Ақпараттық портал

Жастарымыздың болашағы алаңдатады

Басқа жақты білмейміз, біздің Шудың жергілікті, облыстық бұқаралық ақпарат құралдарының айтуынша, күннен-күнге гүлденіп, көркейіп жатқан мекеніміздің дақпыртын естіген сайын марқайып қаламыз. Шу десе, елең ете қалатын қазақстандықтар ә дегенде-ақ, оның сиқырлы шөбін сөз қылатыны рас. Қасіретімізге айналған қарасораның кез келгенді есінен тандыратын күшін дүние жүзі біледі. Жерлесіміз, ұлт жанашыры, құсбегі, этнограф, облысымыздың «Құрметті азаматы» Жапар Сатылғановтың «Болашағымыз балаларымыздың санасын улаған осы тіршілікке қалай тосқауыл жасауға болады, не істей аламыз?» –деген жанайқайы бекерге айтылған нәрсе емес.
Жапар ағамыздың қоғам дертіне айналған қарасора өскіндерін жинап, жас өмірлерін темір тордың арғы жағында өткізіп жатқан жастардың болашағына қатты алаңдаушылық білдіргенін азаматтық іс деп білемін. Рас, облыс бойынша Шу жастары Тараз түрмелерін толтырып отыр. Жаның ашитыны, кілең ауыл балалары, тіпті өздерінің не істеп жүргенін бағамдай алмаған албырт жастар. Қоғам дамуының қозғаушы күші болған жастардың уыз өмірлері өксікпен өтіп жатқанын біреу түсінер, біреулер «жазасын тартсын» дейтін шығар. Бірақ, өзіміз күн де көріп, куә болып жатқан келеңсіз істердің алдын алу шараларына неге үлкен лауазымдылар, ел тұтқасын ұстаған ағалар үнсіз?!
Жыл сайынғы ауыл, аудан әкімдерінің халық алдындағы есеп беру баяндамаларын оқып қайран қаламын. Бас айналдыратын цифрларды құрастырып өркендеп жатырмыз. Жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар мекемелерінің мәліметтері керемет. Мысал келтірсең, жаманатты боласың. Сонда осыншама жастар жұмыспен қамтылып, кәсіпкерлікпен айналысып жатса, қуанғаннан басқа не айтасың?! Ал ұрлық–қарлық, тонау, қурай теру, бұзақылық бойынша қылмыстар ашылғаны бар, жасырғаны бар қаншама жастардың үлесінде болып жатыр. Жұмыссыздық – адам баласын аздырар апиын. Біздің Шу өңірі ес білгелі кеңес дәуірінен бастап, қызылша өсіруге ыңғайлы мекен екенін бәріміз білеміз. Суармалы жерлеріміз де мол. Жыл сайын Шудың қант зауытын қайта жандандырып, келесі жылы жүзеге асырамыз деген сөз желдей есіп аудан халқын бір дүркіретіп, ауыл тұрғындарын үміттендіріп қоятын әдет пайда болды. Айтылмақ нәрсе ауылды жерде ұжымдасқан шаруа кооперативтері қимыл қозғалысқа келсе, ауыл жастарының еңбекпен шұғылданып, пайда табуына қолғабыс жасалған болар еді.
-Елдің бәрі бірдей ілдімар жылпос емес. Қамқорлық сол, жұмыс көзін табуға көмек болса ғана жастарды ауылға тұрақтандыра алар едік. Қазір ешкімге кінә қоя алмайсың. Оған қақың да жоқ. Нарық заманының заңы солай. Десек те, ауыл жастарына бірінші кезекте жұмыс орындары ауадай қажет. Жеке шаруа қожалықтары мал бағу секілді шаруаны күйттегенмен оның еңбекақы төлеу немесе айлық жалақы беру мәселесі кезінде арнайы заң келісімінсіз жасалған нәрсенің арты дау-дамай мен қылмыстық әрекеттерге ұласып жатыр. Себебі, аз шығынмен көп табыс тауып үйренген жекелер арнайы заң жобасының жоқтығын пайдаланып, адам еңбегін қанауды жақсы меңгерген. Өз еңбегінің өтеуіне арзымайтын жалақыға жалындаған бойында күш-қуаты бар жастардың қоғамдағы үстем тап өкілдеріне реніші күннен-күнге көбеюде. Соңында оңай олжаға жолыққысы келгендер «иесіз жатыр ғой»-деп шөп оруға шығады. Санасында тек қана пайда көрсем, мынау қызыл–жасыл әлемде көңілді өмір