет өткізіліп отырғанын да айта кеткен жөн. Аудан орталығындағы мәдениет ошағында өткен кештің шымылдығы Ә.Еспаев атындағы саз мектебі оркестрінің сомдауындағы «Алаш аманаты» композициясымен түрілді. Оған қоса, кіші футбол лигасындағы ойындардан көрініс пен спортшылардың пікірлері арнайы бейнеролик арқылы көрерменге жол тартып, ерекше әсер сыйлады. Салтанатты кештің алғашқы марапатын аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы, аудандық футбол федерациясын ұзақ жылдар бойы басқарған Ерболат Досымбаев табыстап, жарысқа қатысқан Сарыарқа, Далақайнар, Аманат, Бірлік, Тоғай, Аудан әкімдігі, Белбасар, Алға және Бұқаралық спортты дамыту сынды бірқатар командаларға бағалы сыйлықтарды табыс етіп, өзінің ризашылығын білдірді.
Бұдан әрі ардагер футболшы, үздік футболшылардың бірнеше буынын тәрбиелеген жаттықтырушы Бахтан Жаханұлы жекелей аталымдар бойынша үздік шыққан спортшыларды марапаттап, қаржылай сертификаттар мен бағалы сыйлықтарды салтанатты түрде табыс етті. Атап айтар болсақ, «Үздік төреші» аталымы бойынша Арсен Валиев марапатталса, «Жастарға үлгі ойыншы» аталымына Ерхан Байбутаев лайық деп танылды. Сонымен бірге, Мейірхат Аманқұл «Үздік қорғаушы», Ахмет Кермен «Үздік шабуылшы», Ерлан Шалқынбек «Үздік қақпашы», Әбдіғазы Балқыбеков «Көрермен көзайымы» және Аян Тұтқышбай «Үздік ойыншы» аталымдары бойынша марапатталып, қаржылай сертификаттарға қол жеткізді.
Айта кету керек, бәсекеге толы 4 айдың ішінде «Төле би» командасы 55 ұпаймен оза шауып, футзал лигасының жеңімпазы атанды. Ал 53 ұпайды еншілеген «ЭЧ» құрамасы екінші орыннан көрінсе, «Мұғалімдер» командасы 50 ұпаймен үздік үштікті түйіндеді. Кеш барысында Шу аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Азамат Ошанов үшінші орынның жүлдегерлерін марапаттап, 100 мың теңгелік қаржылай сертификатты табыс етсе, аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов екінші орын иегерлеріне 200 мың теңгелік сертификатты салтанатты түрде табыс етті. Ал, аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков жеңімпаз командаға 300 мың теңгенің сертификатын табыстап, жарысқа қатысқан барлық командаларға өз алғысын білдірді.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.