Ақпараттық портал

Ауданда жаңа медиа орталық ашылды

Ақпараттық технология сәт сайын түрленіп, көз ілеспес жылдамдықпен
дамып жатқанда көштен қалмауға бекінген еліміз де цифрландыру саясатын қолға алғалы қашан?! Бүгінгі таңда қандай оқиға орын алса да, оны сүт пісірім уақыт өтпей-ақ әлеуметтік желіден көретін дәрежеге жеттік. Осындайда айтуға ауыз бармайтын жаман жаңалықтарымыздан гөрі жағымды жаңалықтарымыз жиі жарыққа шығуы үшін медиа саласын жандандырудың маңызы зор.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі медиа саласы өкілдерінің бəсекеге қабілеттілігін арттыру мəселесіне айрықша көңіл бөліп келеді.
«Масс-медиа – елімізді жаңғырту ісіне ерекше ықпал ететін сала. Сондай-ақ билік пен қоғам арасындағы пәрменді байланыс құралы. Ақпарат құралдарында түрлі көзқарастар тоғысады. Оны қоғам тынысының барометрі деуге болады. Осы саладағы өзекті мәселелерді шешу үшін ақпарат саясатын түбегейлі қайта қарау қажет» деп баса айтқан Президентіміз қоғамдағы БАҚ-тың беделін көтеруге бағытталған жұмыстардың жүйелі болуына назарын аударуда.

