Мерекелік кездесу
Жуырда Шу қаласындағы «AMAKids» оқыту орталығының ұйымдастыруымен, аталмыш орталықта дәстүрлі жәрмеңке өтті. Әр ай сайын өткізіліп тұратын жәрмеңке бұл жолы Наурыз мерекесімен тұспа-тұс келді. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан бекітілген «Наурызнама» онкүндігі аясында өткен шараға аудан әкімінің орынбасары Н.Сұлтанбаев, аудандық білім бөлімінің басшысы Т.Дүрманов қатысты.
Шара барысында қонақтарға оқыту орталығынан білім алып жүрген оқушылардың жетістіктері таныстырылды. Атап айтқанда, бірнеше халықаралық байқауларда топ жарып, аудан абыройын асқақтатып жүрген оқушылардың есімдері аталып, түрлі марапаттары баяндалды.
Жәрмеңке барысында Н.Сұлтанбаев және Т.Дүрманов орталық қызметкерлерін және жуырда Катар елінде өткен халықаралық олимпиададан жеңіспен оралған оқушыларды қол жеткізген жетістіктерімен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді.
-Әуелі баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен құттықтаймын. Бүгін орталықта білім алып жүрген балалардың жетістіктерін көріп, қуанып отырмыз. Алдағы уақытта да биік белестерді бағындыра беруге тілекшіміз. Балаларымыз шет мемлекеттерде еліміздің абыройын, білім беделін танытуда. Осындай жұмыстарды жүзеге асырып отырған орталық директоры Жанар ханымға рахмет. Алла разы болсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын,-деді Н.Сұлтанбаев.
Сондай-ақ, аудан әкімінің орынбасары Жанар Оралханқызымен әңгімелесіп, оқушылардың білімін жетілдіру бойынша аудан тарапынан қандай көмек қажет екендігін де сұрап, білді.
(«Шу өңірі» ақпараты).