Кененің кеселінен сақтаныңыз!
Барша тіршілік біткенге қайта жан бітіп, табиғат ана оянатын көктем айында құрт-құмырсқа, шыбын-шіркей де қыбыр-жыбырын бастайды. Солардың ішінде адам өміріне қауіп төндіретін улы жәндіктер де бар. Яғни осы көктем айларында жер ананың беткі қабатында кенелер саны тез көбейіп, олардың ішіндегі ауру тасымалдаушы кенелер де адам өміріне қауіп тудырады. Айтпағымыз, Конго-Қырым геморррагиялық қызба ауруының эпидемиологиялық маусымы басталды.
Бұл ауру бұрындары көкала деп аталған. Сонау екінші дүниежүзілік соғыстың өрті өршіп тұрған 1944 жылы ең алғаш рет Қырымда тіркелген бұл ауру кейіннен 1956 жылы Конго мемлекетінде тіркеледі. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруы дүниежүзінде Африка, Азия елдерінде, оның ішінде Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Пәкістан, Түркия және Ресей мен бірқатар Европа елдерінде кездеседі.
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруы немесе көкала – табиғи ошақтық аса қауіпті жұқпалы вирусты инфекция. Бұл аурудың аса қауіптілігі өлім-жітім көрсеткішінің өте жоғары болуында, яғни 30-70 пайыз аралығында.
Географиялық ерекшеліктеріне байланысты Қазақстанның 4 аймағы осы аурудың табиғи ошағы болып табылады, атап айтсақ Қызылорда, Жамбыл, Түркістан облыстары және Шымкент қаласы. Ал, Жамбыл өңірінде біздің Шу ауданы да аса қауіпті ай аймаққа кіріп отыр. ҚКГҚ ауруы бойынша эндемиялық аймақта жоқ дегенде бір науқас немесе вирус тасымалдаушы кене тіркелген кезде бүкіл елді мекен эндемиялық ошақ болып саналады.
Өкінішке қарай, 2023 жылы Шу ауданының эпидемиологиялық жағдайы күрделі болды. Аудан бойынша 2023 жылы тұрғындар арасында Конго-Қырым геморррагиялық қызбасымен 8 адам тіркелді, атап айтсақ, Шу қаласынан-4, Балуан Шолақ ауылынан-1, Қонаев ауылынан-1, Бәйдібек ауылынан-1, Мойынқұм ауылынан-1 жағдай тіркелді. Ең өкініштісі, Конго-Қырым геморррагиялық қызбасынан 1 жағдай өліммен аяқталды.
Табиғи ортада ҚКГҚ вирусы кенелердің және әртүрлі жабайы жануарлар мен үй жануарларының ағзасында болады. Аурудың негізгі тасымалдаушысы иксод кенелері. Кенелер күннің көзі жылысымен жылы қанды жан-жануарларға және адамдарға шабуыл жасайды. Сондықтан адамдар арасында Конго-Қырым геморрагиялық қызба ауруы кенелердің белсенділігі артқан кезде жиі кездеседі, яғни көктемде наурыз-маусым айлары мен күзде қыркүйек-қазан айларында. Ауру кене шаққанда немесе қырқым кезінде кенелердің қаны арқылы, не болмаса ауру адамның қанымен жанасқанда жұғады.
№ ҚР ДСМ-114 бұйрығына сәйкес, “Аса қауіпті инфекциялық аурулардың алдын алу бойынша санитариялық-эпидемияға қарсы, санитариялық-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар” негізінде кенеге қарсы жоспарлы іс-шаралар биыл 2024 жылы 3 кезеңмен өткізіледі. Шу ауданы бойынша ерте көктемде және күзде кенеге қарсы дезинфекциялау жұмыстары жүргізілуде. Оған облыс бюджетінен тисті қаржы бөлінді. Осыған орай бұйрықтың 63 тармағына сәйкес, КҚГҚ-ның табиғи ошағы Шу, Балуан Шолақ, Қонаев, Бәйдібек, Мойынқұм, Алға елді мекендеріндегі мал шаруашылығы қора-жайларын, жеке аулаларды кенеге қарсы өңдеу басталғанға дейін (қидан, қоқыстан) тазалауды ұйымдастыру қажет.
