Ұлттық спорт сән құрды
Өткен аптада жалпы аудан халқы Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамын атап өткені баршаға мәлім. Жұртшылық өкілдері мерекелік шараның ірі ошақтары – аудан орталығы мен Шу қаласының орталығында өткен бағдарламадан бөлек, Шу қаласындағы Саттар Естемесов атындағы атшабар алаңында бәйге ойынын тамашалады. Мұнда да халықтың қарасы қалың болып, олар ойыншыларға барынша қолдау көрсетіп, шабандоздарға жанкүйерлік танытты.
Жарыс басталмас бұрын аудан әкімі Б.Жәнібеков көпшілік қауымды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізіп, ойынға қатысушыларға сәттілік тіледі.
Мұнан кейін көпшіліктің қошеметімен бәйге ойыны басталып, қатысушылар тай бәйге, құнан бәйге және аламан бәйгеде бақ сынады. Әр кезеңге мұқият зер салған қазылар алқасы, ойын барысын әділ бағалап, әділ шешім шығаруға күш салды.
Тартысты өткен бәйге ойыны нәтижесінде оқ бойы озып шыққан жеңімпаздар аудан әкімдігі, дене шынықтыру және спорт бөлімінің Бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығы тарапынан арнайы кубок және дипломдармен марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды. Атап айтқанда, жеңімпаз ойыншыларға теледидар, пеш, шаңсорғыш сынды өзге де тұрмысқа қажетті техникалар сыйға берілді.
Сондай-ақ, 20-наурыз күні Жаңа жол ауылдық округінде «Ұлттық спорт күні» аясында аудандық Бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізу орталығының спорт нұсқаушысы Е.Елікбаев пен «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің Жаңа жол ауылдық округі бойынша жастармен жұмыс жөніндегі маманы И.Халиеваның ұйымдастыруымен, жастар арасында көкпар ойыны өткен болатын. Бес команда қатысқан ойын нәтижесінде Бірлікүстем, Қонаев, Белбасар ауылдарының командалары жеңімпаз деп танылды. Үздіктер қатарынан табылған қатысушылар Бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізу орталығының кубок, медальдарымен, «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің дипломдары және бағалы сыйлықтарымен марапатталды.
Динара Батырхаирова.