Соның жарқын дәлелі, аудан әкімдігінің жанынан құрылған “Шу ақпараттық медиа орталығы”. Аталған орталық 2023 жылдың желтоқсан айынан өз жұмысын бастаған болатын. “Жас келсе іске демекші”, осы салаға келген күннен бастап білек сыбана кірісіп кеткен, айналасы 3-4 айдың ішінде жұмысының нәтижесі көзге көрініп жатқан “Шу ақпараттық медиа орталығына” Тоқмолдаева Меруерт Жолдасқызы жетекшілік етеді.
Мемлекеттік мекеме қызметінің мәні – Республикалық БАҚ пен интернет ресурстарда әкімдік жайлы шыққан ақпараттарға тұрақты мониторинг жүргізу, қорытындысы бойынша тиісті ұсыныстар әзірлеу, әлеуметтік желілердің жұмысын жүргізу және оны дамыту, әкімдік және аудан имиджін көтеруге бағытталган роликтер мен инфографикалар, баннерлер әзірлеу, ай сайын медиа-жоспар дайындау, баспасөз парақтарын жүргізу. Сондай-ақ, әлеуметтік парақшаға келіп түскен сұрақтарға жауап беру және Шу ауданы жайлы медиа ресурстардағы ақпараттардың мазмұнын сараптау болып табылады.
Өз жұмысын келген күннен-ақ шегелеп алған орталық қызметкерлері көз майын тауысып, өңірдегі орын тепкен округтардың әлеуметтік парақшаларын жүргізуіне зерделеу жұмыстарын жасап, ауданда қандай да бір жаңалық орын алса, бел ортасынан табылып, әлеуметтік желіге уақытылы әрі сапалы жүктелуіне барын салып келеді. Ақпараттық технологияның сан қырлы сиқырын игеріп, халықтың қызығушылығын өзіне қарай бұруға еңбек етіп жатқан орталық қызметке кіріскен күннен бастап әлеуметтік желідегі округтардың парақшаларын бүге-шігесіне дейін барлап, төрт ай бақылаудың нәтижесінде арнайы мониторинг құрып, жүйелі жұмыстың қырларымен жан-жақты таныстырды. Тек округтардағы әкімдіктердің парақшаларына ғана емес, аудан әкімдігіне қарасты бөлімдер мен мекемелердің де желідегі жұмысының сапасын бақылады.
Осыған орай, аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков, аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев, ауылдық округ әкімдері, бөлім және мекеме басшылары, БАҚ өкілдерінің қатысуымен “БАҚ-та жарияланған сыни мақалалардың мониторингі” атты жиын өтті.
Шу ақпараттық медиа орталығының директоры Меруерт Жолдасқызы әр мекемедегі парақшаның жүргізілуіндегі әлеуметтік желіге келіп түскен өтініштерді қабылдау, тұрғындардан, тұрғын үй коммуналдық қызметтерді тұтынушыларынан келіп түскен арыздарды өңдеу, олардың дереу шешілуін қамтамасыз ету және тұрғындарымен кері байланысты орнату мәселелеріне баса назар аударды. Бұған қоса төтенше жағдайлар, дағдарыс және штаттан тыс жағдайлар кезінде азаматтарды ескерту жүйесінің жұмыс істеуін (оның ішінде желдің күшеюі, көк тайғақ, жаңбыр, оқу орындарында сабақтардың болмауы туралы, кептеліс, автобустардың жүру бағыттарын өзгерту, электр қуатын өшіру және т.б.) назарға алды. Сондай-ақ, өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйелерінің апаттық тоқтатылуымен байланысты төтенше жағдайларға, тұлғалар жасаған құқық бұзушылықтар туралы тұрғындарды ақпараттандырып және жауаптарын беруіне де баса мән берді. Ең бастысы, парақшаларды дамытуға арналған іс-шараларды әлеуметтік желілерде жария етудің жүйелілігіне жіті бақылау жасады.
Осы көрсеткіштерге байланысты оқырман саны 1000-нан асқан ауылдық округтер Шеринг салуға міндеттелетінін атап өтті. Мұндағы “шеринг” терминінің қазақша мағынасы бөлісу, яғни өнірлік комуникациялар қызметі жіберген ақпараттарды өздерінің парақшаларында бөлісіп, сілтемелерін жауапты қызметкерлерге жолдау екендігін түсіндірді.
Шеринг салатын ауылдық округтер фейсбук желісі бойынша Шу қаласы, Төле би, Өндіріс, Қорағаты, Көкқайнар, Жаңақоғам, Ескі-Шу, Жаңа жол, Дулат, Бірлікүстем, Балуан Шолақ ауылдық округтерінің парақшалары екендігін, ал инстаграм желісі бойынша Шу қаласы, Төле би, Балуан Шолақ ауылдық округтерінің парақшалары екенін тілге тиек етті.
2024 жылғы Наурызнама бойынша іс-шаралар өткізбеген және толық емес ақпарат орналастырған ауылдық округтерді де жіпке тізбектеп атап өтті. Соның ішінде Алға ауылдық округі мүлдем тапсырмалар өткізбегенін, мониторинг жұмыстары кезінде ғана бірнеше тапсырмалар салынғанын, соның өзінде кері байланыс орната алмағандығын айтты. Әрі Алға ауылдық округінің фейсбук желісі жабық күйде, яғни достық қабылдамайтынын, жалпы ауылдық округтердің парақшалары фейсбук, инстаграм желісі бойынша ашық болуы міндетті екендігін тапсырды. Ал, Тасөткел ауылдық округінің ресми парақшасы Наурызнаманың онкүндігі бойынша “Шаңырақ күнімен” ғана шектелгенін, Жаңақоғам ауылдық округінің парақшасы онкүндік бойынша толық жұмыстар жүргізбегенін, Шоқпар ауылдық округі парақшасында Наурызнама бойынша фейсбук желісінен жіберген сілтемелері жалған екендігін айтып, кеткен олқылықтардың орнын толтыруды тапсырды.
Баяндама соңында әлеуметтік желі бойынша тапсырмаларды үлкен жауапкершілікпен әрі уақытылы өткізіп отыратын Шу қаласы, Төле би, Көкқайнар, Қорағаты, Ескі-Шу ауылдық округтеріне алғыс айтып, көш соңында қалғандарға солардан үлгі алу керектігін үндеді.
Дәл сол күні салтанатты шара орын алып, аудан әкімдігінде “Шу ақпараттық медиа орталығы” кабинетінің ашылуы өтті. Қызыл лентаны аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов пен аудандық мәслихат депутаты, ҚР Журналистер одағының мүшесі Жұмахан Чекаев қиып, аталған орталыққа ақ батасын берді. Жасалған жұмыстардың нәтижесіне қарап, «Шу ақпараттық медиа орталығының» аяқ алысы жақсы екеніне көз жеткіздік және алдағы уақытта осы бағыттан танбай, ауданның өркендеуіне сүбелі үлес қосатынына біз де сенім білдірдік.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.