Шу аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының ұйымдастыруымен тұрғындар арасында эпидемияға қарсы ақпараттық жұмыстар жүргізілуде. Шу ауданы әкімдігі, Шу аудандық санитариялық–эпидемиологиялық бақылау басқармасы, Шу аудандық орталық ауруханасы және ауылдық округ әкімдерімен «Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу туралы» тұрғындар арасында бірлескен ақпараттандыру мен түсіндіру жиындары өткізілді. Ауданымыздағы 6 елді мекеннің көшелерінде «Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу туралы» билбордтар ілінді. Шу ауданының барлық мектептеріндегі оқушыларға да түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ағымдағы жылдың басынан бері «Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу туралы» тақырыбында 1 үйлестіру кеңесі, 1 штаб отырысы, 2 семинар, 2 медициналық кеңес, 30 елді мекен тұрғындарымен кездесу, 450 лекция өтті.
Басталуы кез келген вирустық инфекцияда болатын белгілермен сипатталады – дене қызуының күрт көтерілуі, бас ауруы, тамаққа тәбетінің болмауы, буын мен белдің сырқырауы. Келесі күні лоқсуы, құсуы, іші өтуі, ине салған жерлері көгеруі, беті ісініп, қызаруы мүмкін. Ауру одан әрі дамыған жағдайда науқастың мұрнынан, қызыл иегінен, ішектен қан кете бастайды, тері бөртпелері және тері астына қан құйылу арқылы көкала дақтар пайда болады. Осының салдарынан науқастың жағдайы нашарлап, әлсірейді, жүректің соғуы жиілейді. Аурудың бірінші белгілері пайда болған жағдайда өлім-жітімді болдырмау үшін емдеуді мүмкіндігінше тез бастау керек. Қазіргі уақытта ҚКГҚ ауруын емдеу әдістері тиімді нәтиже беруде. Сондықтан егер Сізді кене шаққан болса, міндетті түрде тұрғылықты жер бойынша емдеу мекемесіне медициалық көмекке жүгініңіз. Медицина қызметкерлері 14 күн бойы медициналық бақылау жүргізеді.
Кене шаққанда өзінің сілекейімен арнайы фермент бөледі, сол себепті көпшілік жағдайда кененің шаққаны білінбейді. Денеге жабысқан кенені байқаған кезде жақын орналасқан емхана немесе ауруханаға медкөмеккке жүгіну керек. Қорғалмаған қолмен кенені ұстау қауіпті екенін есте сақтаңыз! Кенені жалаң қолмен және бірден жұлып алуға болмайды, өйткені кененің тұмсығы қалып қойып, орны іріңдеп, жара болуы мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы бойынша кенені қарапайым медициналық қысқышпен (пинцетпен) немесе резина қолғап киіп немесе шүберекпен неғұрлым тұмсығына жақын жай қысып ұстап, шайқамай, бұрамай тарту керек. Шаққан орнын иод ерітіндісімен немесе спиртпен залалсыздандыру қажет.
Табиғи ошақтарындағы адамдарға кенелердің шабуылынан жеке қорғану үшін арнайы киім кию ұсынылады: қалпақты комбинезон, шалбардың балағын шұлықтың ішіне салу және резеңкелі манжетті жеңі бар көйлек кию қажет. Саяхатшылар және балалар табиғатқа демалысқа шыққан кезде кененің жабысқаны көрінетін ашық түсті жақсы қорғалған киім, аяқ киім, бас киіммен қамтылуы керек. Дененің ашық жеріне кенелерді қорқытатын репеленттер (спирттік зат, одеколон) және киімге кенелерді өлтіретін акарицидті құралдарды қолдану керек.
Кене малдың үстінде болатындығын ескере отырып, малды алдын ала ерте көктемде кенеге қарсы егіп, мал қорада кенеге қарсы улау жұмыстарын жүргізу қажет. Мал күтімімен айналысу барысында бөлек арнайы киім пайдаланып, мал қорадан шыққанда оны ауыстыру керек. Осы қарапайым қағидаларды қатаң сақтап, өз денсаулыңығызды, өміріңізді сақтаңыз!
Мұрат Сәулебаев,
Шу аудандық санитариялық- эпидемиологиялық бақылау басқармасының
басшысы.