Өрлеуге жол ашқан «Өрлеу»
Ұстаздар қауымы алдына мемлекетіміз жай білім беру ғана емес, сонымен қатар өркениет көшінің сүбелі тұсынан орын алып, жол бастауға қабілетті, әрі ұлттық рухта сусындаған білімді, дарынды азаматтар тәрбиелеп шығару міндетін қойып отыр. Білім беру мазмұнының жаңару жағдайында мұғалімнің кәсіби шеберлігін дамыту, біліктілігін арттыру арқылы жоғарғы сапа мен бәсекеге қабілеттілікке қол жеткізе отырып, кәсіби дамуын қамтамасыз ету мәселелері біліктілікті арттыру саласындағы басым бағыт болып отыр. Осыған орай елімізде пән мұғалімдерінің біліктілігін арттыру курстары дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады.
Мемлекеттік тапсырыс аясында “Өрлеу” БАҰО” АҚ филиалы Жамбыл облысы бойынша кәсіби даму институты тренерлерінің сүйемелдеуімен біздің ауданда да білім беру ұйымдары мұғалімдерінің пәнаралық және әдістемелік құзыреттерін жетілдіруді мақсат еткен «Жаһандық құзыреттіліктер» курсы өткізілді. Мектеп бағдарламасына енген бұл курсты жүргізудің тың әдіс-тәсілдерін, мақсат-міндеттерін тереңірек меңгеру –заман талабы. «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Жамбыл облысы бойынша Кәсіби даму институтының тренері Есмырзаева Аманкуль Орынбайқызының жетекшілігімен аудан мектептерінің педагогтері зерттеу дағдыларын дамытып, белсенді оқыту әдістері мен тәсілдерін жетілдіріп, мәселелерді талдау және бағалауды меңгерді. Сабақ барысында ұстаздар рөлдік ойын, топтық жұмыс жасап, сызбаларды, карталарды құру, постер құру, жобалық жұмыс, конкурстар, жарнамалар құрастыру, мәселелік тығырықтан шығу, зерттеу жүргізе білу жөнінде білімдерін жетілдірді.
Біліктілікті арттыру курсы 80 академиялық сағат ұзақтығымен күндізгі және онлайн оқыту түрінде ұйымдастырылды. Интерактивті лекция, семинар, вебинар, практикалық жұмыс, ситуациялық тапсырмаларды талдау және орындау, оқу және қосымша әдебиеттермен жұмыс жасалып, презентация форматындағы курста тыңдаушылардың өзіндік жұмысына көбірек уақыт беріліп, көңіл бөлінді.
Шығармашылық еркіндікте өз ойларын білдіріп, жобалар қорғалды. Практикалық дәріс кезінде ұлт зиялылары әл-Фараби, Абай Құнанбайұлы, Д.Қонаев, Ш.Қалдаяқов туралы ойтолғаулар жасалып, олар туралы тың деректермен бөлістік.
Курс аясында “Жаһандық құзыреттіліктер” факультативтік курсының үлгілік оқу бағдарламасының базалық мазмұнымен танысып, шығармашылық бастамалар, волонтерлік қозғалысы, стартаптар, жобалар, акциялар бойынша ғылыми-зерттеу және тәжірибелік жұмыстарды әзірледік.
«Жаһандық құзыреттіліктер» – білім алушының өмірден өз орнын табуға бағыт-бағдар беретін курс. Өмірлік ұстанымдар мен құзыреттіліктерді меңгерту-ұстаздың басты міндеті. Осы жолда тағы бір белес артта қалды. Пайдалы курс қатысушылардың көңілінен шықты.
Айсұлу Байжолова,
аудандық білім бөлімінің әдіскері.