сүрсем деген түсінікпен «шөпке шыққан» бозбала жігіттер құқық қорғау органдарының қолына түсіп қылмыскер боп шыға келеді. Шу жастарын қасіреттен қалай қорғаймыз? Не істемек керек? Өтпелі кезеңде пысықай қулар есебін тауып еншілеп алған (халықтың үлесі бар) дүниесімен бөлісе ме? Малын баққызған жеке шаруа қожалық басшылары дұрыс жалақы неге төлемейді? Елім дейтін ерлер бар ма? Болса өзінің бауыры, туысы, қандасы болған ағайындарына неге көмек қолын созбайды? Бұл менің жұмысым емес, өздері білсін деп болып жатқан келеңсіздікті көрмей өте шығатын немқұрайдылыққа неге үйір болдық? «У ішсең руыңмен» деп зәредей тосын қылыққа ауыл боп ауыратын қоғамдық белсенділігіміз қайда?–деп жаны күйзелген Жапар ағамыздың жанайқайына біз де қосыламыз.
Айта берсең жауабы жоқ сұрақтың көптігінен жаңыласың. Жер жерде ақсақалдар алқасының топтары бар. Жарайды болсын делік. Қазіргі заманның өзіндік тұрмыс-тауқыметін тартып жүрген жастардың жан дүниесін түсіне қояр ма екен? Әрине, «Үйту керек, бүйту керек» –деп ақыл айту оңай. «Біз бүйткенбіз, сүйткенбіз» деп өздерін мысалға келтіріп, керемет қоғам қайраткерлері сезініп сөйлейтін кісілер жастарға құрғақ ақыл айтқаннан гөрі «қасіретке» айналған анашаның жолын бөгейтін амал–айла қарастыруға мұрындық болса құба-құп болар еді. Мәселен, сүт өнімдерін, отқа жағып жатқан жүн, тері шикізаттарымызды өңдеу істеріне шағын цехтар ашылуына, оған жұмыссыз жүрген жастарды тарту істеріне белсенділік танытып, себепкер болса, өнегелі істері кейінгі ұрпақтың нәсібіне айналары сөзсіз. Ол кісілердің заманы мен қазіргі жастардың заманының арасы жер мен көктей. «Екі қолға бір күрек» табылып жатса нәпақа табудан кім қашсын?
Мемлекетіміздің болашағы болған жастарымызды тура жолға бағыттап жол көрсетер ағалар ісіне қазіргі толқын зәру. Заңмен қорқытып бағындыру өз алдына. Адамгершілікпен сана түзулігін қалыптастыру – үлкеннің кішіге қамқорлығының арқасында жүзеге асатын іс. Сондықтан Ұлы Абайдай: «Әр қазақ менің жалғызым» -деп еміренетін жүрек болса… Қу дүниенің өтпелі екенін, артыңда тек көпке істеген жақсы істерің қалатынын ескергеніміз абзал. «Жастарымыздың жарқын болашағы үшін ұлт болып ұйысып, жұрт болып жұмылып, заман тажалына айналған қасіретке қарсы тұру әрекетін жасайық»–деген Жапар ағамыздың қамқор ниетіне қалай ырза болмайсың. Ол іс қалай болады? «Ханның сөзін қара да айтады бірақ, аузының дуасы жоқ» – демей, көп болып қолға алсақ алынбайтын қамал жоқ екені де белгілі. Ойланайық, ағайын… Кейінгі ұрпақ күндердің күнінде осы алдыңғы ағаларымыз не бітірген деп қарғысын айтпасын. Жастардың қоғамдық белсенділігін арттыру мақсатында жұрт болып бірігіп жұмыс істеуді жолға қою керек. Әрине, ондай істі ел алдында жүрген ағалар, түрлі қоғамдық, тәртіптік ұйымдар бірігіп ынтымақты жұмыс істеуінің арқасында ғасыр дертіне тосқауыл жасайтын шаралар іске асар еді. Әйтпесе тепсе темір үзетін, оң-солын танып үлгермеген жастардан «нашақор қылмыскерлерді» көбейтіп, есеп беру кезінде «бәлен пайыз орындалды»–деп цифрларды көрсеткеннен не ұтамыз? Ауданымыздағы ардагерлер, мәслихат, кәсіподақ ұйымдары, депутаттар осы ғасыр қасіретіне тосқауыл жасауға күш салу керек. «Әрекет қылмай, берекет болмайды»- деген тәмсіл сөздің күшін әрекет етуге жұмсайық ағайын!
Несіпхан Қоңырбаев,
журналист.

Leave A Reply

Your email address will not be published.